Тартылған инвестиция 257 миллиард теңгені құрап, 106,1 пайызға артқан. Облыста 12 мың жаңа жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық көрсеткіші 4,8 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Нәтижесінде жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша былтыр 15 мың адам тұрақты жұмыс тапқан. Ал орташа айлық жалақы 110 мың теңгені құрапты. 2017 жылы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 80 пайызға жетіп (еліміз бойынша 4-орын), өңірлік жалпы өнім көлемі 17 пайызға өскен. Степногор подшипник зауыты, «Алтынтау Көкшетау» ЖШС, «Қазақалтын» концерні, «ЕНКИ» кірпіш зауыты және өзге де кәсіпорындар ақмолалық индустрияны алға сүйреуші локомотивке айналып отыр. Мысалы, «КамАЗ-Инжиниринг» АҚ жүк және өзге де арнайы техниканың 900 данасын шығарып, 40 пайыздық өсім көрсетсе, осыдан 3 жыл бұрын Целиноград ауданында ашылған «Sky Express Elevator KZ» ЖШС-нің 77 лифт және 8 эскалатор шығарғаны да әкім есебінде көрініс тапты. Және де «КАИК» ЖШС мемлекеттік қолдаудың арқасында тіркемелі техника мен аспалы құрал-жабдықтарды шығаруды қолға алған. Елбасының АҚШ-қа сапары нәтижесінде «Amity» тұқым себу кешенін құрастыру лицензиясына қол қойылып, құны 1,5 миллион доллар болатын алғашқы 12 данасы үстіміздегі жылдың наурызында шығады деп күтілуде. Сонымен бірге «Ростсельмаш» компаниясымен «Buhler» маркалы ауыр тракторларды құрастыру үшін лицензиялық келісімге қол қойылады деп күтілуде. Беларусь елімен бірлесіп биыл 1800 дана техника құрастыру жоспарланып отыр. Бұдан басқа Көкшетау қаласындағы «Eurasian Group Kazakhstan» ЖШС базасында John Deer комбайндарын жинау да көзделген.
Индустрияландыру картасына сәйкес өткен жылы құны 95 миллиард теңге болатын 7 жоба жүзеге асырылып, жаңадан 1119 жұмыс орны құрылғанын облыс әкімі ерекше атап көрсетті. Жеке инвестордың 63 миллиард теңге салуы есебінен жылына 2 миллион тонна цемент шығаратын ірі зауыт та іске қосылған. Бұдан басқа, өңірде жалпы алғанда қуаты жылына 4 тонна болатын үш алтын өндіру зауыты салынады. Мемлекеттік инновациялық грант (60 миллион теңге) арқылы «BIOTRON GROUP» ЖШС ауыл шаруашылығы малдарына арналған вакцина шығара бастады. Жоба Степногор қаласында биотехнология кластерін құрудың алғашқы қадамы саналады. Сондай-ақ қайта өңдеу секторын әрі қарай дамыту мақсатында Индустрияландыру картасына сәйкес құны 500 миллиард теңге болатын 10 жоба жүзеге асырылуда. Оның алтауын аяқтау биыл жоспарланған. Баламалы қуат көзіне қатысты айтар болсақ, әкім қазір жұмыс істеп тұрған Ерейментау ауданындағы жел электр стансасы (45 МегаВатт) мен Целиноград ауданындағы желден қуат алатын құрылғыны (750 Квт/сағат) ерекше атап кетті. 2017 жылы облыстағы 3,5 мың агроқұрылымға 38 миллиард теңге мемлекеттік қолдау көрсетілуінің арқасында ауа райының қолайсыздығына қарамай жоғары сапалы 5,1 миллион тонна астық жиналды. М.Мырзалин қазіргі кезде тиімді пайдаланылмай жатқан жерлерге ғарыштық мониторинг жасалатынын, соның нәтижесі бойынша ол жерлер алынып, жақсы жұмыс нәтижесін көрсеткен шаруаларға үлестірілетінін айтты. Қазіргі таңда облыста 35 ауыл шаруашылық кооперативі құрылса, тағы 28-і ұйымдастырылатыны аталды.
2017 жылы азық-түлік өнімін өндіру 13 пайызға артып, 80 миллиард теңгеге жеткен. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны айтарлықтай өскендігі ерекше аталды. Соның нәтижесінде қосымша 6 мың жұмыс орны құрылып, бюджетке түсетін салық көлемі айтарлықтай ұлғайған. Мынадай бір жайтты да айта кеткен жөн. Зеренді ауданының тұрғыны Андрей Рыманов өз қаржысына спорттық-сауықтыру орталығын салуды ойластырғандығын айтып, облыс әкіміне осы ұсынысымен шыққан көрінеді. Өйткені жергілікті әкімдік жер телімін беруді қажет деп таппаған. М.Мырзалин аудан әкіміне бұл мәселені шешуді жүктей отырып, өңірде өз қаржысына әлеуметтік және өзге де тұрғындарға қажетті нысандарды салушыларға қолдау көрсетілуі қажеттігін қатаң ескертті. Өйткені Елбасының өзі облыс әкімдерінен осыны талап етіп отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 2017 жылы 426 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, бұл 3640 отбасы өздерінің баспана мәселесін жақсартып алғандығын көрсетеді. Сонымен қатар 11 ауылдық елді мекенде 241 шақырым болатын су құбыры тартылыпты. Бүгінгі таңда елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету 59 пайызға ғана шешімін тапқан. Сондықтан да биыл 14 ауылға су жеткізу құбырларын тарту көзделсе, тағы 19-нда жобалау-сметалық құжатын әзірлеу қолға алынған. Өңір тұрғындары үшін тағы бір жақсы жаңалық, «Global Gas Group» ЖШС Ақмола облысына көгілдір отын жеткізу жобасы бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Алғашқы кезеңде облыс орталығын қосқанда жеті аудан, соның ішінде Бурабай кенті газбен қамтамасыз етілмек. Өткен жылы облыста 630 шақырым жол жөнделсе, соның 236 шақырымы жергілікті жолдар саналады. Бұл орайда «Щучье-Зеренді» тас жолы және Көкшетау қаласына кіреберіс жол (4 жолақты) кеңейтіледі деп күтілуде. Сонымен қатар Ақкөл, Атбасар, Бұланды, Есіл, Ерейментау, Жарқайың, Зеренді және Сандықтау аудандарында кентаралық жолдар да жөнделетін болады.
Бүгінде білім беру процесінде 515 мектеп ақпаратты-коммуникативтік технологияларды қолданады. Облыстағы барша мектептер Интернет желісіне және «Bilim Land» инновациялық білім беру платформасына қосылған. Мектептерді мультимедиялық және жаңа радиотехникалық кабинеттермен жарақтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай мұғалімдердің жалақысы 30 пайызға өскені ерекше аталды. Ал 2018 жылы 12 жаңа нысан салынса, тағы 15-і күрделі жөндеуден өткізілетін болады. Өткен жылы облысқа 384 медицина қызметкері келсе, солардың 140-ы дәрігер. Олардың 61-іне облыс орталығынан пәтер бөлініпті. Әкім Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті базасында 150 орындық медицина факультетін ашу мәселесінің қарастырылып жатқандығымен де бөлісе кетті. Щучье-Бурабай курортты аймағын дамытудың үшінші кезеңіне сәйкес 60 миллиард теңге игеріліп жатқандығын айтқан М.Мырзалин биыл Щучье қаласы мен Бурабай кентінде инженерлік желілер мен жол салынатындығын жеткізді. Мәселен, Үлкен Чебачье көлі жағасында 233 гектарлық аумақта жаңа курортты аймақ салынады. Ал Бурабай кентінің өзінде 14 гектар жерге мешіт, автотұрақ және тұрғын үйлері бар кешен бой көтереді деп күтілуде. Тағы бір жағымды жаңалық, «Rixos» қонақүйі маңында жалпы аумағы 370 гектарға премиум-класты курортты аймақ пайда болады. Әкім сонымен қатар Көкшетау қаласына да тоқталып өтті. Атап айтқанда, қала айналасын жасыл желекке айналдыру мақсатында 1292 гектар аумаққа тал отырғызу басталатындығын жеткізді. Қала орталығындағы Қопа өзеніне балық жіберіліп, жағажай айтарлықтай өзгеріске ұшырайтындығы да айтылды. 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында 4,4 миллиард теңгеге 115 іс-шара жүзеге асырылған.
Сөзінің соңында өңір басшысы еліміздің бағдарламалық құжаттарын жүзеге асыру мемлекет пен жеке бизнестің бірлесе әрекет етуінің арқасында жүзеге асырылатындығын ерекше атады. Ешкім одан сырт қалмауы тиіс.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы