Өйткені бояудан ой іздейтін суретші әр шығармасында көрерменін пікірталасқа тартатын секілді. Расында, солай. Георгий Михайлович түрлі жанрда, түрлі техникамен жұмыс істейді. Бұл жолғы көрмесін ол «Ұлы есімдер – 2» деп атапты. Оған суретші 2009 – 2017 жылдар аралығында аралас техникамен орындаған 34 туындысын ұсынды. Бұл жолғы ілінген туындылар суретшінің 2015 жылы «Ұлы есімдер» атты атпен жасаған көрмесінің жалғасы болып табылады. Көп оқитын, өнердің әр саласын жетік білетін және ақындықтан да құралақан емес суретші, музыка және әдебиеттегі ұлы есімдердің шығармаларынан түйгенін қылқалам арқылы қағазға түсіреді. Сол арқылы өнер мен әдебиет әлеміндегі ұлы есімдерге тағзым етеді. Суретші оқыған кітаптары және өмірбаяндардан, сүйікті картиналары мен музыкалық шығармалардан алған әсерінің негізінде әлемдік мәдениеттегі данышпан тұлғаларды өз қиял көрінісінде бейнелейді.
Жаңа графикалық сериясында Георгий Михайлович қазақтың кемеңгер ақыны Абайдың, орыс ақындары Марина Цветаева, Анна Ахматова мен Николай Гумилев, француз ақыны Шарль Бодлер, венгер композиторы Ференц Лист, нидерландық суретші Ван Гог, орыс композиторлары Сергей Прокофьев, Игорь Стравинский және әлемдік танымал басқа да ұлы тұлғалардың шығармаларынан түйгенін қағаз бен бояу арқылы көрерменіне ұсынады.
– Менің бүкіл айтарым көрмеде ілінген шығармаларымда. Ал менің ойым көрермен пікірімен сәйкес келуі міндетті емес, мен тек көрерменімді ойға тарттым. Мысалы, Абайдың «Қара сөздеріндегі», Александр Куприннің «Паганинидің скрипкасы» әңгімесіндегі айтылған ойларды, Мая Плисецкаяның бимен жасаған Кармэн образын қалай түсінуі әркімнің өз еркінде. Әркім олардан өзінің ішкі қалауын көрмек, – дейді Георгий Михайлович.
Суретшінің пікірінше, ұлы адамдар мәңгі өмір сүреді, олардың ойы мен жасаған ісі кейінгінің рухани азығы.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ