Олардың тұтқыннан қашып шығып келе жатқан беті екен. Біріншісі – еңгезердей, тау тұлғалы жігіт те, екіншісі – шынашақтай көзінен от шашқан біреу екен. Бөгенбай батыр, шынашақтай сарбаздан: «Ойраттың тұтқынында қанша уақыт болдың?» деп сұрапты. Анау: «Екі ай тұтқында болдым», депті. Бөкең батыр: «Мына жігіттің қолына қылыш ұстатып, жау шебін бұзатын маңдай қосынға жіберіңдер!» депті. Еңгезердей батыр жігіттен: «Ал, сен тұтқында қанша болдың?» деп сұрайды. Анау: «Үш жыл жаттым» депті. «Онда мынаның қолына құрық беріп, жылқы бағуға жіберіңдер!» депті Бөкең.
Оқиғаға куә болып отырған басқа батырлар: «Бөке, әне біреу шынашақтай тапалды жортуылшы қосынға жібердіңіз де тау тұлғалы батыр жігітке жылқы бақтырып қойдыңыз, бұл әділдік пе?» деп сұрайды. Бөкең жарықтық: «Анау шынашақтай жігіт тұтқында екі-ақ ай болыпты, әлі рухы сынбаған екен. Қалмақтардан таяқ жеп, өшпенділігі бетіне шыққан, нағыз зор күйінде тұр. Сол себепті таңдаулы қосынға жібердім. Қалмақ көрінсе қасқырдай шабайын деп тұр. Ал тау тұлғалы батырларың үш жыл тұтқында жатыпты, қалмақтан әбден таяқ жеген, рухы сынып, құлдық өтіп кетіпті. Көзіне қалмақ көрінсе жата кетейін деп тұр. Сондықтан оған жылқы баққаннан басқа жұмыс жоқ», депті.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»