Мәдениеттердің диалогы – тек аударма арқылы жүзеге асатын құбылыс. Ал нақты көркем аударма туралы айтсақ, ол болмаса: әлем Шекспирді, Диккенсті, Пушкинді, Толстойды, Чеховты, Абайды, Әуезовті, Соқпақбаевты, Айтматовты, Коэльоны таныр ма, танымас па еді?!. Өкінішке қарай, қазір аударманың өнер дәрежесіндегі маңыздылығы төмендеп кетті. Аз оқып, білімге ұмтылу жоқ. Жалпы ұлттың білім деңгейі қай шамада деген сұрақты төтесінен қоюдың өзіне жүрексініп қалдық. Себебі, түсінікті... Сол себепті де аудармашылардың жұмысы бүгінгі күні тек ресми қағаздардың төңірегі болып қалды.
Көркем аударма – тәржіманың ең қиын түрі. Ол тек қана екі тілді жетік білуді ғана талап етіп қоймайды, сонымен қоса соавтор бола алатын дәрежедегі жазушылық қабілет, түйсік керек. Аудармада тек мағынасын жеткізіп қана қоймай, рухын, даусын, сезімін, автор ұстанымын да ұстай алу маңызды. Қанша өз ісінің маманы болса да, кез келген жақсы аудармашы көркем шығарманы қотара алмайды. Ал керісінше, көркем аударманың шебері қандай техникалық мәтінді аударса да сауатты істейді.
Озық тәржіма – қайта жазылған кітап деп тегін айтылмаған. Қарапайым, көркем аудармаға жатқызуға болмайтын сөзбе-сөз аударманың өзі – ауыр, машақатты жұмыс. М.Шахановтың, Ш.Айтматовтың, өзімнің әкемнің кітаптарын аударғанда шығарманың әр бетін қайта-қайта қараумен, тексерумен болдық. Бұл әйгілі қаламгерлер өздері де аудармаға мұқият қарап, ынта-шынталарымен ықылас қойды. Нағыз шығармашылық жұмыс деп сол кезді айта аламын. Алдымен менің аудармаларым үлкен конкурста жеңіп шығып, содан кейін осы қаламгерлердің шығармаларын тәржіма жасау маған бұйырғанын мақтанып та айта аламын. Аударма екі жаққа да ұнады. Аудармаға бар көңілін қоятын тағы бір жазушы бар. «Жалын» баспасында қызмет етіп жүрген кезімде маған қадірлі жазушымыз Әбді-Жәмил Нұрпейіс хабарласты (Директор Қ. Найманбаевтың айтуымен). Г.Бельгер ол кісінің ұзақ уақыт жеке аудармашысы болғаны көпке мәлім. Әбекең мені үйіне шақырды. Кабинетіне кіріп, жайғасқан соң, «Қан мен тер» романының жаңа жазылған жалғасының бірнеше бетін аударуымды сұрады. Ол кезде Г.Бельгер жеке шығармашылығынан қолы тимей, Әбекеңе жұмысты жалғастыру үшін жаңа аудармашы қажет болыпты. Бірнеше сағат отырып аударған беттерді Әбекең мұқият оқыды, ұнатты. Өзінің аудармашысы болуымды сұрады. Өкінішке қарай, мен бас тарттым, өйткені ол кезде (кеңес заманында) тұрақты, ресми жұмысыңды тастау ыңғайсыз көрінетін. Аудармамен қазір де шұғылданамын, бірақ шығармашылық ләззатты өте сирек сеземін. Жазушы аш кезінде жазу керек деп жатады ғой. Бірақ біздің осы заманымыз тақырыпқа бай, неге үлкен шығармалар жазылмай жатыр, білмеймін...
Самал СОҚПАҚБАЕВА,
аудармашы