Қ.Тоқаев өз сөзінде исламның ізгі бастауларын жоққа шығаратын, бейбітсүйгіштіктен, толеранттықтан, діни төзімділіктен бас тартатын қауіпті күштердің бой көтере бастағанын айта келіп, жихад идеяларын насихаттайтын, экстремизм мен терроризмді көксейтін радикалды топтар баршаны алаңдатып отырғанын атап өтті. «Олар мұсылмандардың барлық тарихи кезеңдерде барша дін өкілдерімен диалогқа дайын болғандығын және ешкімге зиян келтірмегенін естен шығарған. Ислам әлемінің оқшауланып, дамуын тежеуге итермелеуде», - деді Сенат Төрағасы.
Қ. Тоқаев мұсылман ғұламалары қасиетті Құрандағы ұлағатты сөздерді күмәнді уағыздаушылар ұсынып жүрген жалған түсініктерге қарсы қою керектігін айтты. Исламның іргелі қағидаттарына тоқтала келіп, Сенат Төрағасы Президент Н. Назарбаевтың мұсылман әлемінің саясаткерлері мен ғалымдарын «Исламның болмысын бейбітшілік пен мейірімділіктің, төзімділік пен әділеттіліктің діні ретінде қалыптастыруға бірге күш салуға» шақырған сөздерін еске салды.
Парламент жоғарғы Палатасының басшысы Ислам ілімі салт-дәстүрлерге деген құрметпен және Отанға деген сүйіспеншілікпен ұштаса отырып, қоғамымызды рухани жаңарту идеясымен толық үндесетінін айтты.
Қ.Тоқаевтың сөзінде прогресс пен даму жолында мұсылман әлемінің бірігуіне бағытталған Қазақстанның күш-жігері атап өтілді. Біздің еліміз көптеген ислам елдерін энергетика және экологиялық үздік технология саласындағы озық тәжірибені алмасуға арналған алаң болған «ЭКСПО-2017» көрмесіне тарта алды.
Қ.Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы, ислам банкингі мен исламдық қаржыландыру қызметі секілді бағыттардың келешегі зор деп санайды. Бұл тетіктер әлемдік қаржыны сауықтыруға және кедейлік пен несие ресурстарына қол жетпеу мәселелерін шешуге елеулі үлес қоса алар еді.
Сенат Төрағасы Астанада өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммитінде ислам әлеміндегі ғылыми-экономикалық мәні зор мәселелерді шешу мақсатында G-20 үлгісінде ИЫҰ-15-ті, яғни Ислам ынтымақтастығы ұйымының жетекші 15 елін біріктіретін ресми емес қоғамдастықты құру туралы айтылған Қазақстан Президентінің маңызды бастамасын еске салды.
Қ.Тоқаевтың пікірінше, Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезі жылдың маңызды оқиғасы болады. «Бұл форум туралы бастама көтере отырып Президент Нұрсұлтан Назарбаев бейбітшілік, қауіпсіздік және әділеттілік саясатын ілгерілету әдістері туралы түсініктерді кеңейте түсті. Діни көшбасшылардың съездері мойындалған үнқатысу алаңдарына айналды, бұл форумға көптеген мемлекеттердің басшылары да, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың жетекшілері де қатысты», - деді Төраға.
«Қазақстанның өркендеген Исламды дамыту аумағына айналуына барлық мүмкіндігі бар, - деп атап өтті Қ. Тоқаев. – Біз прогресс пен әділеттілік, сенім мен адамгершілік құндылықтарын құрметтеу, басқа наным-сенімдердің өкілдерімен толеранттық пен тату көршілік қағидаларымен қоғам құруда бүкіл әлемге лайықты үлгі көрсете аламыз».
Сөзін аяқтай келіп, Сенат Төрағасы Еуразия ғұламалары форумы Исламның ізгі дәстүрлерін қайта түлету мақсатында барлық елдердің мұсылмандарының арасында ашық үнқатысудың, радикализм мен экстремизмге қарсы миллиондаған ғұламалардың бірлесуінің бастауы болатынына сенім білдірді.