Қазақстан • 06 Наурыз, 2018

А.Бақтыгереева: Жастардың көңілін өсірді

480 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасымыздың «Пре­зи­денттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін тікелей эфирден тыңдадым. Кейін қағазға шығарып алып оқыдым. Алған әсерім, аузыма алғаш келген сөз – «Жастар болашаққа сеніммен қарайтын болды ғой» еді.

 

А.Бақтыгереева: Жастардың көңілін өсірді

Парламент палаталарының бірлескен отырысында жа­рия­лаған Үндеуінде Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев тұтас еліміз­дің әлеуметтік жағдайын жақ­сар­татын ең маңызды жайттарға тоқ­талды. Соның ішінде басым бағыт, негізгі қолдау – ел ертеңі саналатын жастарға бағытталды.

Өзіңіз ойлап қараңыз, тұр­ғын үй несиесін бұрынғыдан да қолжетімді ету – ең алдымен, жас ұрпақтың қамы. Мектеп бітіріп, мамандық алып, үлкен өмірге араласқан жастардың алдынан шығатын ең үлкен асқар – осы баспана жайы емес пе? Қазақтың қаншама талантты ақыны осы баспана жырын жырлап өтті. Құдайға шүкір, соңғы жылдары елімізде құрылыс саласы өркендеп, талай адам үйлі болып жатыр. Ал Елбасының жаңа тапсырмасы бұл үрдісті – жастарды тұрғын үймен қамту ісін бұрынғыдан да жылдамдата түсетіні анық. Мен осыған қуандым.

Елбасы көтерген өзге бастамалар да жастарға тікелей қатысты. Мысалы жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студенттердің жатақхана жағдайын жақсарту деген керемет емес пе? Жас кезінен кісі есігін жағаламай, заманауи жатақханада алаңсыз білім алған студенттің жан-жақты маман болуына жол ашылады. Жаңадан қосылатын 20 мың мемлекеттік грант та білімге қол созған талапшыл жастың қолтығынан демеу болатын үлкен іс. Кәсіппен айналысамын деген жандарға да мемлекет тарапынан берілетін шағын несиенің мөлшері өлшеусіз көбейгелі тұр. Осы игіліктің бәрі Қазақстан жастарының алдында жаңа бір асу, сенімді серпін тұрғанын көрсеткендей.

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,

ақын, «Құрмет» орденінің иегері

ОРАЛ