Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Үндеуінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұтас еліміздің әлеуметтік жағдайын жақсартатын ең маңызды жайттарға тоқталды. Соның ішінде басым бағыт, негізгі қолдау – ел ертеңі саналатын жастарға бағытталды.
Өзіңіз ойлап қараңыз, тұрғын үй несиесін бұрынғыдан да қолжетімді ету – ең алдымен, жас ұрпақтың қамы. Мектеп бітіріп, мамандық алып, үлкен өмірге араласқан жастардың алдынан шығатын ең үлкен асқар – осы баспана жайы емес пе? Қазақтың қаншама талантты ақыны осы баспана жырын жырлап өтті. Құдайға шүкір, соңғы жылдары елімізде құрылыс саласы өркендеп, талай адам үйлі болып жатыр. Ал Елбасының жаңа тапсырмасы бұл үрдісті – жастарды тұрғын үймен қамту ісін бұрынғыдан да жылдамдата түсетіні анық. Мен осыған қуандым.
Елбасы көтерген өзге бастамалар да жастарға тікелей қатысты. Мысалы жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студенттердің жатақхана жағдайын жақсарту деген керемет емес пе? Жас кезінен кісі есігін жағаламай, заманауи жатақханада алаңсыз білім алған студенттің жан-жақты маман болуына жол ашылады. Жаңадан қосылатын 20 мың мемлекеттік грант та білімге қол созған талапшыл жастың қолтығынан демеу болатын үлкен іс. Кәсіппен айналысамын деген жандарға да мемлекет тарапынан берілетін шағын несиенің мөлшері өлшеусіз көбейгелі тұр. Осы игіліктің бәрі Қазақстан жастарының алдында жаңа бір асу, сенімді серпін тұрғанын көрсеткендей.
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,
ақын, «Құрмет» орденінің иегері
ОРАЛ