Баламен жиі сөйлесіп, құрбысындай ойын ашық айтуға үйрету керек дейміз. Бірақ әр баланың әңгімесін тыңдап, оған ақылын айтып отыруға ата-аналар уақыт таба бермейді. Үйде бала тәрбиесін өз мойнына алған ата-әже болса бір жөн. Бірақ бүгінде көпшіліктің осы ата-әже деген дәрежені иеленген аға ұрпаққа да айтар назы бар. Немере бағудың белгіленген ережесі жоқ. Баланы былай тәрбиелеу керек деп нақты бір бағытты нұсқауға да болмас. Өйткені әр баланың қалауы басқа, жан-дүниесі бөлек. Әр бүлдіршіннің өмірге өзіндік көзқарасы бар.
Қазіргі кезде тәрбиенің үздік үлгісі ретінде жапондардың бала тәрбиесі көбірек айтылады. Иә, жапон отбасында ұлдың да, қыздың да тазалыққа жақын жинақы, тәртіпті болуы үшін ата-анасы көп еңбек етеді. Біреудің ала жібін аттамауға үндейтін ұлттық даналық, істі дер кезінде атқаруға жетелейтін тиянақтылық, отбасы және қоғам алдындағы жауапкершілік жапон баласының санасына жарық дүние есігін ашқан сәттен бастап құйылады десек артық емес.
Соңғы жылдары қазақ қоғамында жасөспірімдердің ғана емес, бастауыштағы балалардың да күйзеліске жиі ұшырайтыны туралы мәселелер көтеріліп жүр. Мамандар мұның себебі балалардың дұрыс тамақтанбауы салдарынан ағзада қоректік заттар жетпегендіктен деп түсіндірсе, сарапшылардың бір тобы отбасы жағдайымен және әлеуметтік мәселелермен байланыстырады. Бұған ата-ананың баламен жиі әңгімелеспеуін, яғни ұл-қызының пікіріне құлақ аспауын да қосуға болады. Ғалымдар баланың ой-жүйесі дұрыс жетілу үшін отбасындағы үлкендер оны материалдық тұрғыда қамтамасыз етіп, «басқасын өзі біледі» деп қоя салмай, ұдайы пікірін біліп, әртүрлі мәселелер төңірегінде сөйлесіп отырған абзал дейді. Өйткені әрбір жас өскіннің белгілі бір нәрсеге қатысты өзіндік ойы болады. Ересектер болса «жас қой» деп, ұл-қызының айтқанына көп жағдайда көңіл бөлмейді.
Уэйтли деген данышпан «Баланың болашағын қамтамасыз етті деп, оған мол дүние-мүлікті мұра ғып қалдырған адамды емес, еңбекқорлықты бойына сіңіре білген жанды айтса керек», деген екен.
Балалар күйзеліске, күрделі психологиялық шиеленісті жағдайға тап болмауы үшін мамандар ата-аналарға алуан түрлі кеңес ұсынады. Жуырда ЮНИСЕФ Балалар қорының ұйымдастыруымен Алматы қаласында жасөспірімдердің психикалық денсаулығына қатысты халықаралық жиын өтті. Жиынға қатысқан педагогтар мен денсаулық сақтау мекемелерінің өкілдері жасөспірімдер арасында кездесетін өмірден түңілу тәрізді қауіпті жайттардың алдын алу мәселесін талқылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлемде жыл сайын жасөспірімдердің 10 пайызы психологиялық күйзеліс салдарынан өз денсаулығына зақым жасайды екен. Шамамен 67 мың бала соның салдарынан өмірмен қоштасады деген жантүршігерлік ақпараттар бар.
Өмірден түңілу факторларына тек кедейшілікті кінәлауға болмайды. Әлемдегі аса бай мемлекеттерде 11-15 жас аралығындағы әр төртінші баланың апта сайын жүйкесі сыр беру, әлсіздік, ұйқысыздық сияқты жағдайларға душар болатыны анықталған. Осындай психологиялық күйзеліс нәтижесінде орын алатын өзіне өзі қол жұмсау факторларының алдын алу мақсатында Қазақстан Үкіметі ЮНИСЕФ-пен бірігіп, тиісті бағдарламаларды қолға алуда. Республика Үкіметінің жасөспірімдердің психикалық денсаулығы мен өмірлік дағдыларын қалыптастыру, өзіне өзі қол жұмсау факторларының алдын алуға бағытталған жобалары бірнеше облыста жүзеге асырыла бастады. Мектеп психологтары да балалардың жаман ойдан арылуына көптеп үлес қосуда. Бірақ балаға сырттай ықпал емес, отбасының ішкі ықпалы маңызды екенін естен шығармайық.
«Bilim Foundation» қорының басшысы Е.Айтмұхамбетовтің айтуынша, республикада суицидті бастапқы деңгейде анықтайтын ерекше жоба қолға алынған. Иә, ұлт тағдыры әр баланың тағдырынан басталады. ЮНИСЕФ Балалар қорының Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитный «Жасөспірімдердің психикалық денсаулығын нығайтуға жаңа тәсілдерді енгізу арқылы Қазақстан психикалық денсаулықтың жаһандық білім жүйесіне өлшеусіз үлес қосуда», деді. Дүниежүзілік психиатриялық ұйым, Еуропалық психиатриялық ұйым өкілдері де балалардың санасындағы ауытқушылықтарды болдырмаудың амалдарымен бөлісті.
Шетелдік сарапшылар баланың психикалық жай-күйінің қалыпты деңгейден ауытқу факторларына мынаны қосады: тым бұйығы болу, ызақорлық, шектен тыс қорқақтық, бағынбастай бұзық болу, көңіл-күй құбылмалығы, басқа балаларға қосылмай бөлек жүру, ойынға қызықпау, түнде ұйықтай алмау. Сондай-ақ үнемі шаршап жүру, өзін өзі жек көру, басқалар оны жек көреді деген ойдан арылмау, құлағына түрлі дыбыстардың естілуі сияқты факторлар бала психикасы өте қауіпті жағдайда екенінен хабар береді. Жасөспірімдер арасында кездесетін тамақсаулық – басқаны ойламай, есіл-дерті тамаққа ауып тұратын қомағайлық ауруы да психикалық жай-күйінің жақсы еместігін танытады.
Жасөспірім баланың мінез-құлқындағы ауытқушылықты өтпелі кезеңге ғана телу дұрыс емес. 13-15 жас аралығындағы жеткіншектердің айналасына селқос қарайтын апатиялық күйі, ойын жинақтай алмауы, тәбетінің бұзылуы, жүрек, асқазан ауруларының жиі мазалауы, ұмытшақтық, маңызды мәселелерге де селқос қарау, өз іс-әрекетіне жауап бермеу, түнде ұйықтай алмау, жалғыздыққа ұмтылу, темекі, арақ сияқты нәрселерге әуестік тәрізді жайттар байқалса, бұл баланың қауіпті жағдайда тұрғандығын білдіреді.
Бала тәрбиесін толығымен мектепке ысырып тастап, одан қалса, бала күтушісі мен мектеп психологына жаба салу, бар мәселені сынып жетекшісінің мойнына іліп, өзін ұрпағын материалдық жағынан қамтамасыз етуші деп қана білетін ата-аналар саны соңғы жиырма бес жылда көбейгені рас. Қазіргі таңда оқушының мінез-құлқында, қимыл-әрекетінде түсініксіз өзгерістер байқалса, мектеп психологына жүгіну үрдісі белең алған. Алайда баланың адам болып қалыптасуынан бастап ол алатын тәрбие ең алдымен ата-анасына, отбасына қатысты екенін ұмытпаған абзал. Мектеп психологы, ұстаздар бала тәрбиесінде қосалқы рөл атқарады, тәрбие тетігі ата-ананың қолында болуы тиіс. Баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге де ата-ана жауапты. Егер жасөспірім өзіне немесе төңірегіне қандай да бір зиян тигізсе ең алдымен ол білім алатын мектеп емес, ата-ана жауапты екенін ескеру керек. Психолог немесе басқа да мамандар баланың бойындағы үрейді уақытша сейілтіп, ол бейімделе бастаған жаман әдеттен уақытша арылтуы мүмкін. Бірақ бала бойындағы, ой-жүйесіндегі өзгерістерді сырттағы маман емес, алдымен өзінің туған ата-анасы байқайды ғой. Сондықтан қай жастағы бала болса да оның қалыптасуына қажетті игілікті ата-анасы дер кезінде бойына құя білгені абзал.
Э.Хаббард деген америкалық жазушының «Баланы оқыту дегеніміз – мұғалімнің көмегінсіз дамуына қабілетті болуға үйрету» деген сөзінде үлкен мән бар. «Оқыту» тек мектептегі ұстаз міндеті деп қабылдамау керек. Бала білімді мектептен ғана емес, үйде, отбасындағы ересектерден алса ғана толық тұлға болып қалыптасады. Бүгінде қалалық жердегі қазақ отбасыларының көпшілігіне тән көрініс – мектептен тыс уақытта балаларды ойын-сауық орталықтарына апару әдетке айналған. Іші қапырық, тауарға толы дүкендерден басқа ештеңе жоқ сауда орталығының ішінде қыдыруға бірнеше сағатын жібереді. Қалалық, аудандық кітапханаларға осынша уақытын жібере ме екен? Мысалы, Алматы қаласындағы кітапханаларға бара қалсаң, өзге ұлт өкілдерінің баласына үйде оқуға бірнеше кітаптан алып тұрғанын байқайсың. Ересектерге арналған кітапхананы айтпағанда, И.А.Крылов атындағы Балалар кітапханасына қай уақытта бас сұқсаң да оқу залында отырған қазақ баласын көрмейміз. Қашанда орыс тілді ата-ана кітап алып, бұрын алған кітабын өткізіп жатады.
Бір жағы электроника дүкені, екінші жағы киім-кешек бутигі дегендей, рухани берері жоқ сауда орталығының ортасындағы қапырық фойеде сенделу баланың ой-өрісін кеңейтуге ешқандай көмек бермейді, тіпті денсаулығына зиянды. Оның орнына табиғи ортада, мәселен, тауға, көл жағасына, тіпті ауылдағы туыстарына апарып, демалдырса, бала үшін әрі тәрбие, әрі демалыс болар еді. Үнемі тар көшеде, төрт қабырғамен қоршалған үй ішінде уақыт өткізген бала күйзеліске ұшырамағанда қайтеді? Ғалымдар зообақта қамап ұстаған хайуандардың да ауруға тез шалдығатынын анықтаған. Бала тар жерде қамап ұстайтын хайуан емес. Қаптаған техниканың (ұялы телефон, теледидар, компьютер, т.б.) ортасына «қамап қойып» ой-санасын тұншықтырған соң бала психикасы да қыспаққа қамалады. Баланың санасы сергек болуы үшін ата-ана тәрбие ауанын материалдық ортамен шектемей, рухани бағытқа да бұрғаны жөн болмақ.
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА
Суретті түсірген Ерлан Омар