Бүкіл республиканы дүрліктірген оқиға кезінде Елбасы пәрменімен Қан және медициналық құрал-жабдықтарды залалсыздандыратын орталық салынатын болып шешім қабылданды. 2008 жылы екі орталық та ел игілігіне берілді. Құдай қарасып, одан кейін жаман індеттің аты шыққан жоқ.
Жақында қан орталығына арнайы барып, жағдайымен таныстық.
Орталықта жылына 35000 доза қан компонент дайындалады. Бекітілген кестедегі номенклатураға сәйкес 2017 жылдан бастап 15 түрлі қан компоненттері шығарылады екен. Қан орталығының директоры қазіргі жағдайды баяндады.
Оңтүстік Қазақстан облысында трансфузиологиялық көмек көрсететін 43 медициналық мекеме бар, оның 40-ы мемлекеттік, ал 3-і жеке меншіктегі медициналық мекемелер. Облыстық қан орталығы аталмыш медициналық мекемелердің сұраныстарын үздіксіз, тәулік бойы қан және оның компоненттерімен, препараттарымен, диагностикумдарымен қамтамасыз етеді.
Қан орталығында донорлар мен келушілер үшін өте жайлы жағдай жасалған. Қан дайындау технологиялық үдерісіне бағдарламалық жүйе енгізілген.
Әрбір донорға жеке штрих-код беріліп, бейнеидентификация жүргізіледі. Қан компоненттерін дайындау процесі барынша автоматтандырылған.
Медициналық мекемелер 100 пайыз карантинделген, вирусинактивация, лейкофильтрация үдерісінен өткен қан компоненттерімен қамтамасыз етіледі. Инфекцияларға донор қанын тексеру екі деңгейде соңғы үлгідегі автоматтандырылған заманауи анализаторларда жүргізіледі.
Облыстық қан орталығы ИСО 9001-2015 халықаралық сапа стандарты сертификатын алған, 2017 жылы ұлттық аккредиттеуден өткен. Заманауи талаптарға сай қан орталығы гемокомпонентті терапияға қажетті қан компоненттері және препараттарымен жеткілікті және сапалы түрде қамтамасыз етуде, дейді облыстық қан орталығының директоры Сүндет Рахымбердиев.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы