Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыруды тапсырған еді. Аталған тапсырманы атқаруға кіріскен «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғалиұлы өзі басқарған ұжымға жетекшілік ете отырып, көп жұмыс тындырды. Мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған сарапшылар тобына басшылық етіп, мезгіл-мезгіл бас қосып, осы маңызды мәселе талқыланып, екі кезек арнайы форум өткізіліп, нақты зерттеулерді алып барды.
Жалпы, қасиетті жер, қасиетті мекен ұғымы көп ойларға жетелейді. Кейде біздің халқымыз «қасиетті, киелі» деген ұғымдарды «құтқарушы, ғажайып құдірет иесі» деп түсінетін бір жай бар. Мұсылман ұғымымен қарағанда Жаратушы біреу, жаратылған зат көп. Өзіміз қасиетті санаған құбылыстар өскен ортаның асыл мекені, ардақты орны, халық санасындағы ғажайып, биік тұғырлы нысан саналады.
Қасиетті, киелі жерді анықтаудың түпкілікті мәні – туған өлкеңді тану, түсіну, бағалау, оған деген махаббат-сүйіспеншілікті тереңдету сынды отаншылдық сезімнің оянуын меңзеп, мәңгілік мекен идеясын ұрпаққа сіңіруге қызмет ету болып табылады.
Жақында жарық көрген екі кітаптың мазмұнына үңілгенде, олар – 100 киелі нысанды қамтып, «Ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері», «Археологиялық ескерткіштер және ортағасырлық қалалық орталықтар», «Діни және ғибадат орталықтары», «Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар», «Саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар» болып бес топқа жіктелген. Мұны біз алғашқы бастама деп қабылдаймыз. Себебі қазақ жерінің әр төбесі, әр тасы, әр тал шөбі әлі де талай сырды бойына жасырып, бұғып жатыр.
Тізімде жалпы қазақ үшін қасиетті саналатын жерлер де, аты сәл көмескі тарта бастаған орындар да, тіпті күні кеше салынған, тәуелсіздікпен құрдас ғимараттар да бар. Атап айтқанда, табиғи қасиетті нысандар қатарында Ақмешіт, Қазығұрт, Хан тәңірі, Шарын шатқалы, Жылаған ата, Қоңыр әулие үңгірлері, ал археологиялық және архитектуралық ескерткіштер санатындағы қасиетті орындар қатарында Бозоқ қалашығы, Тамғалы, Беғазы археологиялық кешендері, Шілікті, Берел қорғандары, Ақыртас қамалы орын алса, орта ғасырлардағы қала орталықтары мен қазақ хандығы тұсындағы астаналар – Қойлық, Жанкент, Сығанақ, Жент, Сарайшық, Сауран, Отырар, Сайрам сынды қалалар есепке алынған. Сондай-ақ діни және адамдардың тілек тілейтін орнына айналған киелі мекендер – Ясауи кесене-кешені, Арыстан баб, Қарабура, Укаша ата мазарлары, Қарашаш ана, Ибраһим ата, Бәйдібек би, Домалақ ана кесенелері, Мәшһүр Жүсіп, Абай-Шәкәрім мемориалды кешендері, тарихи тұлғалардың есімдерімен қатысты қасиетті орындар – Махамбет Өтемісұлының мазары, Әбдіғаппар және Кейкі батыр кешендері, Қабанбай батыр, Райымбек батыр, Есет Көкіұлы кесенелері, Көкшетаудағы Абылайдың Хан ордасы, Ахмет Байтұрсынұлының үйі (Алматы қ), Ш.Уәлихановтың Алтынемелдегі мемориалды кешені сияқты тарихи және саяси оқиғалармен байланысты қасиетті жерлер – Бұланты, Аңырақай, Орбұлақ шайқастарының орны, «Алаш арыстары» үйі (Семей), «Астана-Бәйтерек» монументі, «Қазақ елі» монументі, «Отан қорғаушылар» монументі сынды бірқатар нысандар Қазақстанның жалпы, ұлттық қасиетті орындарының тізіміне кірген. Олардың басты-бастылары 100 нысан аталған томдардан орын алды.
Маңғыстаудағы жерасты мешіттері Бекет әулие (1750-1813) есімімен байланысты. Соның бірі – Бейнеуде диаметрі 4,5 метр төбені үңгіп, киіз үй түрінде жасаған ескерткіш. Үйдің оңтүстік-батыс жағында михраб, солтүстік бетінде шағын дәліз үшінші бөлмеге апарады. Шығыс жағында тағы бір бөлмесі бар. Осы соңғы бөлмеде бірнеше адам жерленген. Ескерткіш қабырғаларында ою-өрнектер салынбаған. Бекет атаның Бейнеудегі мешітіне 1825 жылы Э.А.Эверсман, А.О.Дюгемель сияқты ғалымдар келіп, ескерткіштің суретін салып қалдырған. Бекет атаның бұдан басқа Жем өзенінің бойында, Арал теңізінің жағасында, Оңтүстік Үстірттегі Оғыланды тауының үлкен төбесінен қашалып жасалған жерасты мешіттері бар. Ескерткіш – кіреберіс дәлізден, дұға оқитын залдан, тұрғын бөлмеден, қабірханадан тұрады. Ортаңғы бөлменің төбесінде жарық түсу үшін жасалған саңылау бар. Бекет ата мен оның бірнеше ұрпақтары осындағы қабірханада жерленген. Бекет атаның соңғы мекені саналатын Оғыланды тауындағы мешіті 1777-1780 жылы тұрғызылған. Мешіт бұл күндері елдің көп баратын, зиярат етіп, түнейтін киелі орны болып табылады.
Жоғарыда айтқанымыздай, бұдан өзге де әлі ашылмаған, тізімге кіріп үлгермей қалған қасиетті жерлердің бар екеніне шүбә жоқ.
Айталық Арыстан баб мазары, Арыстан баб кесенесі – Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы жерленген орын. Кесене жанында емдік қасиеті бар тұзды сулы құдық орналасқан. Ибрагим ата мазары – Қожа Ахмет Ясауидің әкесіне (Сайрам), Қарашаш ана мазары – Қожа Ахмет Ясауидің анасына (Сайрам), Гаухар-ана мазары – Қожа Ахмет Ясауидің қызына (Түркістан), Әли Қажы мазары – Қожа Ахмет Ясауидің күйеу баласына (Түркістан) тұрғызылған. Осының бәрі-бәрі де халық санасында аса қадірлі, бағалы орындар. Халықтың рухани жұтаңдаған кездерінде санасына ем қылатын жұбанышы болған.
Шын мәнінде бұл қасиетті орындарға табынбайды, зиярат етеді. Мәселен, Араб әмірлігінің Жидда қаласындағы адамзаттың анасы – Хауа ананың жатқан жері қарапайым топырақ болып қана томпайып жатыр. Басына мазар тұрғызып, атын жазып, суретін салу сияқты біздің еліміздегі «әсіре зиратшылдық» жоқ.
Түркістан шаһарын баршамыз ұлықтаймыз. Көне Астанамыз ғана емес, рухани орталығымыз деп білеміз. Түркістан қаласы – Қазақ хандығының астанасы. Қаланың көне атауы – Яссы. Яссы Ұлы Жібек жолының сауда орталығы болған. XII ғасырда, әсіресе Қожа Ахмет Ясауи көшіп келген соң ерекше атаққа ие болған. Сол жерде кейін киелі орынға айналған үлкен кесене салынды. Алтын Орданы жеңген соң Әмір Темір ақынға арнап үлкен мазар орнатты. Бірінші салған күйінде ол VI ғасырда сақталған. Кесене айналасында көптеген басқа да құрылыстар бар: Рабия Сұлтан-Бегім кесенесі (XV ғасыр, XIX ғасырдың 2-ші жартысында қиратылып, 1980 жылы қайта салынды), Есім хан (XVII ғасыр), белгісіздер жерленген жерлері және бар.
Тәуелсіздік жылдарында халықтың рухани бағытын өзгерту мақсатында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылғаны көпшіліктің есінде. Сол үшін де қасиетті, киелі нысандар – халық жүрегінен мәңгілік орын алады.
Ұрпақ дана болса ұлы дала жетімсіремейді.
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
Мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған сарапшылар тобының мүшесі, профессор