...жеміс қоймасы
Талдықорғандықтар жыл он екі ай бойы «Жерұйық» коммуналдық базарынан бағасы төмен азық-түлік түрлерін алады. Енді тұтынушылар жаңа ашылған жеміс-жидек қоймасы арқылы бағасы қолжетімді жеміс-жидек, көкөніспен қамтылатын болды.
Азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету және үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың шешуші қадамы ретінде жүзеге асқан кешеннің жұмысы нәтижелі екенін шаһарлықтар сезіне бастады. 400 тонна жеміс сақтауға арналған қойма құрылысына 60 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты.
Құрылысты «Damu KM Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі белгіленген мерзімде пайдалануға берді. 2013 жылы осы маңдағы алма бағының өнімділігі 600-700 тоннаға жетеді деп жоспарланған. Сол кезде қоймаға сырттан өнім тасу тоқтатылып, өз өнімдерін сақтауға толық мүмкіндік туады. Ал жаңа жеміс қоймасының жабдықтарын құрастыру және іске қосумен қытайлық мамандар айналысқан.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.
...балабақша пайдалануға берілді
Темір ауданының Қопа ауылында «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған елу орындық «Балдырған» балабақшасы пайдалануға берілді. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру барысында осы ауданда он балабақша бүлдіршіндерді қабылдап үлгерген.
Ал «Балдырған» бақшасының құрылысы үстіміздегі жылғы маусым айында басталған екен. Оны «Батыс Құрылыс LTD» ЖШС қысқа мерзімде сапалы аяқтап отыр. Бұдан басқа ауылдағы орта мектептің жанында 25 орындық шағын орталық жұмыс істейді. Жаңа балабақша асханамен, басқа да барлық талапқа сай жабдықтармен жабдықталған.
Мерекелік жиында ауыл ақсақалы Кәкім Өтеуов пен «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ғалымжан Байдербес қопалықтарды қуанышымен құттықтап, балабақшаның лентасын қиды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.
...лифтілер орнатылуда
Екібастұз қаласында жылдар бойы тұрған, істен шыққан бұл қондырғыларды жөндеуден өткізу, ал пайдалануға жарамсыздарын жаңа үлгідегі құрылғылармен ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, облыстағы үш қалада барлығы 1683 дана лифт бар болса, оның 273-і кеншілер қаласына тиесілі.Осылардың 65-і тоқтап қалған-тын.
Өткен жылы қалада 26 лифт қалпына келтірілді. Ал, жуырда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі Өзбекстанда жасалған 19 лифтіні қабылдап алды. Жаңа қондырғылар заман талабына сай жабдықталған. Көп қабатты үйлерге бұл лифтілерді «Павлодарлифт» серіктестігі орнатуда. Пайдалану мерізімі – 25 жыл. Тұрғындар лифтілердің қызметін арнайы карточка жүйесі арқылы пайдалана алады. Төлеу ақысын қызмет көрсететін кәсіпорын анықтайды.
Фарида БЫҚАЙ,
Павлодар облысы.