16 Наурыз, 2018

Ырым-нанымға сенесіз бе?

1191 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Адамзат баласы ғасырлар бойы алға ұмтылып, өркениеттің дөңге­лектері дамылсыз дөңгелеп келе жатқанымен, әлі күнге дейін ырым-нанымдарға сенетіндер жеткілікті. 

Ырым-нанымға сенесіз бе?

XVІІ ғасырдың басында бір дәрігер ырымшылдықты аңқау адамдардың кәдуілгі адасуы деп білген екен. Ал ХХ ғасыр басында ғылым кәдім­гі­дей жетістіктерге жете бас­тағанда, 1910 жылы басылған «Британ энци­кло­педия­сы» болашақта өркениет ырым­­шыл­­дықтың соңғы елестерінен құты­лады деп сәуегейлік айтыпты.

Бірақ әлі күнге жұрттың ырым­шыл­дықтан ада болғаны шама­лы. Көп адамдар алдынан қара мысық кесіп өтсе, әсіресе еуропалықтар абай­сызда айна сындырып алса, зәресі кете­ді. Көшеде келе жатып түшкіріп қал­саңыз да кез келген адам «Сау болыңыз!» дейді. Түшкірген адамға саулық тілеу барлық халықта бар. Бір қарағанда бұл да сыпайылықтың бір түрі сияқты болғанымен, оның да түбі ырымшылдықта жатыр. Өйткені көптеген халықтар адам өзінің жанын «түшкіріп» жібереді деп есептеп, сақтық ретінде саулық тілеп жатады.

Сонымен «Британ энциклопедиясында» айтылғандай, ырымшылдықтан арылып келе жатқанымыз шамалы. Сөзіміз құрғақ болмау үшін, қазіргі «фэн-шуй» ілімін де мысалға келтіруге болады. Үйдегі берекеге, қызмет бабында мансапқа, махаббатта үйлесімге жету үшін адамдар осы ілімнің түрлі ырымдарын жасап, бұйымдарын қастерлеп сатып алады. Біз бұл жерде сан ғасырлық тарихы бар қытай ілімін жоққа шығарудан аулақпыз. Кезінде Қытай императорлары «Фэн-шуй» құпияларын терең білген адамдардың ілімін пайдаланып, ондай адамдарды өлтіртіп жібергені белгілі. 
Вебстер сөздіктерінде айтылғандай, «ырымның өзі белгісіздіктен туындайтын, себепті-салдарлы байланыстарды дұрыс түсінбеуден, магия мен оқиғаларға сенуден шыққан түсінік немесе дәстүр». 

Спортшылар да ырымшылдық жағынан алдына жан салмайды. Олардікі де ғарышкерлердікі сияқты жағдай. Көңілдері күпті, алдарында не жеңіс, не жеңіліс күтіп тұрғанын білмейді. Кейбір спортшылар өздеріне үлкен жеңіс әкелген киімдерін жумайтыны, оны әрбір жарысқа киіп шығатыны сондықтан. 

Қысқасы, адам баласы қаншама құпиялардың сырын біліп, ғарышты бағын­дырса да, ырымшылдықты тоқ­татудың орнына, үдете түскен секілді. Мұның бір себебі Алланың құдіретін ешқашан толық аша алмайтындығында.

Неге әйтпесе, біздер қара мысық ке­сіп өтсе, ұнжырғамыз түсіп кетеді. Кө­п­теген халықтар 13 деген сан мен оның жұмаға сәйкес келуінен зәре-құты қаша­ды. Осы күні де мойнынан тұмарын тас­тамай жүретіндер жеткілікті.

Ал «Америка энциклопедиялары­ның» халықаралық басылымдары да ырымшылдықтың өміршеңдігін алға тартып, мәдениеттің бар саласында ескі дәстүрлер сақталынып қана қой­май, жаңа мәнге ие бола баста­ғ­анын айтады. 

Өзімізді алайықшы, өзіміз де еркі­мізден тыс ырымшылдықтың түрлі әрекеттерін жасайды екенбіз. Біреудің ба­сындағы бақытсыз оқиғаны сөз ет­кенде ағаш үстел, жақтауларды «айт­қан жерден аулақ» ұрғылап жатамыз. 

Мысалы, электронды пошталар арқылы хаттар келіп жатады. Онда мұн­­дай мантра-тотемдерді 24 сағат ішінд­е өзіңде қалдырмай, бақыт пен сәт­ті­лікке зәру таныстарыңа барынша көп жібер­сең, өміріңде үлкен жақ­сы­лық­тар­­дың басталатыны айтылады. Мен бірде ырым-нанымға мүлде сен­бей­­мін дейтін танысымнан ол хатты неге тарат­қанын сұрағанымда ол: «Оны ырым­шыл болғандықтан жасаған жоқ­пын. Жай ғана жағымсыздықтың бо­лға­нын қала­маймын» деп жауап берді…

Сонау гректерде де дінмен байланысты ырым-нанымдар көп болған ғой. Мәселен, вавилондықтар да дүдәмал жағдайлардан шығу үшін мал со­йып, жануарлардың бауырын қараған. Қазақта да жауырын қарау деген бар. 

Күніміз сәтті басталсын деп үйден оң аяқпен аттап шыққаннан бастап, ырым­шылдықтың қалыптасқан дәс­түр­лерін бұлжытпай орындай бастаймыз. Ұлын үйлендіріп, қызын ұзатып, ет жақындарын ана дүниеге шығарып жатқан жандар ықылым замандардан келе жатқан ырым-нанымдарды жасайды. 

Сондықтан да кейбір энциклопедияларда айтылғандай, «Адамзат баласы өзінің болашағына сенімді болмайынша… ырымшылдық деген еш­қашан жойылмайды». Керемет бір әулиелер болмаса, адам баласы өзінің ертеңін не күтіп тұрғанын ешқашан біле алмайды. 

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»