Кездесу барысында Гүлшара Әбдіқалықова еліміздегі дипломатиялық миссиясын аяқтағалы отырған Италияның Төтенше және өкілетті елшісі С.Раваньянға Қазақстандағы жемісті қызметі үшін алғыс айтып, тілектестік білдірді.
Г.Әбдіқалықова С.Раваньянның дипломатиялық миссиясы кезінде Миландағы «ЭКСПО-2015» көрмесіне қатысу үшін Қазақстан Президентінің Италияға сапары ұйымдастырылғанын атап өтті.
Мемлекеттік хатшы Қазақстан мен Италия арасындағы өзара сенімді қарым-қатынастың 25 жыл ішінде стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне тоқталды.
– Біз Италиядағы парламент сайлауының барысын зор қызығушылықпен бақылап отырдық. Сайлау нәтижесінде елдеріңізде Парламент пен Үкіметтің жаңа құрамы жасақталатын болады, – деді Мемлекеттік хатшы.
Гүлшара Әбдіқалықова Италияны Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы қазіргі төрағалығымен және 2017 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшелігінің табысты болуымен құттықтады.
Мемлекеттік хатшы Италия басшылығына «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысқаны үшін ризашылық білдіріп, осы елдің павильонында «жасыл технология» саласындағы үздік әзірлемелер ұсынылғанын айтты.
Сондай-ақ, кездесу барысында тараптар Қазақстан-Италия қарым-қатынасының қазіргі жағдайын, саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
***
Италия Қазақстан Республикасының әлемдегі сауда серіктесі саналатын елдердің ішінде үшінші орында тұр. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 9,6 миллиард АҚШ долларын құрады. 2005-2017 жылдар аралығында Қазақстан экономикасына Италиядан келген тікелей инвестицияның көлемі 5,8 миллиард долларға жетті. Бүгінде елімізде италиялықтардың қатысумен 228 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.