Қазақстан • 16 Наурыз, 2018

«Қазақавтожолдың» бұрынғы директоры Серікжан Мұқашев үш жылға бас бостандығынан айырылды

475 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы аудандық №2 соты «Қазақавтожол» АҚ бұрынғы бас директоры Серікжан Мұқашевқа үкім шығарды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

«Қазақавтожолдың» бұрынғы директоры Серікжан Мұқашев үш жылға бас бостандығынан айырылды

«Мұқашев Серікжан Шайзадаұлы ҚР ҚК 367-бабы, 3-бөлігінің 1, 2-тармақтарында көзделген қылмысты жасау бойынша айыпты деп танылып, оған үш жылға дейін бас бостандығынан айыру, өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан айыру жазасы белгіленсін, жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздік деңгейі орташа мекемесінде өтесін», - деп үкім оқыды судья Убайдулла Қошанов.

Істің басқа қатысушыларына да жаза белгіленді. Мұқашевтың орынбасары Шәмішевке мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан өмір бойына айыра отырып, 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді. «Қазақавтожол» РМК басқармасының бұрынғы бастығы Елемесовтің бас бостандығы бес жылға шектелді. «Қазақавтожол» РМК мемлекеттік сатып алулар басқармасының бұрынғы бастығы Әжіғұлов пен «Қазақавтожол» РМК Қарағанды облыстық филиалының бұрынғы директоры Мұқанов екі жылға бас бостандығынан айырылды.

Еске сала кетейік, былтыр 20 желтоқсанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметі Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің бас мемлекеттік аудиторлары Б. Көпебаева мен А. Жәңгірова ірі мөлшерде пара алғанын мәлім еткен болатын. Лауазымды тұлғалар жоспарлы тексеріс жүргізу кезінде «Қазақавтожол» РМК бас директоры С. Мұқашев пен оның орынбасары Е. Шәмішевтен бюджет қаражаттарын орынсыз пайдаланғанын аудиторлық есепте көрсетпеуі үшін 16 миллион теңге мөлшерінде пара алған. Осы қылмыстық іске «Қазақавтожолдың» облыстық филиалдарының барлық басшылары тартылып, мемлекеттік аудиторлар үшін параға ақша жинаған.