Аймақтар • 16 Наурыз, 2018

СҚО әкімдігі мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» арасында меморандум жасалды

674 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аймақ басшысы  Құмар Ақсақалов «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ басқармасының төрайымы Күләш Шәмшидиновамен кездесті.

СҚО әкімдігі мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» арасында меморандум жасалды

Петропавл қаласындағы «Береке» ықшам ауданында орналасқан химия-биология бағытына мамандандырылған Назарбаев зияткерлік мектебінде 597 оқушы озық үлгіде білім алады. Оқушылардың 35 пайызы ауылдық жерлерден.

Құмар Іргебайұлы Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алуға құштар жас өрендердің қатары жыл санап артып келе жатқанын жеткізді. Мектеп түлектерінің әлемнің үздік университеттерінде білім алып жүргені қуантады. Биыл білім ордасына 10 жыл толып отыр.

Өз сөзінде басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова зияткерлік мектептері әлемдік талаптарға сай білім беріп жатқанын ерекше атап өтті. Осы тәжірибені енді орта білім беретін мектептерге тарату міндеті тұр. Бұл бағытта кешенді шаралар атқарылуда.

Кездесу соңында облыстық әкімдік пен «Назарбаев зияткерлік мектептері» арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Меморандум мақсаты балаларды тәрбиелеу және оқыту, білім беру ұйымдарын басқару саласында "Назарбаев зияткерлік мектептері" ұйымының тәжірибесін тарату, сонымен қатар аймақта инновациялық білім беруді дамыту бағытында педагогтардың кәсіби деңгейін арттыру болып есептеледі.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»