Үкімет • 17 Наурыз, 2018

Үкіметте электронды білім беруді дамыту мəселелері бойынша кеңес өтті

268 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкімет үйінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Цифрландыру бағдарламасын іске асыру аясында электронды білім беруді дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды  Премьер-Министрдің ресми сайты.

Үкіметте электронды білім беруді дамыту мəселелері бойынша кеңес өтті

Кеңес барысында оқыту процесінің барлық кезеңінде, еліміздің мектепке дейінгі мекемелерінен бастап жоғары оқу орындарына дейін электронды білім беру жүйесін енгізу мәселесі талқыланды.

Қазіргі таңда 13 қалада және бір облыста электронды айналым арқылы балабақшаларға кезекке қою және бағыт беру жүйесі енгізіліп жатыр. Орта білім беруде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында электрондық журналдар мен күнделіктер жүйесі жұмыс істей бастады. Кәсіптік және жоғары білім беруде көп деңгейлі ақпараттық «Жоғары білім беруді басқарудың бірыңғай жүйесі» енгізілуде. Ұлттық білім беру дерекқорын мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен біріктіруді 01.09.2018 дейін жүзеге асыру көзделген.

Жүйені цифрландыру жеке сәйкестендіру нөмірі бойынша баланың бірыңғай электронды деректер базасын құруға мүмкіндік береді. Келешекте білім деңгейіне (балабақшалар, мектептер, колледждер, ЖОО-лар) қатысты процестер білім берудің әр кезеңінде қосымша құжаттар мен анықтамаларды жинау қажеттігінсіз, электронды түрде жүзеге асырылатын болады.