Темірлан Байтемір, Айшат Бақытова, Айдос Әубәкіров, Арман Серіков, Баяз Меруерт, Нұрғиса, Қаратай Нұрбол, Әсемгүл Тоқбаева Әсемгүл, Тоқсанбай Арыстан, Ілияс Қуандықов, Карина Сабыржанова, Әнел Жарқұмбаева, Әнел Сайдағали, Дариға Сахиева, Хумырзахұлы Иса, Албина Көшімхан, Айман Ілясова, Сая Жеңіс сияқты 30-ға жуық оқушылар қатысты. Күйші-домбырашылардың өнерін бағалауға әділ-қазылар алқасы болып блыс орталығындағы музыкалық колледждің халық аспаптар бөлімінің меңгерушісі–Рыскүл Асаубайқызы, Иса Байзақов атындағы филормонияның әншісі Бауыржан Ахметов, Дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаты қобыз бен жетіген сыныбының мұғалімі Мақпал Сағымбайқызы төрелік жасады.
Алдымен күй тартыс ережесі бойынша, қазылар алқасы күйшілерді жеке-жеке тыңдап алды. Рыскүл Сағымбайқызының айтуынша, жас домбырашылардың күй тартыстағы өнерлеріне берілетін баға: орындау шеберлігі, әртістілігі, екі қолдың қойылымы, сахналық киімі мен орындаушының сахна бейнесі қарап бағалыныпты. Келесі кезекте күйшілер жекпе-жек кездесіп, күй тартыс та басталды. Күйшілер Құрманғазының «Балбырауын», «Адай», Дәулеткерейдің «Түркімен», Р. Желдібаевтің «Ерке сылқым», Динаның «Той бастар», Халық күйі «Келіншек» сияқты төкпе күйлерді, келесі кезеңде атақты Сүгірдің, Тәттімбет аталарының, Төлеген Момбеков, Қаршыға Ахмедияров, Секен Тұрысбековтың шығармалары шертпе күйлерді орындап берді.
Көпшілігі ұлтымыздың салт-дәстүрін, ән-күйін ұлықтаған елге оралған оралман отбасыларының ұл-қыздары. Атадан балаға мирас күйшілік, домбыраның өнер ғұмыры солтүстік өңірде де жаңғырып жалғасуда. Жаһандану заманы айналаны қанша қоршап, шырмап алса да кішкентайларынан қолдарына домбыра ұстап, ұлттық өнердің ұмытылмауы үшін күй үйреніп, музыкалық мектептерге барып, оқып жүрген ұл-қыздарға риза болып, қызыға қарайсың да.
Сөйтіп, күй тартыс байқауының бас жүлдесі облыс орталығындағы Құрманғазы атындағы №1 балалар музыка мектебінің оқушысы Айшат Бақытоваға берілді.
- Бұл жеңісімді ұстазым Қуаныш Мейрамұлына арнаймын. Күй тартыста Төлеген Момбековтың «Салтанат» күйін орындадым,-дейді Айшат.
Ал, 1-ші орынға Екібастұздағы балалар музыка мектебінің оқушысы Арман Серіков, 2-ші орынды Қаршыға Ахмедияровтың «Жібек жетісу» күйін орындаған облыс орталығындағы №2 мектебінің оқушысы Айдос Әубәкіров пен Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйін орындаған №35 мектептің оқушысы Дариға Сахиева иеленсе, 3-ші орынды Ертіс ауданы балалар өнер мектебінің оқушысы Айман Ілияшва мен Оқушылар сарайының «Жас Екпін» домбыра ансамблінің мүшесі Әсемгүл Тоқбаевалар алды.
Оқушылар сарайында екі күн бойы Құрманғазының «Балбырауын», «Адай», «Сарыарқа», Дәулеткерейдің «Түркімен», Р. Желдібаевтің «Ерке сылқым», Динаның «Той бастар» күйлері орындалды. Күй тартыстың қызығын көруге жиналған көрермен толы зал күмбірлеген домбыра үнін тыңдап, рухани бір демалғандай. Сахнада- облыстың ауыл, қалаларынан жиналған мектеп оқушылары күйшілік, күй тарту өнерлерімен таңқалдырды.
Фарида Бықай
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Әсем Айып