– Әлеуметтік қорғауды талап ететін тұрғындар тобының біздің тарапымыздан әрқашан да жылылық күтуі табиғи заңдылық, өйткені, біздің кәсіби мекеменің атқаратын қызмет өлшемі оларға тек қана лайықты қолғабыс көрсету, жәрдем беру сапасымен бағаланады, – дейді Әуезов аудандық Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының басшысы Әлия Дүйсебайқызы Мақұлбаева. – Жыл басы Наурыз мерекесінің қарсаңында біздің ұжымның әдеттегі еңбек ырғағын еселеп, жыл бойы жаңаша леппен еңбек етуі де сондықтан.
Күн мен түн теңесетін айтулы жыл мезетінде, Табиғат-Анамыздың еміреніп мейірімін шашып жатқан сәтінде Әлия мен оның әріптестері мекемеге үмітпен бас сұққан барлық жанға жылы қабақ танытып, әрқайсысымен жайлы сөйлесуге бейім. Алматы қаласының Әуезов ауданында орналасқан бұл орталық дәл бүгін қала аумағындағы ең көп саналатын 50 мыңға жуық адамға жыл бойы уақытпен санаспай қалтқысыз қызмет көрсетеді. Жыл сайын саны ұлғайып, қатары өсіп, қосылып жатқан әлеуметтік топқа мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек қоры одан да молайып, арта түсуде. Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен жәрдемақыларды жаңадан қабылданып, өзгеріп, толықтырылып жатқан заң талаптарына сай реттеп-ресімдеп, қаттап-құжаттап, иесіне тап-тұйнеақтай етіп табыстау – Әлия мен оның әріптестерінің қолында. Ұжым құрамында негізінен 37 қыз-келіншек қызмет атқарады. Олардың орта жасы – 25!
Бар қызмет тікелей компьютерлік жүйе, интернеттік желі арқылы жүзеге асады. Бұл арада архивпен жұмыс істеу ісі де асқан біліктілік пен табандылықты талап ететінін де атап өткен жөн. Орталыққа бас сұғатын әлеуметтік топтар санатындағы, атап айтқанда – зейнет жасына жеткен және зейнет жасындағы азаматтар, екіқабат әйелдер, әртүрлі мүгедектік топтағы қала тұрғындары тобында ешуақытта шек болған емес. Әлия Мақұлбаева басқарған ұжымның басты ұстанымы – мекеме есігін ашқан бір де бір адамның көңіліне титтей де қаяу түспеуі тиіс. «Біз халыққа әрдайым да лайықты қызмет үлгісін көрсетеміз!»
...Жап-жас ұжымның жылдың көктем айындағы осы мерзімін мәре сызығындай етіп таңдап алуы –олардың тікелей ерекше кәсіби қызметтеріне байланысты. Шуақ шашқан Наурыз күндері бұл мекемеге бас сұққан әлеуметтік топтағы әрбір жан өнегелі қызмет үлгісін көріп, жүрегіне мейірім ұялатса екен, дейді олар.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ
АЛМАТЫ