Аймақтар • 18 Наурыз, 2018

Рудныйда цемент зауыты ашылады

603 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Рудный қаласында үш жылдан бері құрылысы созылып келе жатқан цемент зауыты биыл пайдалануға берілетін болды. Зауыт құрылысының барысын жақында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов көзімен көріп қайтты. Қазір зауыт құрылысы аяқталудың алдында тұр.

Рудныйда цемент зауыты ашылады

«Маусым айында айналмалы күйдіру пешін жағамыз, шілде айында шикізат тасуға арналған темір жол тұйығы дайын болады» деді Рудный цемент зауытының директоры Артем Максалов.

Пешті жағып көру үшін шикізат алдын ала автоокөліктермен тасылған. Пешті жағу технологиясы Белгород техникалық мемлекеттік университетінің өкілдерімен бірлесіп сынақтан өткен. Зауыт директорының айтуынша, мұнда 400-ші маркалы сульфаттұрақты цемент өндірелетін болады. Сонымен қатар 500-ші маркалы цемент те шығарылады. Отандық шикізат цементтің бес маркасын шығаруға мүмкіндік береді.

Биылғы жаздың ортасында өнімін бере бастайтын зауыт цементтің бағасын импорттық баламалардан әлдеқайда арзан ұсынатын болады.

Нәзира Жәрімбет

«Егемен Қазақстан»

Рудный