Рәсімді ашқан Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді.
«Қазақ телевизиясының хабар тарата бастағанына 60 жыл толуымен құттықтаймын. Бүгінде қоғам өмірінің күнделікті тыныс-тіршілігін теледидарсыз көзге елестету қиын. Сондықтан бұл – отандық телевизияның мыңдаған қызметкерлерінің ғана емес, барша қазақстандықтардың ортақ мерейлі мерекесі деуге болады. Осы жылдарда сіздер республикамыздың күрделі өткені мен бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның сан-салалы жетістіктерін, өзекті проблемаларын дер кезінде таспаға түсіріп, Отанымыздың бейнелі шежіресін жазып келесіздер. 1958 жылдың көктемінде өмірге жолдама алған Қазақстан телевизиясы бүгінде көптеген телеарналардан тұратын, мыңдаған кәсіби мамандар еңбек ететін, үздік техникамен жабдықталып, жоғары технологияларға арқа сүйейтін ауқымды салаға айналып отыр. Соның ішінде 60 жылдан бері көрерменнің үздіксіз көзайымы болып келе жатқан қазақ телевизиясының қара шаңырағы – Qazaqstan Ұлттық телеарнасының алатын орны ерекше», делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.
2017 жылдан бері жыл сайын экран үздіктерін анықтап, тележурналистердің кәсіби дәрежесін көтеруге арналған «Тұмар» сыйлығы биыл 14 аталым бойынша жүзден жүйрік шыққан мықтыларға бұйырды. Оның ішінде Қазақ телевизиясының 60 жылдығы мен Астананың 20 жылдығына арналған қос жүлде арнайы мерейтойлық аталым бойынша табыс етілді.
Қазақ телевизиясының 60 жылдығы демекші, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қазақ телевидениесінің ардагерлерін «Қазақ телевизиясына – 60 жыл» арнайы мерейтойлық медалімен марапаттап, аға буын әріптестерге құрмет көрсетті. «Өздеріңіз білетіндей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев телевизия саласының жаңа технологиялық талаптарға сай өзгеруі мен дамуына зор көңіл бөліп, үнемі қолдау білдіріп келеді. Бұл – жаңа медианың әлемдік талаптарға сай дамуына айтарлықтай ықпал етуде», деп сөз бастаған министр әрі қарайғы лебізін ардагерлерге бағыттады: «Әлем заман талабына сай өзгеріп жатыр. Соған сәйкес технологиялар да, ақпарат алмасу әдістері де заманауи өз жолын қалыптастырды. Бірақ мұның ешбірі де тележурналистиканың басты талабы – өз кәсібіне деген адалдық, көрермен алдындағы жауапкершілік пен құрметті өзгерте алмайды», дей келе, телевизия корифейлеріне отандық тележурналистиканың дамуына қосқан сүбелі үлесі мен келер ұрпақ кәдесіне жарар тағылымды тәжірибесі үшін барша тележурналистер атынан алғыс айтты. Құттықтау соңы «Тұмар» Ұлттық сыйлығын салтанатты түрде тапсыру рәсіміне ұласты.
Бәйге қорытындысы бойынша, «Тұмардың» Қазақ телевизиясының 60 жылдығына арналған арнайы сыйлығымен «Телевидениеге қосқан үлесі үшін» аталымында отандық телеэкранның ерлер арасынан шыққан тұңғыш дикторы, алғашқы комментатор Совет Масғұтов марапатталды. Астананың 20 жылдығына орай тағайындалған «Астана туралы үздік жоба» аталымына KazakhTV арнасының «Менің Астанам» жобасы лайық деп танылды. Сондай-ақ аталмыш арнаның «Ұлт қазынасы» («Сокровище нации») бағдарламасы – «Үздік ағартушылық бағдарлама», «На едине с природой» жобасының операторы Максим Левитин – «Үздік операторлық жұмыс» аталымында жүлдегер атанды. «567» кинокомпаниясы» түсірген режиссер Асқар Ұзабаевтың орыс тіліндегі «Так могло быть» деректі фильмі «Үздік деректі кино» аталымы бойынша топ жарса, 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар топтамасы қатарынан 2 жыл бойы «Үздік ақпараттық бағдарлама» тұғырынан көрінді. Режиссер Қуаныш Оразалин – «Үздік режиссерлік жұмыс», «Хабар» арнасының журналисі Асқар Ниязов – «Жылдың үздік тележурналисі» аталымдарында «Тұмар» тағынып, үздік атанды. «Жетісу» арнасы «Үздік аймақтық телеарна» деп таңдалса, «Астана» телеарнасы түсірген «Асыл арман» сериалының «Үздік телесериал» аталымында бағы жанды. «Тұмардың» биылғы қорытындысы Qazaqstan Ұлттық арнасы ұжымы үшін де табысты болды. Ұлттық арна үш бірдей аталым бойынша топ жарды. Олар: «Мен – Қазақпын!» бағдарламасы – «Үздік ойын-сауықтық жоба», «Қарекет» ток-шоуы – «Үздік әлеуметтік бағдарлама» атанса, «Дара жол» бағдарламасының жүргізушісі Дана Нұржігіт «Үздік тележүргізуші» деп танылды.
Ал «Телевизиялық маусымның үздік оқиғасы» аталымы бойынша «Тұмар» сыйлығы «Хабар» арнасының «Ұлттық музыкалық жүлде» жобасына табыс етілді. Шығармашылық ұжымға жүлдені арнайы тапсырған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Әскербекұлы: «Біздің бүгінгі жиналу себебіміз – ең алдымен ақпарат саласының ардагерлеріне құрмет көрсетіп, алғыс білдіру. Екіншіден, «Тұмар» Ұлттық сыйлығын табыстау арқылы тележурналистердің кәсіби дәрежесін көтеріп, ынталандыру. Қазақ көз тимесін, сүрінбесін деген ниетте жүйрігіне тұмар таққан. «Жүйрікке – тұмар» деген жақсы сөз осыдан шыққан. Біз де ырымнан аттамай, «телевизия саласында жүрген жүйріктеріміз сүрінбесін, әрдайым биіктен көрінсін» деген тілекте «Тұмарды» тағайындаған едік. Бүгін аға буын мен жастардың бас қосқан ерекше кешіне куә болып отырмыз. Ардагерлеріміздің ұзақ жылғы кәсіби тәжірибесі мен жастардың бойындағы отты жігер – отандық телевизиямыздың келешегін кемел ететініне сенімім зор», деп марапаттау кешін түйіндеді.
Айта кетейік, 2018 жылы «Тұмар» Ұлттық сыйлығына үміткер ретінде барлығы 397 жұмыс келіп түсті. Соның арасынан қазылар алқасының шешімімен Бәйге ережесінің талаптарына сәйкес рәсімделген 355 өтінім қарауға қабылданды. Жоғарыда атап өткеніміздей, 400-ге тарта жұмыстың ішінен топ жарған үздік жобалар мен журналистер 14 аталым бойынша «Тұмар» сыйлығына ие болды.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»