Қазіргі таңда адами капитал – қоғамның әлеуетін анықтаушы негізгі факторлардың бірі. Әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесі адами капиталға салынған инвестицияның болашақта мол табыс әкелетіндігін дәлелдеп отыр.
Әлемдік банк көрсеткіштерінен әлем мемлекеттерінің ұлттық байлығында адам капиталының алатын үлесі жоғары екендігін көруге болады. Мысалы, әлемнің 192 мемлекетінің ұлттық байлығындағы жеке капиталдың үлесі – 16 пайызды, табиғи ресурстар – 20 пайызды, ал адами капитал 64 пайызды құрайды. Ал бұл көрсеткіш АҚШ-тың ұлттық байлығында 76 пайызға тең.
2017 жылғы мәлімет бойынша 186 мемлекет ішінде адам дамуының индексі жөнінен Қазақстан 56-шы орынды иеленді.
Адами капиталдың сапасы білім берудің сапасына тікелей байланысты. Сондықтан жоғары білім беру жүйесінде жасанды интеллектімен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту қажеттігі туындап отыр.
Әлем соңғы онжылдықта цифрлы технологияға негізделген жаңа типтегі экономикаға көшуде. Қазіргі уақытта ақпараттық технологиялар мен цифрлы трансформация бәсекеге қабілеттілік пен технологиялық өзгерістің негізгі факторы болып саналады.
Білім беру саласындағы қызметкерлер арасындағы байланысты оңтайландыру үшін принципті жаңа ақпараттық-білім беру алаңын құру мақсатында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Цифрлы университет» тұжырымдамасына көшу бастамасын көтерді.
Университеттің кешенді цифрландыру қызметі стратегиялық міндеттердің бірі болып белгіленген. Тұжырымдаманы жүзеге асыру арқылы студенттер үшін сапалы білім алу мүмкіндігін арттыру, сұранысты қанағаттандыру деңгейін арттыру және жемқорлық қаупін төмендетуге қол жеткізу көзделуде.
Шетелдік жоғары оқу орындарын, трансұлттық корпорацияларды тарту арқылы цифрлы экономика үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беру бағдарламаларының мазмұны жаңартылып, жаңа білім беру бағдарламалар әзірлеуге мүмкіндік берілді.
Қазіргі таңда университет Португалия мемлекетінің Браганса политехникалық институтымен «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша бірлескен білім беру магистрлік бағдарламасын әзірлеуді табысты аяқтады. Сондай-ақ қазіргі таңда институтпен бірлескен қосдипломды білім беру бағдарламасы бойынша аймақ пен республика үшін аса қажет «Химиялық инженерия» мамандығы бойынша магистранттар білім алуда.
Тараз мемлекеттік университетінде 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бакалавриат бағдарламасы бойынша қанатқақты режімде «Мехатроника» мамандығы ашылып, бірінші курсқа алғашқы студенттер қабылданды. Елбасы айтқандай, уақыт барысымен көптеген мамандықтар еңбек нарығында сұранысқа ие болмай қалады. Заман талабына сәйкес жаңа мамандықтарға қажеттілік туады. Қазақстанда жоқ сондай мамандықтардың бірі – «Мехатроника». Мехатроника – электротехника, механика, компьютерлік және ақпараттық технологияларды біріктіретін инженерияның жаңа саласы. Осы мамандық бойынша студенттер алғашқы екі жылды біздің университетте, ал соңғы екі жылды Польша Республикасындағы Люблин политехникалық университетінде жалғастырып, екі мемлекеттің дипломын алатын болады. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында «Мехатроника» аса қажетті мамандықтардың бірі болады.
Сонымен қатар техникалық мамандықтарға қосымша гранттар бөлініп, олардың саны 11 мыңға жеткізілуі – біз көптен күткен шешім болатын. Соңғы 5-6 жылдың ішінде техникалық мамандықтар бойынша мемлекеттік гранттың құны өзгерген жоқ. Мемлекет тарапынан 1 жылға техникалық мамандықта оқып жүрген студентке 349 400 теңге бөлінген, яғни бұл ұлттық университеттерден 2 есе, ал педагогикалық жоғары оқу орындарынан 1,5 есе аз. Техникалық мамандықтар гуманитарлық, экономикалық, заңгерлік және педагогикалық мамандықтармен салыстырғанда материалдық ресурстарды көбірек қажет ететінін жақсы білеміз. Сондықтан да Елбасының техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру керек деген тапсырмасы бізді аса қуантты.
Қорыта айтсақ, Елбасының ұсыныстары жоғары оқу орындарында инновациялық білім беру бағдарламаларын іске асыруға, жастардың білім деңгейі мен өмір сүру сапасын жақсартуға, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Махметғали САРЫБЕКОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры