– Эльмира, сізді фитнес бапкер болып қызмет атқарып жүр деп естідік. Бұл қосымша жұмыс па әлде?
– Алматыдағы фитнес орталықтардың бірінде жүзуден бапкер болып жұмысқа тұрдым. Бірақ бұл дегенім кәсіпқой спорттан кеттім деген сөз емес. Қазір бізге демалыс берілген. Жаттығу жұмыстары қайта басталғанға дейін өзіме ұнайтын істі қолға алуды жөн көрдім.
– Яғни сізді әлі жарыстардан қатысушы ретінде көреміз ғой?
– Мәселелерді ретке келтіріп әрі біраз тынығып алған соң, бұйыртса, биылғы жыл ойдағыдай басталады деп ойлаймын.
– Сіз үшін өткен жыл спортта сәтті болды деуге келмейді...
– Сынаққа толы жыл болды. Үзілістен кейін спортқа оралу да оңай емес екен. Спортта ғана емес, жеке өмірімде де біраз қиындықтарға тап болдым.
– Сізді халықаралық ұйым допинг қабылдады деп айыптады. Оны естігенде қандай күйде болдыңыз?
– Ең алғаш төбемнен жай түскендей күй кештім. Бастапқы айларда өзімді қоярға жер таппадым. Денсаулығым да сыр бере бастады. Бұған отбасылық мәселелер де қосылды. Былайша айтқанда, ішкі күйзеліспен күресіп өмір сүрдім. Бірақ ата-анам, жақын адамдарымның арқасында спортқа қайта оралып, қиындыққа төтеп беруді үйрендім. «Әр істің қайыры бар» деген осы шығар. Өкінетінім, көздеген нәтижеме қол жеткізе алмадым. Қазақстан құрамасына қайта шақыртылғаныммен, желтоқсанда шынтағымды жарақаттап алдым. Сөйтіп жаттығуға қаңтар айында бір-ақ кірісіп, наурызда Сербияда өткен турнирде топ жардым. Алайда сәуірде қайта келеңсіздіктің қоршауында қалып, қанша ұмтылсам да, содан шыға алмай жатқан сияқтымын.
– Өзіңізді өзге салада сынап көргіңіз келгені де сондықтан ғой?
– Фитнес орталықтардың жұмысы, жалпы осы сала ұнап жүрген. Сондықтан бағымды сынап көрсем дедім. Әдетте бапкер таңдауда адам оның жұмыс өтіліне қарайды. Ал жаңадан келгендіктен мені көпшілігі тани бермейді. Соған қарамастан жүзуден тәжірибем барын, қолыман келетін іс екендігін байқағандар қатары көбейіп жатыр.
– Ал бапкерлеріңіз бен командалас әріптестеріңіздің сізге деген қарым-қатынасы қалай?
– Александр Смолеевке де бұл жайт ауыр соққы тәрізді болды. Соған қарамастан ол кісі мені қолдап, жігерлендіріп, жаттығуда ұмтыла түсуім керектігін айтып жүреді. Сонысымен де көпшілікке жақпай қалады. Оның үстіне спортта нәтижең болмаса, кімге керексің. Әсіресе, допинг дауынан соң құрамадағы басқа мамандар үшін мен «халық жауына» айналдым. Бірақ ешкім ішкі күйзелісімді түсінгісі келген жоқ. Бәлкім, болашағыма сенбегендіктен де шығар. Соған қарамастан құрамаға оралуыма мүмкіндік бергені үшін ол кісілерге де алғыс айтамын.
– Жүзу – медалі көп спорттың бірі. Бұл спортқа біздің қоғамда қызығушылық қандай?
– Дмитрий Баландиннің жетістіктерінен соң балаларын жүзу үйірмесіне беріп жатқан ата-аналар көп. Біздің де суда балықша жүзе алатындығымызды түсіне бастағандай. Екатерина Руденконың да жетістіктері аз емес. Катя – Азия ойындарының үш дүркін күміс жүлдегері. Яғни жұмыс жүйеленіп келеді. Бағытымыздың дұрыстығын, дарынды балалардың барын басшылық та көріп жатыр. Осы қарқыннан таймасақ, әлі талай жетістікке жетеміз.
– Енді өзіңіз бапкерсіз. Адамдармен жұмыс істеу қалай екен?
– Мен үшін қиын емес. Керісінше, көңіл-күйімді көтереді. Жаттығуымыз қызықты өтеді. Оның үстіне бапкерімнің жанында жүріп те балаларды дайындағанбыз. Солардың ішінде спорт шебері атанғандары бар. Яғни нұсқау беріп, дұрыс бағдар көрсете аламын.
– Жүзуде салмақ дережелері жоқ. Соған қарамастан әр килоға қатты мән бересіздер ме?
– Сөзсіз. Спортшының қалыпты салмағы, сонан соң жарысқа қатысатын салмағы болады. Бұл ережені сақтамау турнирдегі нәтижеңе кері әсер ететіні анық. Қазір өзімде артық салмақ барын білемін, нақтырағы бұлшықеттер көп. Одан арылу қиынның-қиыны.
– Бәлкім, сіздің әлеуметтік желідегі танымалдылығыңыз, тілшілердің назарынан тыс қалмауыңыз кескін-келбетіңіздің де арқасы шығар?
– Әлеуметтік желідегі оқырмандарыма жазған пікірлерім, адам ретінде ашықтығым, өмірге деген құштарлығым ұнайтын секілді. Шындықты жасырмай, бетке айта салатын батылдығыма да көпшілік риза болып жатады.
– Сіз жайлы пікірлердің басым бөлігі қай сарында жазылады? Жалпы, сынға қалай қарайсыз?
– Қуанатыным, оқырмандарымның арасында теріс пікір айтып, сынайтындар аз. Басым бөлігі қолдап, соның арқасында жігерлене түсемін. Жалпы, қыз бала болғандықтан, біз үшін жұрттың назарында жүру маңызды. Шомылатын киімде түскен суреттеріме қатысты түрлі пікірлер оқып та жатамын. Дегенмен оған бола көңіл-күйімді түсірген емеспін. Әркімнің көзқарасы, ұстанымы бар. Олармен сөз таластырғым келмейді. Мені біреу талқыласа, маған, өміріме деген қызығушылықтарынан деп білемін. Кейде сынның өзі адамға күш береді.
– Жаттығуыңыз бар, бүгінде жұмыс істейсіз. Влогтар түсіріп, оқырмандарыңызды қызықтыратындай постар жазуға уақытты қайдан табасыз?
– Ешкім тәулігіне 24 сағат жұмыс істемейді. Қаласаң, негізгі жұмысыңнан бөлек өзіңе ұнайтын іске уақыт табуға болады. Мен адамдармен тілдескенді, пікір алмасқанды жақсы көремін. Тиісінше белгілі бір жайтқа байланысты өз ойымды білдіргім келеді. Ондайды инстаграмдағы парақшама жазып қоямын. Алматыда өткен аралас жекпе-жек кешінен влог түсіргенімді де мақтанышпен айта аламын. Сол арқылы спортшылармен жақынырақ танысып, олардың да қарапайым адам екендігін, әзілдей алатынын, қызығушылықтары бар екендігін көрсетуге тырыстым. Бала күнімде ән айтатынмын. Қазір ара-тұра караокеге барып тұрамыз. Билегенді ұнатамын. Бұларға да уақыт тауып жүрмін.
– Жаттығу бар, жарыс, енді жұмыс бар. Жүзуден жалыққан жоқсыз ба?
– Күнделікті қайталана беретін істен шынымен де жалықтым. Демалыс алып өзім үшін өмір сүріп жатқаным да сондықтан. Мен Баландин емеспін, нәтижелерім де көңіл көншітпей жүр. Назардан тыс қала бастағанымды да сезе бастадым. Бапкерлердің де жаттықтырудан, менімен жұмыс істеуден жалыққанын байқаймын.
– Токио Олимпиадасына қатысуыңыз мүмкін бе?
– Токиодағы аламанға қатысу жайлы үмітім үзілген. Бірақ тағдырдың бізге қандай тосынсый дайындап қойғанын кім білсін. Егер сәті түсіп жатса, 2020 жылғы Олимпиадада бақ сынауым әбден мүмкін. Спорттан біржола кетсем бе деймін. Ойым сан-саққа бөлінді. Не де болса уақыт көрсетер.
– Бәрі сәтімен болсын дейміз! Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Мәдина АСЫЛБЕК,
журналист