Олар сондай мазасыз әрі күлкілі хайуан емес пе. Ыстық өлкедегі жасыл орманын, қолды-аяққа тұрмай бұтақтан-бұтаққа секіріп, емін-еркін сайран салатын ортасын аңсап қышқырып, шыңғырып жатыр.
Мұнда өздерін тамашалау үшін кірген жұртқа құлақтары қалқайып, көздері жәудіреп, мұңайып қарайды. Іштей: «Е-еһ, сендер бізді түсінбейсіңдер ғой!..» деп күрсінетін секілді.
Сіз әлгі ғимараттан тезірек шығып кетуге асығасыз. Себебі оның ішіндегі сасық иіс қолқаңызды қауып, басыңызды айналдырады.
Шыға берісте маймылдарға тамақ алып бара жатқан қызметші келіншекпен бетпе-бет ұшырасып қалдым.
– Тү-у, қандай сасық!.. – деп мұрнымды басқанымды көрген ол мырс етіп күліп жіберді.
Сонсоң:
– Қалай шыдап жүрсіздер? – дедім сасқанымнан.
– Үйреніп кеткенбіз, – деді ол сергек үн қатып.
– А-а, иә-ә... солай екен ғой...
Кенет ол қолындағы екі шелегін жерге қойып, менің көзіме тіктеп қарады да:
– Білесіз бе, әрбір мекеменің өзіне тән иісі болады, – деді. – Бірақ оны сіздер сезбейсіздер.
– Мүмкін, – дедім мен иығымды қозғап, екіұштылау жауап қатып.
– Рас айтам, – ол өз сөзіне өзінің сенімді екенін білдіргісі келгендей басын шұлғып-шұлғып қойды. – Кей мекемелерден ұрлықтың, жемқорлықтың, ашкөздіктің, екіжүзділіктің, жағымпаздықтың, тіпті зұлымдықтың иісі шығып тұрады. Оларға қарағанда мына маймылдар моп-момақан, қарны тойса болды, тыныштала қалатын бейкүнә хайуандар емес пе!..
Сонсоң ол «осымен сөз бітті» дегендей екі шелегін қолына алып, іштегі у-шу болып жатқан маймылдарға қарай асыға басып кете барды.
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»