Қазақстанды бала кезімнен, дәлірек айтқанда, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен білемін. Бұл мемлекет дінаралық және конфессияаралық келісімі жарасқан, саяси тұрақтылығы орнықты әлемдегі санаулы елдің бірі саналады. Елдің өркендеуі мен қарыштап дамуына бүгінде бір миллиардтан астам мұсылман қауымы ғана емес, әлемдік қоғамдастық пен әлем жұртшылығы қызығып отыр. Қазақстан мұндай табысқа ынтымақ пен бірліктің, өзара сыйластықтың арқасында жеткенін нық сеніммен айта аламын.
Француз философы Мишель Монтень «надандық өшпенділікті тудырады» деп өте дұрыс айтқан. Өз басым Қазақстан Президентінің өз елінде білім алуды қолжетімді етуге деген шынайы ықылас-ниетін толықтай қолдаймын. Себебі мемлекеттік грант санын көбейту жастардың білім алуға деген ынтасын арттырады әрі оның алатын орны ерекше. Оның үстіне бұл елдің халқы өз заманының ойшылдары әл-Фараби мен Авиценнаның бірегей құндылықтарымен сусындап өскен. Сондай-ақ мен Қазақстандағы алғашқы француз университеті – Сорбоннаны ашумен айналысқан едім.
Қазақстан міне енді тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуді қолға алып отыр. Жасыратыны жоқ, бұл – Францияда да бар проблема. Біз Аббе Пьер қорымен бірлесе отырып өз елімізде тұрғын үй мәселесін шешуді қарастырудамыз. Өйткені бұл – кезек күттірмейтін, кейінге қалдырмайтын бүгінгі күннің өзекті проблемасы.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өз елінде бизнес бастағысы келетін мыңдаған адамға шағын несие беруді кеңейтуге деген ниетіне, бастамасына кез келген адам қолдау білдіретініне сенімдімін. Өз кезегінде бұл қазақстандық қоғамды экономикалық тұрғыдан ерекшелендіре түседі. Менің осынау ізгі ниетті тілегім Қазақстан Президентінің жоба-жоспарын іске асыруға септеседі деген ойдамын.
Марек ХАЛЬТЕР,
қоғам қайраткері, құқық қорғаушы (Франция)