Тұсаукесер рәсімін жасауға келген Еуразиялық интеграция институты директорының орынбасары Наталья Калашникова жаңа зерттеу еңбегінің ерекшелігі мен маңызын сөз ете отырып, институттың ғылыми жобаларымен де таныстырып өтті. Ұжымдық іргелі еңбекте Қазақстандағы әлеуметтік-саяси үдерістер сарапталып, азаматтық қоғамның әрі қарайғы дамуының келешегі, қоғамдық сананы қалыптастыру мен нығайтудағы саяси азаматтық институттардың рөлі тарқатылады. Монография Еуразиялық интеграция институты жүргізген әлеуметтік зерттеулердің түйінін топтастырған.
Бүгінде Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде толықтай қалыптасты. Бұған ара-жігі бөлінбестен, өзара теңдестірілген ішкі және сыртқы саясат мүмкіндік туғызды. Бірақ соңғы он жылдағы халықаралық мәселелердің дамуы қауіпсіздік параметрлерін өзгертіп жіберді. Ауқымды саяси мәселелердің шиеленісуі кезінде халықаралық қауымдастықтың қатысушылары экономикалық санкцияларды белсенді қолданып, мемлекет пен қоғамның барлық өмір сүру салаларына әсер етудің жаңа тәсілдерін пайдалана бастады. ХХІ ғасырда әлемнің өзгергені сонша, бүгінде тек қана бәсекеге қабілетті мемлекет және интеллектуалды дамыған ұлт қана уақыт сынағы мен жаһандануға қарсы тұра алатыны анық байқалып отыр. Осындай беталысты бағамдаған алдыңғы қатарлы мемлекеттер өз дамуының жаңа стратегиясы мен жүйесін қолға алды.
Мемлекет құрудың жаңа кезеңіндегі мұндай даму үлгісін Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты ел халқына жолдаған Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айқын белгілеп берді. Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы туралы жаңа еңбекте Президенттің реформатор ретіндегі тұлғасы ол ұсынған тың идеяларды талдау арқылы даралана түседі. Саясаттанушы мамандар жүргізген кешенді әлеуметтік зерттеулер нәтижесі қоғамдық сананы қалыптастырудың маңызды бөлігі іспеттес. Үшінші жаңғыру міндеттерін жүзеге асыру жолында, азаматтардың белсенділік деңгейін зерттеуде мамандар құндылықтар мен мақсатты алға қойған биік қоғамдық қолдауды сезінді.
Жалпы алғанда, Наталья Калашникованың айтуынша, монографияда тұрғындардың әлеуметтік көңіл күйді сезіну, қазақстандық қоғамның өзіндік дамуы мен өрістеуі, сондай-ақ халықтың әртүрлі мәртебедегі тобының жаңғыру үдерісін қабылдау деңгейі сияқты қиын әрі маңызды құбылыс болып табылатын әрі біріне-бірі ұқсамайтын әртүрлі әлеуметтік-мәдени факторлар жан-жақты зерттеліп, кеңінен сарапталған.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ