Сапалы білім, саналы тәрбие жолында
Еліміздің ұлық мейрамы – Тәуелсіздіктің 20 жылдығы бүкіл халқымыздың ортақ мерекесіне айналып отыр. Бұл мерейтойды қазақстандықтар үлкен еңбек табысы үстінде қарсы алуда. Оны редакциямызға кең-байтақ Отанымыздың түкпір-түкпірінен толассыз келіп түсіп жатқан хаттар легі айғақтайтындай.
Төменде жарияланып отырған хаттарда сондай-ақ, Қазақ елінің мерейлі мерейтойына орай шын жүректен шыққан тілектерде жан-жақты көрініс тапқан. Осының барлығы отандастарымыздың шаттыққа толы көңілдерімен қатар, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін білдіреді. Ендеше, біз де той, тойға ұлассын, ағайын, дейміз.
Жуырда мектебіміздің 15 жылдығын атап өттік. Ел мерейтойымен орайлас келген гимназияның ашылу тарихына көз жүгіртер болсақ, жасампаз 20 жылдық тарих бетіне жазылған бір парағындай сол күндер көңілге ыстық сезіледі. 1989 жылы қалалық №3 орыс мектебінде тұңғыш қазақ сыныбы ашылғаннан-ақ болашақ ұрпақ жайын ойлаған елжанды азаматтар тарапынан солтүстік өңірдің орталық қаласында ана тілімізде білім, тәрбие беретін ұлттық шаңырақ ашу мәселесі жиі көтеріле бастады. Тәуелсіздік жарияланған жылы ғимараттың іргетасы қаланып, содан араға бес жыл салып 1996 жылы жаңа үлгідегі 320 орынды қазақ мектебі – классикалық гимназия пайдалануға берілгенде қуанбаған жан қалмады. 12 сынып жинақталып, 266 оқушы ана тілінде оқуға тілек білдірді. Жаңадан құрылған ұжым көп жылдық тарихы бар орыс тілді мектептермен бәсекеге түсе алатындай дәрежеге жетіп, көпшілік тілегін ақтай білді. Педагог кадрлардың кәсіби шеберлігін жетілдіру, жас мамандармен толықтыру бағытында көп жұмыстар атқарылды. Білім ордасының мәртебесі мен классикалық атына сай ұлттық-мәдени орта қалыптастырылды.
15 жылда жеткен жетістіктеріміз көп. Осы мерзім ішінде 17 түлегіміз «Алтын белгімен» бітіріп шықты. Республикалық, халықаралық білім байқаулары мен олимпиадаларда жеңімпаз, жүлдегер атанғандар аз емес. «Болашақ» бағдарламасы аясында жеті түлегіміз шетелдерде оқып жүр. Қазір гимназияда 800-ден астам бала бірегей ақпараттық жүйе бойынша білім алады. 22 спорт секциясы жұмыс істейді. Мәдени және полимәдени білім беру арқылы қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу ісі жүйелі жүргізіледі. «Ежелгі түркі мәдениеті», «Дүниежүзілік көркем әдебиет» курстары енгізілді. «Абайтану», «Мирас» « Республика байлығы» танымдық клубтары жұмыс істейді. Музыкалық студияға 200-ге жуық шәкірт барады.
Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өткен азаттыққа біздер жетіп отырмыз. Елбасымыздың дана басшылығының арқасында бейбіт, тату-тәтті өмір кешіп, ерлігімізді, елдігімізді төрткүл әлем таныды. Петропал қаласының қақ төрінде орналасқан қазақ гимназиясы да Тәуелсіздігіміздің бір шамшырағындай шуағын жан-жағына шашып, білім нәрімен нұрландырып тұрғанын бәріміз мақтан етеміз.
Гүлдарай ҚАЙНЕТОВА, Петропавл қалалық классикалық гимназия директоры.
Солтүстік Қазақстан облысы.
Көкбайрақты желбіретер жақсылық көбейсін
Еліміз тәуелсіздік алған тұста Қазақстанда зауыт-фабрикалар жоққа тән болатын. Барының өзі жұмысын тоқтатып, жұмысшыларға жалақы бере алмай, банкроттықтың алдында тұр еді. Зейнетақының зарықтырған, жәрдемақының жүйкені жұқартқан кездері аға буынның әлі есінен шыға қойған жоқ. Осындай қиындықтар жан-жақтан шырмап, халықтың тарыға бастаған сәтінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы сауықтыру шараларын бастады. Рас, алғашында экономикаға қаржы салу оңай болмағанын да білеміз. Сол себептен, шет ел инвестициясын тартты, ірі мұнай кеніштерін шетелдіктермен бірлесе игеруге қадам жасады. Мұның жемісі бір-екі жылдан соң көрініп, тұралаған экономиканың тамырына қан жүгірді. Бүгін осының бәрі көрген түстей, бірақ Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасуының тарихи беттеріне жазылғанын ұмытудың жөні жоқ.
Біз – аға буын өкілдері осының бәрін көрдік, көңілге түйдік. Көрші елдердің Қазақстанның шет ел инвестициясын тартуына күдікпен қарағанын да білеміз. Алайда, кезінде Қазақстанның болашағына сенімсіздікпен қараған кейбір мемлекеттердің басшылары енді біздің елімізде жүргізілген реформаларды, Нұрсұлтан Әбішұлының саясаткерлігін, ел басқарудағы тәжірибесін үлгі тұтатынын жасырмайды. Өзге елдер қызығатындай қазір Қазақстанда үдемелі индустриялық-инновациялық жобалар іске асырылып жатыр. Кейбір елдерде мұндай жобалардың әлі қолға алынбағанын ескерсек, Қазақстанның, қазақ халқының келешегі кемелдене түсетінін әркім-ақ ұғынуы керек. Мұны тәуелсіздігіміздің мерейлі мерекесі қарсаңында кейінгі толқынға үнемі айтып жүреміз. Себебі, оң-солын енді танып жатқан жастар Қазақстанның бүгінгі зор жетістіктерге қандай қиындықтармен қол жеткізгенін білуі қажет.
Атырау облысының ардагерлері тәуелсіздік тойы қарсаңында жастардың қанымызда бар ибалығын, қарапайымдылық, мейірімділік секілді асыл қасиеттерін аға буынның тәрбиесі арқылы бойға сіңіретінін біледі. Сол себептен, тәрбиелік маңызы зор шараларды жиі ұйымдастырамыз.
Қатимолла РИЗУАНОВ, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Халыққа мінсіз қызмет ету мақсатымен
Қазірде ел өмірінің қай саласында болса да оңды өзгерістер жетіп артылады. Одан пошта саласы да кенде емес.
Яғни, біз тек елді түрлі басылымдарға жаздыртып, соны таратумен ғана шектелмей, басқа да қызмет түрлерімен айналысудамыз. Айталық, зейнеткерлерге зейнетақысын уақытында жеткізіп береміз. Оның сыртында жергілікті тұрғындардан түрлі төлемдерді және қабылдап алудамыз. Былтырғы жылғы таза пайдамыз 32 миллион теңге болса, биылғы жылдың өткен 9 айындағы бұл көрсеткіш 47 миллионға жетіп отыр. Ал газет тарату жағдайына келсек, соңғы он жылда ел басылымы «Егеменнің» мұндағы таралымы екі есеге артып, өткен жылы 1500 данаға жетті. Биыл бұл межеден де асып түсетін секілдіміз.
Ал осының бәрі егемендігіміздің, елдігіміздің арқасы. Ендеше, сол егемендігіміз баянды болсын.
Манарбек МОЛДАРАХИМОВ, Семей қалалық байланыс торабының бастығы.
Қызылағаштықтар дән риза
Азаттықтың ақ таңы арайлап атқан мерей сәт күн өткен сайын жақындап келеді. Орайы келген жұмыс ауқымы да жалғасып жатыр. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан жұртшылық тиянағы келген әрбір толымды істерге алғысын айтып, ағынан жарылуда. Солардың қатарында алапат су тасқынынан зардап шеккен Қызылағаш ауылының халқы да бар.
– Осылай деуім толық негізді. Өйткені, көктемгі тасқынның салдарынан бүтін бір ауылды су шайып, бар жиған-тергенімізден айрылып, сансырап қалғанымыз бүгінгідей есімізде. Сол сәтте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке жедел тапсырма беріп, бүкіл Қазақстан халқы қолдау көрсетті. Қайғымызға ортақтасты, барымен бөлісті. «Қайғыны бөліссе азаяды» деген осы ғой. Кешегі алапат су тасқынынан жапа шеккен халықтың тән жарасын уақыт осылай емдеді.
Бүгінгі Қызылағаш ертегідегідей жаңарған, жасарған. Тәуелсіздік мерейін қуанышпен қарсы алуға жұмылған. Қаз-қатар тізілген әдемі үйлер мен тақтайдан түзу көше, халыққа мәдени-тұрмыстық қызмет көрсететін мекен, мектеп, балалар бақшасы, тағысын тағы нысандар ауыл ажарын айшықтай түскен. Орталық көше бойында сол қиындықты еске салатын сәбиін қорғауға ұмтылған ана бейнесі кескінделген ескерткіш-белгі орнатылды. Саябақ та жайқалып келеді.
Қызылағаш ауылындағы құрылыс жұмыстары сапалы атқарылып, 465 үй жаңадан салынды. Және 30 үй күрделі жөндеуден өтті. Осының бәрі тәуелсіздігіміздің арқасы, елдегі береке-бірлік, ынтымақтың беріктігінен. Мұндай сәулетті ауыл республикада кемде-кем. Қазір халыққа үйлерінің құжаттары рәсімделіп, берілуде. Бұған қалай қуанбайсың.
Жаңа балабақша пайдалануға берілді. «Нұршуақ» сәбилер мекеніне бүлдіршіндерін тапсырғандар алаңсыз еңбекке араласты. Өзім немерелерім Айжан мен Арсенді бақшаға апарып, олардың халқымыздың салт-дәстүрі мен тілін білуіне әжелік үлесімді қосып жүрмін.
Әрдайым елімізде тыныштық болсын. Қазақ халқының біртуар ұлы – Елбасына ауылдастарымның атынан алғыс айтамын.
Тілеш ЖАРҚЫНБАЕВА, Қызылағаш ауылының тұрғыны.
Алматы облысы.
Егемендік алдық, ел болдық тәуелсіздіктің тұғырын біліммен бекітейік!
Мен – ғұмырымды білім беру саласына арнаған жанмын. Бірнеше мектепті басқардым. Қостанай ауданындағы Глазунов орта мектебінің директорлығы қызметіне келгенімде, білім ұясының маңдайшасында ілінген «Қош келдіңіздер!» деген сөз қазақша емес, орыс және неміс тілдерінде жазылған екен. Өйткені, бұл ауылда көбіне неміс ұлтының өкілдері тұратын. Мектеп орыс тілінде білім берді. Ал, өзіміздің ағайындар балаларын қазақ мектебі бар жерге жіберіп, сонда интернатта жатқызып оқытады екен. 90-шы жылдары жоғары білімі бар мұғалімдер қазақ мектебі болмаған соң, үйде жұмыссыз отырды.
Мен келген жылы алдымен бастауыш қазақ сыныптарын аштым. Келесі жылы орта сыныптар тағы ашылды. Өз еліміздің бір ауылында қазақ тілінде білім беруді осылай тақыр жерден бастаған едік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экономика құлдырап, ауыртпалық болғаны көпке мәлім. Соған байланысты Торғай өңірінен, алыс аудандардан ағайындар Глазунов ауылына көшіп келді де, жыл сайын қазақ сыныптарындағы балалар саны да көбейе берді. Тәжірибесі мол мұғалімдерді жұмысқа шақырдым. Сонымен, көп ұзамай-ақ білім ұясы қазақ-орыс аралас мектебі болып шыға келді. Қазір мектебімізде орыс сыныптарына қарағанда қазақ сыныптарының үлесі басым. Педагогика ұжымы ұйымшыл, білім сапасы үшін ұстаздар аянбай еңбек етеді. Білім сапасы жөнінен Глазунов орта мектебі Қостанай ауданында бірінші орынға шықты. Мектептегі оқушылардың 50 пайызы тек жақсы және үздік оқиды.
Тәуелсіздік – алақанға қонған бақ. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатының арқасында басқа жерлердегі сияқты ұрыстан, соғыстан аманбыз. Халқымыз бейбіт күннің шуағына малынып, өмір сүріп жатыр. Міне, осындай бақытты уыстан шығарып алмау үшін алдымен аталарымыз аңсаған осы азаттықтың, бостандықтың қадіріне жетуіміз керек. Ауыл мектебінде қаламен бірдей Интернет, интерактивтік тақта, мульти-медиалық кабинеттер болады деп қашан ойлаған едік? Бүгінде ауыл баласы ештеңеден мұқтаж болып отырған жоқ. Біздің шағын ауылдағы мектептің өзінде 2 интерактивтік тақта, 3 Интернет сынып бар. Мектеп оқушылары қазақ тілінде де, орыс тілінде де еркін сөйлейді. Біз балалардың үш тілді меңгеруі үшін жұмыс істейміз. Мұғалімдердің барлығы да компьютерді меңгерген. Педагогикалық кеңесте әр мұғалімнің үйінде компьютер болуы керек деп шештік.
Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болуы үшін еліміздің болашағы саналатын жас ұрпаққа сапалы білім беруіміз керек. «Білімді мыңды жығады» дегендей, білім мен ғылым дамығанда ғана еліміз қандай бәсекеге де нық тұра алады. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық тойы– басқа тойдан өзгерек. Себебі, Қазақ елі бұрын қамшының сабындай аз ғана уақытта дәл мұндай дәрежеге көтерілген емес. Сондықтан әлем таныған, мойындаған Қазақстанның бар жетістігі қасиетті еркіндігіміздің арқасы деп білеміз. Болашағымыз әрқашан осындай жарқын бола берсін!
Қабылан РАҒАТ, Глазунов орта мектебінің директоры.
Қостанай облысы,
Қостанай ауданы.
Атамекен мәңгілік көкейде тұрады
Біздің Бұланбай ауылы тым шалғайда, Сілеті даласында. Осы жерде Түгел, Ермек пен Бармақ батырлар қалмақтармен шайқасқан. Мен өмірімнің 40 жылын жылқы бағып ат үстінде өткіздім. Қазір тәулігіне 500 шақырымға дейін жер жүріп өтетін солтүстіктің қатал қысына төзімді, Жәбе тұқымды жылқы өсіреміз. 2000 жылқы бағамыз. Былтыр 600 құлын туды. Академик Игорь Нечаев келіп кетті. Бұл күндері біздің жылқы шаруашылығымыз еліміздегі «Жылқы шаруашылығы мал азығын өндіру ғылыми-зерттеу серіктестігімен» бірлесіп жұмыс жасауда. Алдағы жылдары осы шаруашылық негізінде жылқы зауытын ашпақ ойымыз бар.
Еліміздің аудан, ауылдарын аралап, әр табыннан тұқымы жақсы ерекше жылқыларды таңдап алып, өз жылқыларымның арасына әкеліп, табын ортасын жаңартып тұрамыз. Жұбайым Күләш екеуміз 9 бала тәрбиелеп өсірдік. Кішкентайларынан әкелеріне көмектесіп, жылқы бағудың қыр-сырын үйренді. Жылқы өсіру көңілге бітеді. Бұланбай ауылы Кеңес өкіметі жылдарында Сілеті совхозының фермасы болды. Совхоз тараған соң, бәрі жан-жаққа кетті де қалды. Ауылдан ел кеткен қандай жаман. Содан бос қалған үйлердің біріне жайғастым.
Ен даланы бос қалдырмай жылқы өсіре бастадым. Ата-баба жолын қуып, осы күнгі жаңа қазақ байының үлгісін жасап, елге, өзге жұртқа танытқым келді. Елбасы мал өсір, ауылда кәсібіңді аш, көмегімізді ал деп отыр ғой. Егемендік төрге шықты. Елдің, қазақтың еңсесі көтерілді, көңіл өсті. Мен де осы қуанышпен ел мерейтойы қарсаңында жұртшылықты құттықтағым келеді. Бұл күнді көрген адам бақытты. Тіл-көзіміз тасқа. Былтыр ауылға үйлер салдық. Елдік деген осы. Қазір шаруашылыққа қазақ дәстүрі бойынша кіші ұл Дулат бас-көз болып жүр. Біздің міндетіміз – жастарды баулып, жылқы бағудың қыр-сырын үйрету ғой. Егемендікті сақтау жастардың қолында.
Амантай МУСИН, шаруа қожалығының басшысы.
Павлодар облысы,
Ертіс ауданы.
Өзгеріс өз қолымызда
Жақында кешегі өтпелі кезең қиындығына төзе алмай, тарихи ата-баба жұртына көшіп кеткен бұрынғы жерлесімді кездестіріп қалдым. Өзі мекен еткен ауылымызды көруге келіпті. «Менің кезімде мынадай тамаша ғимараттар жоқ еді. Қалай, қашан салып алғансыңдар», деп жарқыраған мешітке, Мәдениет үйіне, спорт кешеніне, еңселі мектепке, интернатқа, тойханаға, қымызханаға тамсана қарап, таңырқайды. «Бұлай боларын білгенде сендердің орталарыңнан кетпес едім» дейді өкінішін жасырмай.
Шынында, бұрынғы Изендіміз бен қазіргі Изендіміздің айырмашылығы жер мен көктейлігін жұрттың бәрі айтады. Бұдан жиырма жыл бұрын шаруашылығы берекесі қашқан, тұрғындар қала жаққа жөңкіле көшіп, үйлер қаңырап бос қалып, болашағы бұлдыр күйге түскен бір бүйірдегі ауыл еді. Ал бүгін соның елесі де жоқ. Жаңарып-құлпыруы таңырқатқандай аудан, қала берді аймақтағы ең көрікті мекен. Осының бәрі өз күшімізге сүйеліп жасалды. Егін егіп, мал өсірген ауылдастарым табыстары соған ықпал болды.
Тәуелсіздік басында кейбіреулердің «Сендердің қолдарыңнан не келуші еді. Енді тіпті құлдырайтын шығарсыңдар», деп мұқатқандары да болғанын қалай ұмыта аларсың. Оларға қолымыздан келместей көрінгенді келтірудің үлгісі көрсетілді. Жылдан-жылға көркейген Изендіміз көрінісі дәлел бұған.
Еліміз мерейлі мереке құшағында. Биылғы қыс ажары да әдемі болып, айналадағыдай адамдар көңілі де аппақ. Құт, береке, бірлік, туысқандық түп тамыры сонда деп білемін. Отандастарыма тән осы қасиет еліміздің өркендеуіне бастай беруін тілеймін.
Қанат ОТАРБАЕВ, «Құрмет» орденінің иегері, «Отқанжар» ЖШС жетекшісі.
Қарағанды облысы,
Нұра ауданы,
Изенді ауылы.