Бірінші бастама – әр отбасының баспанаға қолжетімділігін қамтамасыз ету. Атап көрсеткенде «7 – 20 – 25» бағдарламасы бұл сіздің өміріңізді жеңілдететін сиқырлы сандар. Нақтырақ айтсақ, осы уақытқа дейін банктер үй алуға несиені 18-30 пайызбен, алдын ала 50 пайызын төлетіп, 20 жылға дейін беретін болса, енді Елбасы несие пайызын 7 пайызға дейін, алдын ала төлемді 20 пайызға дейін азайтып, несиені өтеу мерзімін 25 жылға дейін ұзартатынын айтты. Үйсіз-күйсіз жүрген біраз адам үйлі болатынына сенім бар. Осыған өз басым өте қуаныштымын.
Екінші бастама – төмен жалақы алатын жұмысшылардың салық жүктемесін он есеге азайтып, 1 пайызға түсіру. Бұл бастама 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асады. Аз ғана жалақымен отбасын асырап жүрген адамдардың жағдайы аздап болсын түзелмек.
Үшінші бастама – жоғары білімге қолжетімділікті арттыру және оның сапасын көтеру. 2018-2019 жылдары әр жылға қосымша 20 мың грант бөлінетінін айтты. Жылда жазда басталатын «гранттың жыры» бәсеңситін болды. Колледждер мен университеттерге 2022 жылға дейін кемінде 75 мың орындық жатақхана салу жүктелді. Бұл жастардың алаңсыз білім алуына зор көмек.
Төртінші бастама – шағын және орта бизнеске дем беріп, жаңадан бизнес бастағандарға қолдау көрсету үшін жеңілдетілген шағын несие көлемін арттыру.
Бұл әлеуметтік бастама шынында да өз ісін ашамын, кәсіп жасаймын дегендер үшін үлкен мүмкіндік. Яғни, мыңдаған адам жеке ісін дөңгелете алады. Әсіресе ауыл-аймақтарға, ауылдағы кәсіпкерлікке өте қажет. 2018 жылы жеңілдетілген шағын несие көлемін арттыру үшін қосымша 20 миллиард теңге бөлінеді.
Бесінші бастама – Қазақстанның орталық және солтүстік аймақтарына газ тарту халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту, экологияны сақтау, халық денсаулығын сақтау мен қорғаудың бір жолы деп білемін. Қазақстан халқына арнаған әрбір Жолдауында өткенді саралап, болашаққа бағдар жасай отырып, Үкімет алдына жаңа міндеттер жүктейтін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамалары бұдан да биік, бұдан да асқаралы мұраттарға жетелейтіндігіне, қазақстандықтардың болашаққа деген үміттерін арттыра түсетіндігіне сенім мол.
Гүлдана ЕСМУРЗИНА,
Көкшетау қаласы тілдерді оқыту орталығының директоры
Ақмола облысы