Өнер • 30 Наурыз, 2018

Рухани құндылықтарымызды сақтау – басты аманат

3939 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мәдени мұрамыз болып саналатын ескерткіштер уақыт өткен сайын табиғат, адам, қоршаған орта факторларының әсерінен тозады, ескіреді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бүгінгі күні тарих және мәдениет ескерткіштерін қайта жаңғырту жолында өзінің сүбелі үлесін қосып отыр. 

Рухани құндылықтарымызды сақтау – басты  аманат

 

Ескерткіштердің маңыз­ды­лығы мен құндылығын жоғал­т­пай, қайта қалпына келтіретін ғы­лым саласы  «реставрация» деп аталады. Елімізде осы саламен Мәдениет жә­не спорт ми­нистрлігіне қа­рас­ты «Қаз­қай­­тажаңарту» рес­пуб­ли­калық мем­­лекеттік кәсіпорны айна­лы­сады. Осы сәтте тарихи-мә­дени ескерткіштерге күрделі жөн­деу, қайта жаңғырту жұ­мыс­та­рын қарқынды түрде жүр­гізіп отыр­ған аталмыш кәсіп­орын­ның бас директоры Жандос Әубәкірді сөз­ге тартып, мекеме жұмысымен қа­лың көпшілікті хабардар етуге ниеттіміз. 

– Жандос Мағазбекұлы, әңгі­ме­мізді Қазақстандағы рес­тав­рация жайлы, өзіңіз басқарып отыр­ған мекеменің айналысатын міндеттері туралы ақпарат беру­ден бастап, өрбітсек. Себебі бы­лайғы жұрттың біразы бұл ме­кеменің қызметінен хабарсыз екені рас...

– Расында да, былтыр осы қыз­­метке тағайындалған кезде, ру­ханият саласынан тыс­қары жер­­де еңбек ететін кей­бір та­ныс­­тарымның: «Қандай рестав­ра­­циялық жұмыс жасайсыңдар, ме­­кеменің ерекшелігі н­еде?» деп сұрағанынан кә­сіп­ор­ны­мыз­дың тыныс-тірші­лі­гінен көп­шіліктің бейхабар екенін бай­қадым. Әлемге әйгілі ХІХ ға­сыр­ды­ң соңында салынған, құрас­ты­рушысы Густав Эйфельдің аты­мен аталған мұнарасы бар, мәдениет және тарих ескер­ткіш­теріне бай ел француздар «рес­таврация» сөзіне «құнды жағ­дайға келтіру, бағасын қа­лып­қа келтіру» деп анықтама бер­ген екен. Қазақстанның бар­лық өңірлерінде ғана емес, жа­қын және алыс шетел­дерде де ру­ханиятымызға қатысты та­­ри­хи ескерткіштер мен мә­де­ни­ет ошақтарын қайта жаңғ­ыр­ту ісімен шұғылданып келе жа­т­қан «Қазқайтажаңарту» кәсіп­ор­нының тарихы 1972 жылдан бас­талады. Жұмысымыздың негізгі ба­ғыттары: тарих, мәдениет жә­не сәулет ескерткіштерін жөн­деу, қайта қалпына келтіру, кон­сер­вация бойынша жұмыстар жа­­сау, регенерациялау және мұ­ра­жайландыру, ғылыми-зерт­теу жұмыстарын жүргізу, е­с­кер­ткіштердің жинағын дайындау, Қазақстан Республикасы және шетелдерде монументалды ескерткіштер орнату болып табылады. Кәсіпорын қызметінің басты мақсаты да – ғылыми негізде мәдени мұраны сақтау және дамыту.

Ең алғаш жұмысын трест ре­тінде бастаған кәсіпорынның бү­гінгі таңда Қазақстанның Та­раз, Түркістан, Қызылорда, Орал қала­ларында бөлімшелері жә­не Алматы қаласында ғылы­ми-зерт­теу және жобалау институты бар. 

– «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасында тереңірек қоз­ғал­ған «Қазақстанның ки­елі жерлерінің география­сы» мә­селесінің бір қыры «Қазқай­та­­жаңарту» мекемесіне де ке­ліп тіреледі. Бұл бағыттағы жұ­­мыс­тарыңызды қалай үй­лес­­тіресіздер?

– Бабаларымыздың найза­ның ұшымен, білектің күші­мен қорғап, Алтай мен Аты­рау­­дың арасында, Алатау мен Ұлытаудың, Қаратау мен Шың­ғыс­таудың, Есіл мен Ер­тіс­тің бойында аманатқа қа­л­дыр­ған ұлан-байтақ жеріміз та­­рих жә­не мәдениет, сәулет ес­­кер­т­кіш­­теріне бай. Осы бағ­зы­ның кө­зіндей асыл құнды­лық­та­ры­мызды қорғап, болашақ ұр­пақ­қа қаз-қалпында жеткізу біз­дің асыл борышымыз. Қаншама ға­­с­ырлық тарихты бойына жи­нақ­­таған, археологиялық зерт­­теу­лер арқылы құпия сы­ры ашы­ла бастаған көне қал­а­лар құ­рылысын бүгінгі бу­ынға мей­лінше сынын да бұз­бай жаң­ғыр­та отырып, ерек­ше­лік­терін де сақтап көрсету кә­сіп­­орынның алға қойған басты мін­деттерінің бірі. 

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында кәсіпорын 150-ге тарта ескер­ткішті қайта жаңартудан өткізді. Бүгінде қызметін мини­стр­ліктің стратегиялық жоспары шең­берінде жалғастырып келе жат­қ­ан осы ізгі істердің жалғасын та­буы, үрдісі үзілмегендігі көне­нің көзі мен ғалымның сөзі өл­мей­тіндігінің нағыз айғақ-дә­лелі болса керек. Тарих және мә­де­ни­ет ескерткіштеріне арнал­ған жұмыстар тек елімізде ға­на емес, Египет, Сирия және Моң­ғо­лияда да жүргізілген. Со­ны­мен қатар қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының көрші Ресей елінің астанасы Мәскеу қаласында орналасқан ескерткіші де қайта жаңғыртылды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ла­сы бүгінгі таңда еліміздегі тарих ескерткіштері мен мәдени ошақ­тарын қайта жаңғыртуға айрықша ықпал етіп отыр.

– Мекеменің негізгі міндеті  –  ескер­ткіштерді қайта жаң­ғыр­ту. Ол тек реставрациямен ғана айналыса ма? Осы бір жұмысты атқаратын мамандар біліктілігіне толықтай сенім артуға бола ма?

 Қандай да бір нысанды қайта жаңғырту кезінде құй­ма­лы бұйымдарды, тастан қа­шалған, ағаштан жасалған, ке­ра­микалық, зергерлік бұйым­дарды, жиһаздарды  және тағы басқа көптеген дүниелерді қайта жаңғырту қажеттігі туындайды. Қазіргі таңда осы аталған жұ­мыстарды іске асыруға пайда­ла­натын Алматы қаласында өзім­іздің шеберхана цехымыз және пластик есік-терезе дайындайтын құрылғымыз бар.  Осыған қоса, Түркістан қаласында қыш құятын цехымыз бар. Тарихтан білетініміздей, заманында Дүзен кесенесін тұрғызу үшін алғаш құйылған кірпіш нашар шығып, кірпіш құю және оны күйдіру тәсілдерін кесене салушы арнайы Түркістан қаласына барып үйреніп келген. Бұл ХІХ ғасырдың аяқ шенінде болған оқиға. Одан бері Түркістанда кір­­піш құю, күйдіру ісі дамы­ма­са, кері кеткен жоқ. Сол Түр­кіс­тан қаласында орналасқан цех­­тан Қазақстанның барлық қала­­ларындағы қайта жаңғырту жұ­мыстары жүргізіліп жатқан ны­сандарға кірпіш дайындалады. 

Ал нысанға қайта жаңғырту жұмысын жүргізу үшін  жоба ав­торы барлық мәліметтерді жинап, жіктеп, саралап, ой елегінен өт­кізеді. Ескерткіштің салыну тарихы, тозуына әсер еткен фак­торлар барлығы да есепке алы­нады. 

– «Қаз­қайтажаңарту» кә­сіп­ор­нының жалпы  бұрын­ғы кеңестік ел­дердегі осы тек­­тес мекемелермен са­лыс­тыр­ғандағы орны қандай?

– Е­лімізде 25 000-нан астам та­рихи-мәдени ескерткіш бар. Т­а­рих және мәдениет ескер­ткіш­­терінің саны жағынан ТМД елдері арасында алғашқы бес­тікке енеміз. Сол шептен қалмау үшін, ескер­т­кіштердің тарих шаңында, не болмаса тасада қалмауы үшін бүгінгі күні 25 та­рих және мә­де­ниет  ескерткіштеріне қай­та жаң­ғырту жұ­мыстарын жүргізуді бас­тағалы отыр­мыз.  Былтыр 25 тарих және мәдениет ескер­кіштеріне жос­парланған рес­­таврация жұмыс­та­ры жасал­­ған болатын. Осы еск­ер­­кіш­те­рдің қатарында аты қа­зақ жұр­тшылығына ғана емес, әлем­­ге мәшһүр Арыстан баб ке­се­несі, Қожа Ахмет Ясауи ке­се­несі, Абай Құнанбайұлының ме­мо­риалдық кешені де бар. На­қ­тылап айтатын болсақ, 2017 жылы Алматы қаласында орналасқан «Мәдениеттерді жақындастыру» орталығында, Орталық музейде қайта қалпына келтіру жұ­мыс­тары жүргізілді. 

Орталық Қазақстандағы Дү­зен кесе­несінде, Маң­ғыс­тау­да­ғы Сисем ата қорымында, Көне Бей­неу қорымы және Бекет ата мешітінде, Оңтүстіктегі Отырар, Түркістан, Сауран, Күлтөбе қала­шықтарында, Аппақ ишан сәу­лет кешенінде, Ноғай ишан ме­шітінде, Қос­та­найдағы Екідін нысандарында, Қызылордадағы Қазалы Ғани­бай үйінде, солтүс­тік­те Қара­сай мен Ағынтай ба­тыр­лардың мемориалдық ке­ше­нінде,  Жамбыл облысында Ақыртас сәулет-археологиялық ке­­шенінде, Шоқай Датқа ке­се­несінде, Қарахан мен Айша би­бі кесенелерінде, Тараз, Ақ­төбе қа­лашықтарында, Атырауда Сарай­­шық қалашығында қай­та жаңғырту жұмыстары жүр­гі­зілді. 

– Тарих және мәдениет ес­кер­ткіштерін қайта жаң­ғырту кезінде қандай ғылыми, тарихи деректерге сүйенесіздер?

 Мәдени ескерткіштерді, ғима­рат­тарды, тарихи жәдігерлерді қай­та қалпына келтіру жұмыс­та­рын жүргізу барысында мін­детті түрде архивтердегі ғы­лы­ми құжаттарды зерттеп, осы салада қызмет атқарып жүр­­ген зерттеушілер мен ға­лым­дар­мен біріге отырып жұмыс істейміз. Әр жұмысты жос­парлау барысында жоба жа­сау­шыларымыз еліміздегі жә­не шет елдерден табылған де­рек­терге, мағлұматтарға сүйе­неді. Сәу­­летшілер мен құры­лыс­шы­ла­ры­мыз ғылыми негізде жасалы­нып ұсынылған жоба негізін қатаң түрде басшылыққа  алады. Консервация жұмыстарын жүр­гі­зу барысы да жүйелі кезең­дер­мен өрбіп, іске асады. Зиялы қау­ым өкілдерінің пікірлері, ел аузында сақталған аңыз-әң­гі­мелерді де назардан тыс қал­дыр­маймыз. Тарихи маңызы бар ны­сандар мен ескерткіштерді қай­та қалпына келтіру барысын­да қажетті заңдылықтар мен бел­гіленген талаптар қатаң сақ­та­лады. 

Әңгімелескен
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»