Мұнда Евней Бөкетов те жүрген. Өзі – химик, өзі – лирик. Төбеден қамшы ойнатқан қатыгез совет өкіметі оның да маңдайынан сипай қойған жоқ. Көп қорқытты, терең батырды. Ол да қазағына Құдай берген құдіретті дарын-арынын сарқып бере алмай, іш құса болып фәниден бақиға озды.
Қазір осы шаһардың көшесінде алшаң-алшаң басып Темірғали Көкетаев жүр. ХХ ғасырдың ғұламасы! Ол атақты жапондардың ұсынысымен оған 1999 жылы Кембридждегі Халықаралық Биографиялық орталық берген. Омырауында соның күміс медалі. Екі ғасырдың бірдей аса көрнекті физигі! Резерфорд емес, Эйнштейн де емес, Көкетаев. Қазақ! Америка, Англия немесе Жапония топырағында туғанда абырой-атағы бұдан да асқақ болар ма еді. Бірақ бұл жолы Алланың таңдауы Алашқа түсті.
1964 жылы Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік педагогика институтының физика-математика факультетін тәмамдап, Эстонияның Тарту мемлекеттік университетіне жол тартады. Эстондар сол кездегі Кеңес Одағының құрамындағы Балтық жағалауы елдерінің бірі еді. Орыс отаршылдығының қамытын бізден гөрі кештеу киген. Университетінде екі жарым мыңнан астам студент оқиды, 92 кафедрасы бар. Ғылыми қарым-қуатының қандай болғанын елестете беріңіз енді...
Темкең осы университетте 54 тіл білетін филологті көріп, аң-таң қалған. 18 тіл білетін студентпен жатақханада бірге тұрады... Осында жүріп 1970 жылы докторлық диссертациялар қорғайтын маманданған ғылыми кеңесте «Мыс және күміс иондарының сілтілі-галоидтік кристалдардағы люминесценция орталықтарының табиғаты» туралы кандидаттық диссертациясын қорғады. Физиканың заңы бойынша 180 градусқа дейін қыздырылған қандай болсын қатты дене сыртқа жарық бермей қоймайды екен. Көкетаев суық жарықты ойлап тапқан. Дене қызбай-ақ сыртқа жарық шығарады. Бұл – физика ғылымында бұрын-соңды болмаған соны жаңалық еді. ХХ ғасырдың ғұламасы атағын алып берген ғылымдағы жаңалығы осыдан төркіндейді. Ғылыми жетекшісі поляк ғалымы, профессор Г.Лучик. Ол Көкетаевтың диссертациясындағы оқшау ой-толғамдарға келіспеген көрінеді. Кеңес Одағында ғылыми жетекшісінің жетегінде жүрмей, өз идеясын өзі қорғап шыққан бірінші қазақ осы –Темірғали Көкетаев!
Темкең өзіне-өзі мәз болып, өзіне-өзі тамсанып жүретіндерді жек көретін кісі. Бірақ ғұмырында бір-ақ рет тебіреніп егілгенін айтады. 2006 жылы Англияның Оксфорд университетінде лекция оқыды. Бұл дүниежүзінің ұлы физиктері Ньютон, Резерфордтар маңдай терін төккен, әлемдегі саусақпен санарлықтай оқу орындарының бірі. Іргетасы 1242 жылы қаланған. Англияның премьер-министрлері Уинстон Черчиль, Маргарита Тетчер осында оқыған. Т.Көкетаевтың дәрісін Франция, Германия, Англия, Жапония сынды дүниенің іргелі елдерінің жетпістен астам аузына әлем қарап отырған ғұламалары сүйсініп тыңдаған. Бір дәрістің уақыты 50 минут, құны 1500 доллар!
Біздің Темкең дәрісін қазақша оқымақ болған! Сөйтсе физиканың қазақша-ағылшыншасының тәржімасы бір жүйеге түсіп болмаған екен. Еріксіз орысша оқиды. Иманақтай ат шаптырым ауылдан шыққан қазақтың қара баласына әлемнің ірі ғұламалары аузын ашып аң-таң қалған! – Өзіме-өзім сонда бір тәнті болған едім, – дейді Т.Көкетаев.
Дүние жүзінде мұның табаны тимеген жер жоқ. Ғаламды қара үздіріп бара жатқан бір жұрт жапондар ғой. Солармен кездескенде қандай ғылыми шаруамен айналысып жатырсыңдар десе: «Першкиннің «Физикасын» тәржімалап жатырмыз» дейді... «Орыстың орта мектептерге арналған оқулығы бұл. Міне, совет оқу жүйесінің озықтығының бір белгісі! Ал біз не істеп жүрміз?! Бірыңғай ұлттық тестілеу деген қайдан шыққан пәле?!» дейді Т. Көкетаев ыза болып.
Темірғали Көкетаевтың тұла бойы ұлттық рух! Күндіз-түні соны іздейді. Ол физикада жоқ екен... Жаңаарқаның белінен, Сарыарқаның елінен соны іздейді! Соны іздеп «Ақ жол» партиясына барып еді – таппай қайтты! Қазір қайда барарын білмей, дағдарып отыр...
Екінші дүниежүзілік қырғынның кезінде АҚШ атом бомбасын ойлап тауып, оны Хиросима мен Нагасакиде сынақтан өткізді. Сол күннен бастап адамзаттың тағдыр-таланы адамның бармағы баса салатын атомның бір түймесіне қарап қалған... Іле шала Кеңес Одағы одан да алапат сутегі атом бомбасын сынақтан өткізді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Кариб дағдарысы кезінде адамзат баласы атом алапатының алдында тұрған. Сутегі атом бомбасын ойлап табушылардың бірі Андрей Сахаров кейін өз ісіне өзі өкініп, диссиденттік қозғалыстың көсеміне айналды. Ол кезде атом бомбасын жасағандар ерекше мәртебеге ие болған. Көбісінің аты-жөні мемлекеттік құпияға айналған. Тоталитарлық қоғамда физиктер мемлекеттің ерекше ілтипат-құрметіне бөленеді. Лириктер болса қуғында болды. Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенскийлердің антисоветтік өлеңдері Саяси Бюроның шамына тие бастаған. Баспасөзде бұл ақындардың аты-жөнін атауға ЦК-ның арнайы рұқсаты керек болған...
Ғасыр адамы атанған Темірғали Көкетаев:
– Мен физик болғаныма өкінемін! – дейді.
– Неге?
– Қазағымның жоғын түгендей алмадым! Біз Американың үндістері секілді өз байлығы өзіне сор болған елге айналып барамыз. Қазақтың қазаққа жаны ашымайды. Абайдың кезіндегі қазақтан қара үзіп кеткен қазақ саусақпен санарлықтай. Поляктарға қарашы! Парижде баяғыда дүниеден қайтқан Шопеннің жүрегін Варшаваның шіркеуіне әкеліп әспеттеп қойды! Ал біз не істеп жүрміз?! Кенесарының басы қайда?! Біреуге есесін жіберген ел – ел емес! – деді де – Физикадан лирика мықты! – деп қалды. – Менен сен мықтысың!
Мен аң-таң қалдым...
Бір кезде Қарағандының көшесінде ақ маңдайы жарқырап Әлімхан Ермеков, Евней Бөкетов жүрсе, бүгінде алшаң-алшаң басып Темірғали Көкетаев жүр! Бір қалада тұрсақ та анда-санда бір көрем. Той-томалақта. Төрде отырады, әрине. Аузынан ақ майы аққан байшыкештердің арасында. Көңілі құлазып отырады, меніңше. Аналар – мәз-мейрам... Өздерінің кіммен қатар отырғанын сезбейді! Біреуі – ірі компанияның иесі. Біреуі – ең кем дегенде базардың бастығы! Шетінен бай. Тәкаппар! Өр кеуде! Есептері түгел! Осындайда философ Диоген еске түседі. Олимпия сарайынан келген Диогеннен біреулер «Онда халық көп жиналды ма?» деп сұрайды. Сонда ойшыл: «Халық көп, жөні түзу кісі аз», депті! Мынау сондай бір тойдан кейін іле-шала жазылған өлең еді...
Темірғали Көкетаевқа
Физика-математика – несібеңіз,
Алты Алашқа әйгілі есіміңіз.
Бірақ, аға, есебін бұл қулардың,
Сіз шығара алмайсыз – кешіріңіз!
Бұл шайтанның есебі жан улаған,
Шығара алмай, ел естен тануда, аға:
Амалында қосу мен көбейту жоқ,
Бөлу ғана – мұныкі,
Алу ғана.
Мен түгілі, көктегі Құдайға анық,
Көз атаулы барады лайланып:
Бөлуменен алудың күні туды,
Көбейту мен қосуың былай қалып.
Өз есебін шығармай қоймайды бұл,
Біз – етекте,
Төбеден ойнайды құр:
Сізді қалай – ақымақ, мені – мәжнүн,
Елді есалаң тобыр деп ойлайды бұл!
Серік АҚСҰҢҚАР