Бағдарламалар • 02 Сәуір, 2018

«Жасыл экономика» жаңғырығы

20810 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мұнай мен газға, уран мен көмірге бай Қазақстанның әлем елдерінің алдыңғы легінде «жасыл экономикаға» өтуге деген ұмтылысы сүйсінтпей қоймайды. Мұның дұрыс қадам екендігі жыл өткен сайын қуаттала түсуде. 

«Жасыл экономика» жаңғырығы

«Тас дәуірі тастың таусылғандығынан аяқталған жоқ» деген қанатты сөзде айтылғанындай, бұл жерде мәселе біздің елде көмірсутегі қорларының аздығы мен көптігіне байланысты ғана емес екендігін, «жасыл экономиканың» адамзаттың ендігі жүрер жолына айналатындығын осы салада күнделікті ашылып жатқан жаңалықтарға қарап та аңғаруға болады.

Қазіргі кезде қоғамда «жасыл эко­­­но­мика» сөзінің мәнісін әркім әр­түрлі түсінеді. Бірі мұны табиғат­ты сауықтырып, жақсартатын эко­но­ми­каның жаңа саласы деп қабылдаса, енді бірі бұл сөзді жаңа тех­но­логиялардың негізінде табиғатқа көмектесуге және пай­да келтіруге бағытталған экожүйенің өзіндік түрі деп есептейді. Үшінші біреулер экологиялық таза өнімдер өндірісін жаппай қалыптастыра отырып, адамзат дамуының жаңа кезеңіне өту деп ұғады.

Әрине осы түсініктердің барлығы «жасыл экономика» мағынасына өте жақын.

«Жасыл экономика» – бұл табиғи қорларды тиімді пайдалану есебінен қоғамның әл-ауқатын сақтауға бағытталған, сондай-ақ пайдаланылған өнім­дерін өндірістік циклге қай­таруды қамтамасыз ететін экономика. «Жасыл экономика» бірін­ші кезекте, қазіргі уақытта сар­қы­луға ұшыраған ресурстар­ды (мұнай мен газ секілді пайдалы қазбаларды) үнемді тұтынуға және күн мен жел қуаты секілді сар­қыл­майтын ресурстарды тиім­ді пайдалануға қызмет етеді» деп жазылған бұл жайында Элек­трон­ды мемлекеттік қыз­ме­ттер мен Жасыл коалиция сайттарында.

Сонымен «жасыл экономика» таза өнімдер шығару­ға негізделген «жасыл» тех­но­логияларға арқа тірейді. Қазақ­стандық мамандардың пікірінше, «жасыл экономиканы» дамыту, көптеген индустриялық дамыған елдер бастан кешкен экологиялық дағдарысты біздің елде бол­дырмауға мүмкіндік береді.

Біз әлем халықтары тұтына­тын қуаттың 85 пайызы мұнай мен газ және көмір арқылы алы­натындығын білеміз. Сондықтан Жер шарында олардың аса зор өндірістері қалыптасқан. Бұл өндірістер оларды үдемелі түрде өндіруге қол жеткізе алды. Де­ген­мен, сарапшылардың мәлім­деуінше, адамзаттың ендігі жү­ретін жолы бұл емес. Өйткені егер біз осы жолмен жүре берсек, олар­дың негізгі қорлары 40-100 жылдың арасында таусы­ла­тын­дығы белгілі болып отыр. Мәсе­лен, мұнай қорлары 40-50 жыл­да, газ қорлары 80 жылда, уран қорлары 80-100 жылда, кө­мір 400-500 жылда таусылуы мүм­кін. Ал Қазақстан өзінде бар көм­ір­сутегі қорларын тек бір өзі пай­даланатын болса, олар­дың ғұмыры бұдан да ұзақ мер­зімге жетпек. Бірақ біз оларды тұты­нып отырған кезде әлем елдері басқа қуат көздеріне толықтай көшіп үлгіретін болады.

Біз қазіргі күні қуаттың 42 пайызын көмірден, 39 пайызын газдан, 17 пайызын мұнайдан алудамыз. Ал жел, күн, биомасса секілді жаңғырмалы энергия түрінен алатын үлесіміз әзірге 1 пайызға да жетпейді. Демек, адамзат қазірдің өзінде күн мен жел, биомасса қуатын пай­далануға, сол үшін олардың өн­дірісін жолға қоюға үлкен ұмтылыс танытып отырғанда, бізге қолдағы барды малданып, қарап отыра беруге болмайды. Өйт­кені күллі дүние өзгергелі тұр.

Әлемде қазіргі күні үстемдік құ­­рып тұрған үдемелі өндірістік да­му эко­номикасының болашағы жоқ екен­дігін басқа да көптеген фак­торларды ауызға ала отырып дәлелдей беруге болады. Өйт­кені бұл экономика, көп­теген са­рап­шылардың мәлімдеуінше, адам­заттың табиғатпен үйлесімді дамуын бұзды. Соның салдарынан жер бетінде табиғи шикізат тапшылығы туындағандығы өз алдына, әуеге улы газдар та­рап,­ қоршаған ортаға едәуір зиян келді, өзендер мен көлдер лас­танды, адамның өмірі мен ден­саулығына қатер төндіретін көптеген аурулар бас көтерді. Демек, әлемге қожайындық жүргізіп келе жатқан қазіргі эко­­номика енді алысқа бара алмайды.

Сонымен алдағы уақытта бұл эко­но­миканың орнын тіршіліктің қандай түрі басуы тиіс?

Бұл сұрақ қазір саясаткерлер, экономистер мен сарапшы­лар және қоғам арасында жиі талқылануда. Дегенмен адамзат қауымы, өкінішке қарай, бұл мәселе жөнінде ортақ бір ұйғарымға келіп қалғанымен нақты іс барысында алауыздық­тан арыла алмай отыр. АҚШ-тың Климат жөніндегі Париж келісімінен (бұрынғы Киото хат­тамасы) шығып кетуі соның бір дәлелі.

Көптеген экономистер мен сарап­­шылардың мәлімдеуінше, адамзаттың ендігі болашағы «жасыл экономика» арқы­лы өрістеуі тиіс. Мәселен, 2012­ жылдың мау­сым айында Рио-де-Жаней­ро қаласында өткен халықаралық кон­фе­ренцияда «Біз көргіміз келетін болашақ» атты декларация қабылданып, онда жаһандық дамудың жаңа бағыты ретінде адамзат қауымына «жасыл экономикаға» көшу ұсынылды. Өйткені оның қалыптасу және даму қағидаттары да адамзаттың ендігі таңдауына сәйкес келетіні айқындала түсуде. Ол қандай қағидаттар?

«Жасыл экономика» теория­сы төмен­дегідей үш қағидатқа та­бан тірейтін көрінеді. Бірінші, шектеулі кеңістікке шексіз әсер етуге болмайды. Екінші, ре­сурс­тардың шектеулілігі жағдайында тұ­тынудың шексіз өсуін өтеу мүмкін емес. Үшінші, жер бетін­дегі барлық заттар мен әрекеттер бір-бірімен өзара байланыста бо­лады.

Сонымен «жасыл экономика» деге­німіз, бұл – қазіргі эко­номикалық ғы­лым­ның бір саласы. Оның ғылым ретінде қалып­тасқанына жиырма жыл­дай ғана уақыт өткен екен. Бірақ соған қарамастан ол қазіргі күні теориядан практикалық кезеңге жедел өту үдерісін бастан кешуде. Әлемде жасыл технологиялардың пайда болуы уақыт өткен са­йын жиілеп, ол технологиялар тіршілік пен тұрмысқа енгізіліп, жылдан-жылға қарқын ала түсу­де. Соның ішінде, әсіресе, күн мен жел, биомасса қуаттарын өнді­руге ерекше екпін берілуде. Мә­се­лен, 2015 жылы әлемде 51 ГВт күн қуатын өндіретін қон­дырғылар орнатылса, мұның 15 ГВт-ын бір ғана Қытай орнат­қан. Сарапшылардың пікі­ріне қара­ғанда, нақ осы жылы Қытай күн қуа­тын игеру жағынан әлемде бірінші орынға шығып отыр. Ал 2016 жылы әлемде 76 ГВт-лық күн қондырғылары орнатылды деген дерек бар. Салыстыру үшін айта кетейік, Ресейдің жарты ғасыр бойы орнатқан атом стан­саларының қуаты 26 ГВт электр қуа­тын өндіруге ғана жетеді екен.

Сондай-ақ қазіргі күні адам­зат өзіне қажетті электр қуа­тының 6-7 пайызын желден алуда. 2020 жылы оның көлемін 1,4 мың тереватт-сағатқа (1 тереватт-сағат 1 миллиард киловатт-сағат­қа тең), жеткізу жоспарланса, 2030 жылға таман 2,4 мың тереватт-сағатқа немесе жаһан­дық тұтыну мөлшерінің 9 пайы­зына дейін жеткізу көзделіп отыр. Ал енді бір дерек бойынша, атап айтқанда Жел энергия­сы жөніндегі әлемдік кеңестің мәлі­меті бойынша 2030 жылға та­ман жаһандық энергетикалық өндірісте жел энергиясының үле­сі 20 пайызға жетпек.

Жел қуатын өндіруге, әсі­ре­се, Еуропа мемлекеттері ба­рын­ша мән беруде. Мәселен, Да­ния қазірдің өзінде жел гене­раторларының көмегімен барлық электр қуатының 40 пайызын, Португалия – 23, Испания – 16, Ирландия – 14, Германия 8 пайы­зын өндірсе, біздің елімізде бұл көрсеткіш 0,5 пайыз деңгейінде ғана болып отыр.

Сөйтіп жасыл құрлық елдерін жел энергиясы бойынша басқа өңірлерден оқ бойы озық келеді деуге де болады. Мұны деректер де қуаттайды. Жел энергия­сы жөніндегі әлемдік кеңестің сарап­шылары жел электр стан­саларының 44 пайызы Еуропада, 31 пайызы Азияда, 22 пайызы Солтүстік Америкада шоғыр­ланғандығын келтірген.

Жасыл технологиялардың әлем­­дік нарығындағы көшбас­шы­лардың бірі Германия бола­тындығы қазірдің өзінде белгілі бола түскендей. Өйткені оның үлесіне әлемдегі барлық патент­телген экологиялық техно­логиялардың 20 пайызға жуығы және жаңғырмалы энергетика саласындағы технологиялардың 30 пайыздан астамы тиіп отыр.

Міне, осындай жағдайларды ескере келе біздің елдің басшылы­ғы осыдан бес жылдай уақыт бұрын «жасыл экономикаға» өту жөнінде шешім қабылдап, оның тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдама 2050 жылға де­йінгі уақытты қамтитын үш ке­зең­­нен тұрады. Соның ішінде 2020 жылға дейінгі уақытты қам­­­титын бірінші кезеңнің мін­деті қорларды пайдалануды оң­тайландыру және табиғат пай­далану қызметінің тиімділігін арт­тыру, сондай-ақ «жасыл» инфрақұрылымды құру болып отыр. Тұжырымдама су ресурстарын орнықты пайдалану; орнықты және өнімділігі жо­ғары ауыл шаруашылығын дамыту; энергия үнемдеу және энер­гия тиімділігін арттыру; электр энергетикасын дамыту; қал­дықтарды басқару жүйесін ен­гізу; ауаның ластануын азайту; экожүйелерді сақтап қалу жә­не тиімді басқару секілді жеті бағыт­тан тұрады. Міне, осыларға қарап-ақ болашақтың экономикасы қайда бағыт ұстайтындығын аңғаруға болады. Болашақта қазір ысырап болып, далаға тө­гі­ліп жатқан қалдықтардың өзі үлкен шикізат көзіне айналып, экономика мен тұрмыс қал­дық­­сыз негізде жұмыс істеуге кіріседі. Мұның экологиялық жағ­дайдың жақсаруына үлкен әсері болады.

Ал енді жасыл технология­ларды енгізуде нақты қандай прак­тикалық қадамдар бар дегенде, Астанада өткен ЭКСПО-2017 ха­лықаралық көрмесін, онда қойылған отандық өнертабыстар легін, сондай-ақ еліміздің әр өңір­лерінде орнатылып жатқан жел диірмендері мен күн табақ­шаларын айтуға болады. Әзірге, біздің елімізде жасыл технологияларды енгізіп, адамдарды оқытып-үйретуде жұмысы біршама жүйеге қойылып, көзге түсіп отырған ұйым – Салтанат Рахымбекова басшылық жасайтын «G-Global «жасыл эко­но­­мика» мен даму коалиция­сы» ұжымы. БҰҰ-ның осы бағыт­тағы қызметтерімен ынты­мақ­тастық орнату негізінде бұл ұйым қарапайым халықтың пай­­далануына негізделген жасыл технологиялардың елімізге келуіне ықпал етіп қана қой­май, өз коалицияларын құру нәти­жесінде ел өңірлерінде олар­ды қолдануды үйрететін жеті орталық ашты. Оларға халық­аралық ұйымның шағын инвестицияларын да тарта білді. Мәселен, Астана маңайындағы Арнасай ауылындағы технологиялық орта­лықта 35 технология иге­рілген. Олар үйдің шатыры се­кілді жабық шағын орынжай ішінде арнаулы шамдар орнатып, оларды күн орнына пайдалана отырып, көкөністер өсіруге қол жеткізу, биогаздан қуат алу, күн, жел қондырғыларын орнату арқылы қуат өндіру әдістерін үйре­теді. Қазіргі уақытта бұл технологиялар ауылдағы кооперативтер мен жеке тұрғындардың ықыласын оятып, қолданылу үстінде.

Міне, бұл қоғамдық негіздегі ұйым­ның елімізде «жасыл» технология­ларды таратуда жасап жатқан тірлігі. Енді Елбасының «Пре­зиденттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуіне орай ша­­­ғын несие алушылар саны биыл­ғы жылдың өзінде екі есе өсетіндігіне байланысты бұл коа­лицияның жұмысы одан әрі жан­дана түседі деген ойдамыз.

Міне, осындай жағдайда күш-қуаты қоғамдық негіздегі ұйымға қа­рағанда әлдеқайда мол еліміздегі іргелі өндірістік құрылымдар қандай жұмыстар тындыруда? Мәселен, бізде мемлекеттің толық билігінде жұмыс істейтін «Самұрық-Қазы­на» ұлттық әл-ауқат қоры бар. Бүкіл отандық ірі компаниялар мен кәсіпорындардың кілті осы қордың қолында деп айтуға болады. Бұл қор соң­ғы жылдары менеджментті жақсар­ту­ға негізделген трансформация бағдарламасымен белсене шұ­ғылданып келеді. Бұл істе жет­кен біршама жетістіктері де бар секілді. Білуімізше, қор құра­мындағы компаниялар білікті кадрлармен қамтыла бастаған. Оларды жұмысқа қабылдау, іріктеу, қызметте жоғарылату үдерісі ашық және конкурстық негізде жүргізілетін болған. Қар­жы қызметін жүргізу ісі әлемдік озық стандарттарға негізделген. Шығынды азайта отырып, пайда кіргізуге ұмтылыс танытылуда. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз.

Бүкіл әлем жедел өзгеріп ке­ле жат­қан қазіргі заманда менед­жменттік трансформациямен ғана үздіксіз шұғылдана беруге болмайды. Бұл енді қор қыз­­метіндегі түбегейлі жолға қойыл­ған қалыпты жай үдеріске айналуы керек те, қордың стратегиясы әлем экономикасында жүріп жатқан өзгерістерге қарай бағытталуы керек. Мәселен, қор­дың бүкіл әлемде шапшаң қарқынмен дамып келе жатқан жасыл технологияларды енгізуде қандай жаңалықтары бар? Қор басшылығының қолында «жасыл» технологияларды ен­гізу­ге, «жасыл экономиканы» орнық­тыруға негізделген бел­гі­лі бір тұжырымдамалық немесе бағдарламалық құжат бар ма? Үкімет әзірлеген «жасыл» эко­номиканы дамыту тұжы­рым­дамасына қосар үлесі қандай бол­мақ? Бізді міне, осы сұрақтар қы­зық­тырады.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»