Бұл қаза қара тырнағына дейін шенеуніктердің 90 пайызын селт еткізбегенімен, зиялы қауым, ойлы оқырман үшін неге ауыр болды? Кейінгі кезде өмірден осындай дара дарындар өткен тұста байқалатын бір үрдіс бар. Егер аяғы жетіп жатса, денсаулығы жараса сол қаралы жиынға сол саланың белгілі адамдары (қызметтегі емес) келіп, кейбірі сөз сөйлейді. Болмаса басылымдарға, телеарналарға да сұхбат беріп жататын солар. Демек жалпыға ортақ болуға тиісті қазаның кейде сол сала адамдарының ғана қазасына айналатыны да жасырын емес.
Әкім-қара, қарапайым оқырман, көрермен, тыңдаушының ілуде бірі болмаса, қара көрсете бермейді. Дұрысы, қанша жоғары лауазым иесі болса да басшының сол тұлға туралы пікір білдіргені орынды. Бұл мәселеде қызметтік шектеу қойылмауы керек. Себебі ел оның деңгейін, парасат-пайымын жұрт арасына келгенде, бір қайғы, бір қуаныш үстінде білуі қажет. Осындай ерекшелікке жол берілмеген жағдайда қоғамды әкім-қара туралы орынсыз пікір жайлайды.
Жазушымен Атыраудағы Махамбет атындағы облыстық драма театрында қоштасу рәсімі өтті. Қаралы жиында қаламгерді шығарып салудың ресми сәті жарты сағат болғанымен, оның алдындағы оқырмандардың қоштасуы, халықтың нөпірі ұзын-ырғасы шамасы 40 минутке созылды. Сонда бас аяғы 1 сағат дейікші. Күні кеше Мәскеуде Олег Табаковты шығарып салу күн райының қолайсыздығына қарамастан бес сағатқа созылып, оған еден сыпырушыдан етікшіге дейін келді.
Әрине мәселе уақытта емес, әр халықтың өзінің ритуалдық, шариғатқа негізделген талаптары да бар болар, дейтұрғанмен де кей-кейде ақиқат нәрсенің өзі де осындай салыстырулар арқылы айқындалып жатпай ма? Ғұмыры жеткенше қазақ сахнасына таңдаулы туындылар беріп, талайды тұшындырып, талай тұлғаны тірілткен (Бейбарыс, Жәңгір, Махамбет, Темірбек, Әміре, Сәкен, Мұқағали, Фариза, т.б.) жазушының соңғы сапарынан да ұлт рухына негізделген, ел есінде қалар бір шағын сахналық лиро-трагедиялық көріністің (фрагмент), фарстың жасалғаны дұрыс болмас па еді деп те ойлайсың. Өлімнің өзіне өнер қызмет етіп жатса бұл да бір жаңалық, өзгеше құрмет түрі, ерекшелік болмас па еді. Бұл өлімнің өзінен де өнеге түйетін өзге ел дәстүрлерінің бізде әлі де үрдіске енбегенін көрсетпей ме?
Болмаса елге айрықша еңбегі сіңген адамдарды соңғы сапарға шығарып салу рәсімі кейбір өңірде мәдениет басқармасы басшысының орынбасары деңгейінде өткенін көз көргенде, бұл жиынға шүкіршілік айтасың. Республиканың барлық өңірлерінен аяғы жеткеннің бәрі келді. Бір өзі бір елдің биігіндей талай тұлғалар жүрді. Ұйымдастырылуында мін жоқ. Жазушының қоғамдағы, мемлекеттегі, шетжұрттағы орны бәрі-бәрі ретімен қамтылды. Сөздің асылы айтылып, өлеңдер арналып, телеарналар хабар беріп (әсіресе, «Қазақстан»), әлеуметтік желілер жарылып кете жаздап жатты, шүкір ғой. Құдайдың құдыретімен болған мына бір сәйкестікті қараңызшы.
Ол өмірден көшкенде әкемтеатрда «Сұлтан Бейбарыс» қойылып жатты. Өмірден өтерінің алдында Астанадағы Қ.Қуанышбаев театрында «Әміре», «Фариза мен Мұқағали» қойылыпты, аққу әніндей болыпты. Мұқағали демекші, Алаштың Асанәлісі оны қоштасу рәсімінде «прозадағы Мұқағали» деуінің өзі жұртты бір терең күрсіндірді. Өз асылдарымызға теңеуді өз ішімізден табуы да тағлым түйгізіп кетті. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қонақасыда, қаралы жиында да, топырақ салу кезінде де көрге түсіп кетердей боп жүруі, кесек-кесек, турап-турап сөйлеуі неге тұрады!? Асылық болмасын, өзі де өнерден құралақан емес биік азаматтың түр-тұрпатын көріп тұрып, екі тізесі ат құлағын теуіп отыратын Иманжүсіптердің өзі де болса осындай болған шығар деп те ойлайсың.
Шын шығарма пікір алуандығынан, көзқарастар қайшылығынан туады. Таланттың өзі қайшылықтан тұрады. Осы тұрғыдан келгенде жазушының соңғы уақыттардағы ой-толғаныстарындағы айтылған жайларға да уақыттың өзі өзгеріс енгізуі әбден мүмкін. Себебі талантты адамның бойында үнемі жылы, кереғар ағыстар жүріп жатады.
Дарынның аты дарын. Ол халықтың өлшеусіз байлығы. Сондықтан ол қоғамда өз бағасын алуы керек. Олай болмаған күнде әдебиет пен өнерде «жәй пысықтар» (С.Мұқанов), «сәл шенеуніктер» (М.Әуезов) алға шығып кетуі жалғаса береді. Ал бұлар қоғам үшін де, мемлекет үшін де аса қауіпті құбылыстар.
Таланттың өз бағасын алуы үшін қоғамда, оның ішінде жергілікті жерде де мини-Омаровтар, мини-Жәнібековтер отыруы тиіс. Осылай дегенде Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың Рахаңның 60 жылдығында «Орхон-Енисей жазбаларында: «Бегін сыйлаған халқы болса, халқын сыйлаған бегі болса – ол ел мәңгі болады» деген жазу бар екен. Міне, біз осы ұстаныммен жүріп келеміз. Отбасында, ортасында адами құндылықтарды насихаттай білейік» деген сөзі еріксіз есіме түсті.
Бәлкім аңыз, бәлкім ақиқат, ертеде оқыған бір дерек есімде қалып қойыпты. Шығыс жақта бір кішкентай ел бар дейді. Сол елдің заңдары өте қысқа жазылады екен. Тіпті заңды білмейтін көрінеді. Себебі бұл елдің кәрі-жасы тек әдебиетті оқиды екен. «Әдебиеті жоқ елде әдеп болмайды» деген ұран-сөз кісі бойындай етіп жазылып қойылыпты. Содан ба екен елде қылмыс атаулы болмайтын көрінеді. Қылмыс жоқ жерде заңның керегі не?! Демек, ел ізгілікпен басқарылады деген сөз ғой. Былайша айтқанда, Нұрландай басшылары, Рахымжандай жазушылары бар ел болса керек.
Қаза үстінде көңілден шықпай жүретін осы бір тәмсіл де көмекейде бүлкілдеп тұрып алды.
Рахаңның өзі Атырауда өткен мерейтойы үстінде «Құдай басқа сана берді, қолға қалам берді, тілге бояу берді» дегені бар еді. «Менің тілімде Абай тілінің мәдениеті бар» демеуші ме еді Әуезов. Рахымжанда да Абай мен Махамбет тілінің мәдениеті бар еді. Ол тірі сөз жазды, ірі сөз жазды. Жазуын былай қойғанда, сөйлеп бір кетсе төгіп-төгіп жіберетін ақ жауындай еді. Ол бәзбіреудей шабыт күтіп отырмайтын, шабыт деген шартты нәрсе ғой (рабочее состояние), қайта көңіл қошы жоқ кезде тоқтаусыз жазатын.
Бұл дүниенің шын жалған екендігіне тағы да көзіміз жетсе де ол жалған өмір сүрмеді, жалған сөз жазбады. Өмір шындығын өнер тілімен жеріне жеткізіп кетті. Қайтейік-ай!? Мынау жалған дүниеге бес күн қонақ пенденің қолында не тұр?.. Не шара?..
Тірі сөздің, ірі сөздің иесі, кеудесі қара сөздің күмбірлеген күй сандығы, жазуы шертпе күйдей шүйгін, шырын, шерлі еді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Айтматов академиясының академигі, әлемдік деңгейдегі аса көрнекті жазушы, қазақ интеллектуалды прозасының ірі өкілі Рахымжан Отарбаев өмірден озды дегенде есеңгіреп отырып қалып едік, енді ес жиып, есті сөз жазуға бет бұрған кез бұл. Мұндайда аза сөз жазуға жүрек шіркін шыдар ма, қол жүрер ме? Әлгінде айтқандай, шын жазушының өлімі әркімді де оқыс ойландырып, өз жүрегінің ішіндегі жүректің шындығына үңілуге жетелейтін шығар. Сол шыңыраудағы шындықты жалғанның жарығына шым-шымдап шығарып, шырылдатып айтып жүрген санаулы суреткердің бірі еді Рахымжан Отарбаев.
Қайран, Раха! Соңғы уақытта бұ дүниенің жалғандығы, пендешілік жөнінде көп айтып, ұлтын рухани кемелдікке ұмтылдырудың қамындағы қысқа-қысқа қайырымдарға ден қойып еді. Айтуындай айтып, жазуындай жазып кетті. Енді қалғаны Алашқа аманат.
Қайран, қаламгер! Бұл өмірдің қамшының сабындай қысқа екенін ерте болжады ма екен кейінгі тұста тұлғаларды қопарып түгендеуге кіріскен еді.
– Бір шетел сапарынан оралған Рахымжанның сондағы бір үздігіп, үгіліп сөйлегені есімде. Сізге бір мойын бұра алмай қойдым. Мәңгілік жүре беретіндейміз ғой. Осы уақытқа дейін қасымда ғой деп, алаңсыз жүрдім, сіз де әлі толық ашылмай жатқан қазынасыз ғой, енді сізге толайым
бұрыламын. «Еділ-Жайық» деген пьеса жазамын. Жұбан аға екеуіңіз жөнінде. Кейінгі кездегі рухани тұлғаларымыз туралы жазылып жатқан дүниелердің көпшілігіне көңілім толмайды деп еді, – деген Илья ағаның толқып сөйлегені де қазір жадымызда жаңғырып тұр.
Иә, өзі де тұлғаға айналған ол ендігі жерде тұлғалардың бірыңғай сахналық галереясын жасауға кірісіп еді. Бірде Атырауға жол түсіп, Сарайшыққа бірге сапарлап жол бойы әңгімеміз таусылмай, қалаға келген соң да жалғасып қимай қоштасқаным есіме түсіп отыр. Сондағы әңгіменің тұрқы да осы еді. Тірі болғанда ол түгендер еді бәрін.
Өзі туралы 53 минуттік деректі фильм түсіріп, өзі көріп кеткені де көңілге бір демеу. Ақұштап ақын айтқандай, біз енді оны көмеміз, қайтеміз бәріне көнеміз.
Дүниедегі қандай құбылысты, қандай сәтті болсын (қуанышты, қаралы, азалы, жаның төзбес сәттер, көріністер) жазушы ең алдымен жүрегіне жияды, бәрін соның сүзгісінен өткізеді. Ғалымдардың зерттеуінше, адам жүрегі күніне 100 мың рет соғып, 2 тонна қан айдайды екен. Бұл жалпыға тән нәрсе десек, ал жүрегі жұқа, нәзік өнер адамының күні не болмақ?! Бәрін жүрегіне жиып, жарылып кету тән оған. Ол да сол өз жүрегінің ішіндегі тағы бір жүректің сөзін сөйлеп, айтқанын айтып, жаз деп әмір бергенін жазып кетті. «Өтірігіміз жарасқан соң дос болып едік. Ортаға шындық түсіп, ажыратып жіберді» деп өзі күнделігінде жазғанындай, ол өтірік өмір сүре алмады. Оның бар шығармашылығындағы ұстанғаны осы қағида еді. Айтпаса тұра алмайтын оның кей тұста артық та кетіп, соның уайымын көп жеп, өзін жел мүжіген жартастай үгітіп, өз жүрегінің отына өзі жанып, жылынып жүретін. Өмірінің соңында ол осы бір жұдырықтай ет туралы да жиі айтып, жүрегім шыдаса жазатын нәрсе көп дейтін.
Жүзіңді көру үшін айнаға қарайсың. Ал жүрегіңді көру үшін қайда қарайсың?! Кім сақтайды сенің жүрегіңді? Хас қаламгердің қазасы қиядағы қыранның қазасына ұқсас. Қыран жүрегін жартасқа соғып жарып жібереді екен.
Жазушының, өнер адамының жүрегін кім ашып көрді дейсің. Жоқ ашып көрген адам бар. Ұйықтағанда да жұдырығын түйіп жататын 45 жастағы Шукшин өмірден озғанда оның жүрегін көрген дәрігер дана қарияның жүрегіне балапты. Мына жүрекпен қалай жүрген деп таңқалыпты. Ал енді өзіміздің Нұрағаң – Нұрғисаның жүрегін дәрігердің соңында бір жұма жүріп, зорға келісіп, арнайы аппараттан көрген белгілі қаламгер Басқар Битановтың ілгеріде «Нұрғисаның жүрегі» деген эссе жазғанын да білеміз. Қарапайым халықтың өзі алып оркестрдің сүйемелдеуіндегі сұрапыл дүниелерді тыңдағанда жанын қоярға жер таппай кетпей ме, ал енді соншама алапат мінезін былай қойғанда, музыкамыздың Махамбеті – дирижерлік пультте тұрған Нұрғисаның жүрегі қалай шыдады екен. Таңқаларлық жағдай. Өмірдегі бар жұмбақ, тылсым сәттер осындай қарапайым салыстырулар арқылы анықталады екен ғой.
Өзімізді қойып, өзге елдерді де отарлай бастаған сұрапыл суреткер Отарбаевтың да жүрегі осындай халде болмағанына кім кепіл?
Әңгімеміз жазушы туралы болғаннан кейін бе, көңіл деген көк дөнен де жүйткіп, ойыңды асау аттай әр қияға алып қашады. Мынадай ой келеді дөңгелеп. Кейбір алпауыт елдерге ат басын тірегенде байқайтынымыз, ескерткіштерде, символдық дүниелерде нақтылықтан гөрі абстаркциялық жайларға көбірек көңіл аударып, адамның құдірет-күшін тылсым құбылыстар, тосын сәттер арқылы бейнелеу белең алған. Адам мен табиғат, ондағы тіршілік иелері бітісіп, астасып кеткен.
Басқасын былай қойғанда алақандай Балтық жағалауының бір елінде көк жүзінде қалқып бара жатқан құстарды бейнелейтін ескерткішке «Халық әні» деген сөз қашап жазылып, сонадайдан үзілдіреді көрген кісіні. Тіпті бір елде байлық пен кедейлікке соғылған ескерткіш те бар. Мұның бәрі адамның арман-аңсарынан, мақсат-мұратынан туған туындылар. Келешек ұрпақтың көңіл кеңістігіне осындай ой салатын, тіпті опындыратын тосын туындылар жасау жолындағы іргелі, іңкәр ізденістерге де бет бұратын кез келді ғой. Ондай дүние жасауға келгенде қабілеті он орап алатын шеберлер де бізде жоқ емес. Сондықтан өмірден озған бар жазушыға (шын жазушыға) ескерткіш соғу мүмкін емес шығар. Алайда «Жазушының жүрегі» деген атаумен бір ескерткіш орнатса қанеки!?..
Р.S. Кім білсін, жылқының мүсінін, суретін көп жинайтын дағдысы бар еді. Бәлкім, оның жүрегі жылқының жүрегіне айналып кеткен шығар.
Қали СӘРСЕНБАЙ