Қазақ күресінен өткен ел біріншілігінде 2003-2004 жылы туған жасөспірімдер тоғыз категория бойынша күш сынасқанын айта кеткен орынды. Бозкілем үстіндегі белдесу қара күш ғана емес, айла-тәсілдерді шебер қолдануды да қажет етеді. Кез келген қателік жеңіліске алып келуі мүмкін. Осындай жағдайда жауапкершілікті сезінген спортшылар шалыс баспауға тырысты. Тартысты өткен белдесуде +73 кило салмақта өнер көрсеткен Целиноград ауданының балуаны Баухан Дастан чемпион атанды.
Сондай-ақ Ерейментау ауданының спортшысы Олжас Еренғайыпов 50 килоға дейінгі салмақта белдесіп, қарсыластарын тізе бүктірді. Ал күміс осы ауданның тағы бір спортшысы, 42 кило салмақта күрескен Айбек Жұмағұловқа бұйырды. Сөйтіп жеңімпаздар Қазақстан Республикасының спорт шебері кандидаттығына қажетті нормативтерді орындады. Нәтижесінде, ақмолалық спортшылар жалпыкомандалық есеп бойынша бірінші орынға табан тіреді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы