Қазақстан • 03 Сәуір, 2018

Салтанат Абызбаева: Еліміздің іргелі елдермен иық теңестіруі үшін рухани жаңару қажет

886 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақта «санасына берсін» деген сөз бар. Дана халқымыздың осы бір ауыз сөзінің төркінінде адам баласының ойы ашық, көкірегі зерек,өз заманы мен өз ортасының ахуалын терең зерделей алар қабілеті мен сезім түйсігі болғаны жөн деген ой жатқандай. Енді біз айтып отырған осы ой ашықтығы, көкірек зеректігі, өз заманы мен өз ортасының ахуалын терең зерделей алар қабілетін жаңғыртудың жаңа кезеңі келгендей.

Салтанат Абызбаева: Еліміздің іргелі елдермен иық теңестіруі үшін рухани жаңару қажет

Әр ұлттың өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан асыл ойлары мен ізгі амалдарын және де жақсы кісілік бітім-болмысын, салты мен дәстүр, ғұрпын сақтау бүгінгі күні жалпы адамзаттық үлкен мәселеге айналып отыр.

Елбасымыздың «Мен қазақ­стан­дықтардың ешқашан бұл­жымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуы­на кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деген қағидасы біздің ұлттық жаңғыруымыздың бас­ты әрі мақсатты міндетімізге айналуы қажет. Бұл жағдай біздің ұлттық санамыздың кемелдене түсуіне, көкжиегінің кеңеюіне, бүгінгі және келер замандардың талабына сай болуымыздың алғы­шарттарының бірі екендігін ұғына түскеніміз абзал.

Ұлттық жаңғыру заңға бағы­нудан басталады. Өз елінің Ата заңына бағынбаған ұлттың бола­шақта барар жолы да алыс болмайды. Сондықтан еліміздің сот билігі де ұлттық жаңғыру мәселелеріне мән беруде.

Шын мәнінде, қоғам жаңғыруы үшін – оны белсенділікпен атқара­тын адамның санасы жаңғыруы керек. Қоғамдық сана жаңғырмай, адамның болмыс-бітімі өзгер­мейді, рухани тұрғыда түлей алмайды. Оның бастау-бұлағында халқымызға тән ұлттық салт-дәстүрлер тұрғаны анық. Елбасы да рухани түлеудің тамырын тап басып, бағыт-бағдарын айқындап, даму жолдарын нақтылап берді. Мысалы, ол өз еңбегінде «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалу­ға тиіс», деп тұжырымдады. Қазақстанның әрбір азаматының санасында жаңа серпіліс болу үшін, ол өзі еңбек ететін салада рухани жаңғыруды бастан өткеруі тиіс. Мәселен, сот жүйесінің рухани өрлеуінің алтын арқауы, өміршең өзегі – билердің әділ төрелігінде, шешендік өнерінде жатыр. Бала жастан адал тұрып, ақ сөйлеуді ар-ұяттың өлшемі деп білген бала билер сақа билердің өнегесін алып, әділ биліктің әліппесін ерте жастан-ақ терең меңгерген. Бүкіл бір елдің дауын бір ауыз сөзбен әділ шеше білген, туғанына тартпай, турашыл дана шешім шығарған сұңғыла билер ел ішінде аз болмаған. Сонау Майқы би заманынан халыққа кең тараған әділ билердің өнегелі билік шешімдері ғасырлар бойы үлгіге айналып келді.

Замана көшімен ілесіп бізге жеткен әділ қазы, адал билер жүр­гізген сот шешімдері әлі күнге дейін өз маңыздылығын жойған жоқ. Олар ұстанған имандылық, адалдық, әділдік, турашылдық принципін бүгінгі судьялар да мықтап ұстанғаны абзал.

Шешендік өнер мен әділ би­леріміздің бай тәжірибелері туралы жастарға неғұрлым терең ұғындырған жөн. Әсіресе бола­шақта заңгер боламын, құқық қорғау органдарында еңбек ете­мін деп алдына үлкен мақсат қой­ған жас буынға билердің өнеге­лі жолын оқытып, шешендік өнер­ге бау­лып, арнайы курстар оқы­тылуы қажет.

Тегінде, қазақтың шешендік өнерін барынша меңгеріп, билер сотының бай дәстүріне сай, ар мен адамгершілік өлшемінен аттамау абзал. Екі тарап та әділ биліктің шешімін мойындауы керек. Осыған қоғам барынша дайын болғаны жөн. Бұл біздің дәстүрімізде бұрыннан бар үрдіс. Ата-баба қанымен бойымызға сіңген құндылықтардың бірінен саналады. Өйткені бұрынғылар билер сөзін тыңдап, айтқанын екі етпеген. Бүгін де екі жақ пси­хологиялық жағынан дайын болып, әділ сот шешімін мүлтіксіз орындауы тиіс. Осылайша сотқа жүгінген адамдардың құқықтық мәдениеті артқан сайын, сот жүйесіне деген сенімі де нығаяды, заңды сыйлауға машықтанады. Осы үрдіс Елбасы айтқандай, әділ сот жүйесіне деген ел-жұрттың құрметін арт­тыра түспесе, кеміт­пейді. Сондық­тан біртұтас ұлтты қалыптастыру аясында тарих тереңіне көз жі­бе­­ріп, өзіміздің ұлттық салт-дәстүрі­міз­де мыз­ғы­­мастай сақталған билер соты­ның әділ төрелігінен таусылмас тағылым алғанымыз дұрыс болар еді. Яғни бүгінде төл тари­хымызға, сан ғасыр жалғасын тапқан ұлттық әдет-ғұрпымызға барынша ден қою арқылы жас буын­ды, біртұтас өнегелі ұлт өкіл­дерін тәрбиелеу қажеттігі күн тәр­тібінен түспеуі керек. Елбасымыз айтып отырған қазақстандық бірегейлік, болашақтың біртұтас ұлтын қалыптастыру қағидасы сонда ғана түпкілікті шешімін табады деп білеміз.

Әр ұлттың өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан асыл ойлары мен ізгі амалдарын және де жақсы кісі­лік бітім-болмысын, салты мен дәс­түр, ғұрпын сақтау бүгінгі күні жал­пы адамзаттық үлкен мәселе­ге айна­лып отыр. Адамзат өмірі мен тұрмысына ғылым мен техника жетістіктері және ақпараттар ағы­ны араласқалы кез келген ұлт­тың санасына ауыр салмақ түсе бас­­­тады. Ол салмақ ұлттың санасы­на идеологиялық және сая­си жүк болып артылғанын да бағамдар едік.

Әрине біз бейбіт өмірді де, кез келген халықтың өзіне тән ары мен ұятын, бітім-болмысын, халықтық сипатын сақтап қалуды қарулы қақтығыстар арқылы шеше де алмасымыз анық. Бұл орайда біздің Елбасының ұста­ны­мы, кез келген даулы мәсе­лені келіссөздер арқы­лы бейбіт жағ­дайда шешу және ендігі дү­ниені революциялық жол­мен емес, эволюциялық жолмен өркендету мәселесін тағы да алға тартып, айтып отырғандығы бү­гін­гі жаһандану заманының әлем­дік ұстанымына айналуы керек.

Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Еліміздің іргелі мемлекеттермен иық теңестіру үшін, рухани жаңару бізге аса қажет!

Салтанат АБЫЗБАЕВА,
Ақтөбе қалалық сотының судьясы