Білім • 04 Сәуір, 2018

Қандастарға 10 мың грант бөлінеді

1312 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы мау­сым айында елорда төрінде ұйымдастырылған Дүние­­жүзі қазақтары­ның V құрылтайында шетелде өмір сүріп жатқан қазақ жаста­­рын қол­­дау мақсатында және олардың Қазақстанда бі­лім алуына жағдай туғызу үшін Үкіметке отандастары­мыз­дың жоғары білім алуын қолжетімді етіп, оларға бөлін­ген квотаны екі есеге көбейтуді тапсырған болатын.

Қандастарға 10 мың грант бөлінеді

Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ

Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасын іске асыру үрдісі негізінде өткен дүйсенбі күні елордада Ха­лық­аралық бағдарламалар орталығы мен Дү­ниежүзі қазақтар қауымдастығы шетелде тұратын қазақ балаларын білім гранттарымен қамтамасыз ету мақсатында екіжақты меморандумға қол қойды.

Бүгінде Қауымдастық тарапынан оралмандар үшін әлеуметтік тұрғыдан біршама игі жобалар жоспар­ланып, кейбірін іске асыру­дың тетіктері қалану­да. Жоғарыдағы екіжақты қол қойылған меморандум со­ның бірі. Қауымдастық өкілдері өткен айларда қан­дастарымыз көп­теп шоғыр­ланған елдерді аралап, он­дағы қазақ жастары­ның рухани-әлеу­меттік жағда­йы­мен танысудың нәти­же­сін­де, осындай жаңа қадам жа­саудың қажеттігін түсінген.

«Шеттегі қандастар арасында дарынды жастар көп екен. Соларды еліміздегі же­тек­ші жоғары оқу орындарына қабылдаумен қа­тар, бүгінгі қол қойған ме­мо­­рандум арқылы шетел­дер­де де білім алуына мүм­кіндік жасауымыз керек», дейді Дүниежүзі қа­­зақ­­­­­­­­­т­ары қауымдастығы Төр­­­­­аға­­­­­­сы­­­ның бірінші орынба­са­ры Зауытбек Қауысбекұлы.

Келісілген меморандум бойынша, шеттегі қандас­тарымыздың қазақстандық жастармен бірдей білім алуына мүмкіндік жасалған. Халықаралық бағдарламалар ор­та­лығының директоры Жанболат Мел­де­шевтің айтуына қарағанда, Елбасы тара­пынан қолдау тауып отырған аталмыш бағдарлама ғаламдағы барлық қазақ жас­тарына ортақ. Тіпті мұнда Франция, Англия сияқты еуропалық дамыған елдерде тегін білім алу мүмкіндіктері қарастырылған.

Қос тарап келісімімен жүзеге асқан бұл жолғы 10 мың білім грантын Ресейдің танымал оқу орындары бөліп отыр. Үміткерлерден құжат қабылдау, сыналту емтиханы үстіміздегі сәуір айының ортасында Шымкент қала­сын­да өтеді. «Бұл жолғы грантқа негі­зінен Қырғызстан мен Өзбекстандағы қан­дас­тары­мызды көптеп тартуды көздеп отырмыз. Бірақ, басқа елдегі қазақ жастары да келіп қатысуына болады», дейді Жанболат Мелдешев мырза.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»