Алпауыт Азия құрлығының Тынық мұхитына қарасты аумағында бариатриялық операцияларды жасайтын санаулы ғана маман бар екен. Солардың бірі – әлемдік медицинада аса жоғары бағаланатын дәрігер, Оңтүстік Кореяның әйгілі Сунчонхян университеті жанындағы Бариатриялық хирургия орталығының меңгерушісі, профессор Йонг Джин Ким. Соңғы айларда ол Оңтүстік Қазақстанға екі рет келді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы әлемдегі үздік медицина жүйелерінің бірі ретінде мойындалған Оңтүстік Кореямен тығыз байланыс орната білді. Шымкенттік әріптестерін жаңа медициналық әдістемеге үйретіп, жергілікті бірқатар пациентке күрделі ота жасаған Йонг Джин КИММЕН әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Әуелі қазақстандық медицина жайлы қандай пікіріңіз қалыптасты, соған тоқталып өтсеңіз?
– Мен әлемнің көптеген елін аралағанмын. Турасын айтқанда, жарты жылым Кореяда өтсе, қалған уақытта шетелде жүремін. Америкада біраз жыл оқып, тәжірибе жетілдірдім. Азияның көптеген елдерінде, Ресейде де жұмыс істегенмін. Сондықтан түрлі медициналық жүйенің жұмысымен танысып шықтым. Мына жүйе жақсы, ал мынау нашар деуден аулақпын. Әр елдегі денсаулық сақтау саласының өзіндік ерекшеліктері болады. Бір ғана айтарым, Кореяның медицина жүйесі жаңа технологияларды жылдам қабылдап, іске асыруға әбден бейімделген. Даму қарқынының жоғары болуы да содан. Яғни Корея медицинасы белгілі бір кітаптарда жазылған қағидаларды орындауға емес, науқастарды емдеудегі жаңа әрі тиімді ғылыми әдістерді енгізуге жоғары мән береді. Біз үнемі ізденіс үстіндеміз. Сол себептен де шығар, медицинаның көптеген бағыттары бойынша Еуропа мен АҚШ дәрігерлері біздің елге жиі келіп, айталық бауыр алмастыру, асқазан обырын емдеу бойынша жаңа тәсілдерді үйренуде. Ал Қазақстандағы медициналық жүйеге қатысты бір байқағаным, хирургиялық бөлімшелердегі операциялық кабинеттердің қажетті жабдықтармен қамтылу деңгейі Кореядағы госпитальдарға қарағанда төмендеу. Ал жоғары жетістікке жету үшін бұл олқылықтың орнын толтыру қажет.
– Сонда елдегі медицина жүйесін жоғары деңгейде дамыту үшін не қажет? Кореяда қандай қадамдар жасалды?
– Корея медицинасының дамуын қамтамасыз етуде сақтандыру жүйесінің атқарған рөлі зор болды. Қайсыбір елге де осы жүйеге көшуі денсаулық сақтау саласына үлкен өзгеріс әкеледі. Әр адам ай сайын міндетті төлемдер жасап отырады. Аса күрделі ауруға ұшыраған жағдайда пациентті емдеуге жұмсалатын қаржының 95 пайызын мемлекет өтейді. Ал қауіптілігі төмен ауруларды емдеу кезінде пациент тиісті соманың 60 пайызын төлеуге тиіс. Қалай болғанда да, Кореяда қаражаттың жетіспеушілігінен пациенттің емделе алмауы мүмкін емес. Қаржылық жағдайына қарамастан әр азамат жоғары сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алатынын біледі.
– Оңтүстік Кореядағы дәрігер мамандығының беделі қандай?
– Біздің елде дәрігер – тек материалдық емес, қоғамдағы құрмет тұрғысынан да өте абыройлы мамандық. Кореяда кәсіби медицина маманы атану қиынның қиыны. Болашақта дәрігер болуды әдетте үлгерімі ең жақсы, дарынды балалар армандайды. Алайда медициналық жоғары оқу орнына түскен студенттердің санаулылары ғана университетті аяқтап, дәрігер атанады. Қазақстандағы жүйенің қандай екенін білмеймін, ал бізде дәрігер атану үшін кемінде 15 жылыңды арнайсыз. Емтиханын тапсыра алмай, бұдан да көп уақыт жұмсайтындар бар. Оның 8 жылы университетте оқуға жұмсалса, 7 жылы практикаға арналады. Талап өте қатаң. Тіпті 8 жыл бойы медик студенттер дұрыстап ұйықтамай дәріс оқиды десем артық айтпаймын. Тек осылайша сапалы да білікті кадр ретінде қалыптасасыз. Оқу ісіне атүсті қарап, емтиханнан өту мүмкін емес. Мемлекеттік мекемелермен қатар елімізде жекеменшік медициналық орталықтар көп, барлығы дерлік жоғары деңгейлі техникамен жабдықталған. Яғни мамандығыңыз бойынша сапалы жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған.
– Енді бариатриялық операциялардың маңызына кеңірек тоқталсақ. Бұл операцияға қандай пациенттер мұқтаж?
– Көпшілік арасында «бариатрияға семіздіктен арылып, сымбатты болу үшін жүгінеді» деген түсінік бар. Бұл жаңсақ пікір. Мұндай отаны жасаудың басты себебі – артық салмақ салдарынан туындайтын аурулар, атап айтқанда, қант диабетінің асқынуы. Сондай-ақ артық салмаққа ие адамның ұйқы кезінде қорылдауы, тыныс алуының нашарлауы, артроз ауруының пайда болуы, әйелдерде менструалдық циклдің бұзылуы да бариатриялық операция жасаудың қажеттілігін білдіреді. Алайда толық адам өзін жақсы сезінсе, оған бариатрияның ешқандай да қажеті жоқ. Мәселен, салмағы 120 келіні құрайтын спортшыға ота жасаудың не керегі бар? Соңғы жеті жылда әлемде түрлі медикаментоздық емдеу тәсілдері қолданылғанымен, артық салмақ пен семіруді емдеуде ілгерілеушілік байқалмады. Адамның тағам мәселесіне айрықша сақтықпен қарауы тиістігіне мына бір деректі келтіргім келеді. 2010 жылы атышулы «Әл-Каида» ұйымы ұйымдастырған террорлық актілердің салдарынан бүкіл әлемде 7697 адам мерт болыпты. Ал сол жылы газдалған сусындардың кесірінен 3 миллион адам көз жұмған. 2012 жылы әлемде суицидтен 80 мыңға жуық адам қайтыс болса, 150 мыңнан астам адам артық салмақтың кесірінен о дүниелік болды. Сондықтан дұрыс тамақтану, семіздіктен арылу мәселесіне өз деңгейінде көңіл бөлгеніміз жөн. Ал артық салмақ пен диабет ауруын емдеудегі ең тиімді жол – бариатриялық операция жасау. Семіздікті емдеудегі бұл әдістен соң пациенттердің қалайша өзгеретіні жарты жыл ішінде-ақ білінеді. Шын мәнінде өте үлкен өзгерістер болады. Мәселен, қант диабеті асқынған толық адамдар күнделікті инсулин қабылдауға мәжбүр. Бариатриялық операциядан соң оның қажеттілігі жоқ.
– Шымкенттік дәрігерлермен тәжірибе алмасу қалайша жүзеге асырылуда?
– Сунчонхян клиникасы өзіндегі озық тәжірибені әлемнің өзге елдеріне таратуды абыройлы міндет деп біледі. Облыс әкімдігінің қолдауына сүйеніп Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының заманауи медициналық технологияларды енгізуге деген талпынысына сүйсіне қараймын. Бұған дейін Сунчонхян клиникасында бірнеше шымкенттік дәрігер біліктілігін арттыруға мүмкіндік алды. Жалпы, қазіргі таңда Азияның Тынық мұхиты аймағында халықаралық деңгейде бариатриялық операция жасайтын бар-жоғы 14 адам бар. Сол топтың құрамына мен де кіремін. Өзім Шымкентке екінші рет келдім. Бұл жолы 2 пациентке ота жасадым. Әрине жетістікке бірден жету қиын. Жақсы нәтижеге жету үшін операциялық залдарды заманауи техникамен жабдықтап, әлемдегі ең білікті мамандардан үйрену керек. Күрделі медициналық операция ісінде асығыстық жасауға болмайды. Бір адам өз күшімен тіпті ең жеңіл операцияны да жасай алмайды, оның жанында міндетті түрде арнайы оқытылған топтың болуы шарт. Кезінде Корея мен Жапонияда бариатриялық операцияны өз күшімен жүргізуге деген талпыныстар болған, бірақ нәтижесі көңіл көншітпеді. Ең маңыздысы – дұрыс бағытта қадам жасау. Оңтүстікқазақстандық дәрігерлердің шетелдік тәжірибені меңгеруге деген ұмтылысын толық қолдаймын. Олар бұл салада үлкен жетістіктерге жетіп, озық технологияларды толық игере алатынына сенімдімін.
Әңгімелескен
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»