Әлем • 05 Сәуір, 2018

Корей түбегінде қауіп бұлты сейіліп келеді

813 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

ХХ ғасырдың соңында әлем қалыпты, бейбіт жағдайға түсіп, ХХІ ғасырда жаңа технология­лар бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен қанат жа­йып, адамзаттың экономикалық тұрғыдан қарыштай дамуына жол ашылатын сияқты көрінген. Бірақ өмір мүлде басқа арнаға бұрылып, алып елдер арасындағы 30 жыл бұрынғы «қырғи-қабақ соғыс» қайтадан қылаң берді. Әлемдегі тынышсыздықтың бір парасы ғаламшардың шығысында бас көтеріп, Корей түбегінде оянып еді.

Корей түбегінде қауіп бұлты сейіліп келеді

Бір қуаныштысы, соңғы уақыттарда осындағы шиеленістің түйіні сәл де болса тарқатылып әлемге жағым­ды жаңалықтар тарала бастады. Соның ішінде КХДР көшбасшысы Ким Чен Ынның Оңтүстік Кореядағы Қысқы Олимпия ойындарына оң көзбен қарап, ашылу салтанатына Солтүстік Кореяның жоғары деңгейдегі делегациясының қатысуына мұрсат бергені, одан Оңтүстік Корея делегациясын қабылдағаны, АҚШ Президенті Дональд Трампқа кездесу жайлы ұсыныс түсіргені және ең соңында өзінің Қытай Халық Республикасына астыртын келіп, Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізгені – осының бәрі бейбітсүйгіш әлемге жылы саяси ағыс­тар әкеліп отыр. Осыған байланысты төменде біртұтас елдің екіге жарылу тарихына тоқталып өтпекпіз.

1910-1945 жылдары Корей түбегі тұтасымен Жапонияның колониал­дық иелігінде болды. 1945 жылы ІІ Дүниежүзілік соғыста Жапония жеңілгенде түбектің 38-ші параллельден жоғарғы солтүстік бөлігі КСРО-ның, ал оңтүстік бөлігі АҚШ-тың ық­па­лы­на түсті. Екі жақтың көлемдері бір­шама тең, Солтүстік 121 мың шаршы шақы­рым, халқының саны қазір 25 миллионға жуық адам, ал Оңтүстік 99,7 мың шаршы шақырым, халқының саны қазір 51 миллиондай.

Көп уақыт ырғасқаннан кейін екі алып өз қол астындағы бөліктер­ден 1948 жылы бірі социалистік, бірі капиталистік жүйесі бар екі мемлекет құрды. Міне, содан бері корей халқы екі түрлі жүйемен өмір сүріп келеді. Екі бөлік те түбекті біріктіріп, өз жүйесін тұтастай орнатуға тырысты. Текетірес 1950 жылы қарулы қақтығысқа ұласып, 1,3 млн адамның өмірін жалмаған үш жылдық соғысқа айналды. Бірін КСРО мен Қытай, екіншісін АҚШ пен оның одақтастары қолдаған екі жақ та жеңісе алмай, сол 38 параллельдегі шекарамен әлі күнге бөлініп тұр. Демократиялық мұраттарды тұтынған Оңтүстік Кореяның экономикасы қар­қынды дамып, Оңтүстік-Шығыс Азия­дағы дамыған мемлекеттердің біріне айналса, жоспарлы экономикаға кеп­теліп қалған Солтүстік Кореяның эко­но­микалық дамуы төмен. Алайда ол да бір кезде КСРО-ның ықпалындағы социа­листік лагерь елдерінің ішінде ал­дыңғы қатарлы экономиканың бірі болған. Бұл елдің ұлттық идеологиясы «чучхе» деп аталады, бұл «өз күшіңе ғана сен» деген мағынаны береді.

Солтүстік Кореяны құрылған күні­нен Ким Ир Сен басқарды, 46 жыл өкімет басында отырған ол дүниеден өткен­де орнына баласы Ким Чен Ир отырды. Ол біршама прогресшіл тұлға болды. 2002 жылы реформа жариялап, елдің ұлттық валютасы девальвацияланды, ауыл шаруашылығында бұрынғы ұжымдық шаруашылықтар таратылып, отбасылық шаруашылықтар құрылды. Елдің экономикасына шетелдік инвес­тиция ағылып, бір Қытайдың өзі ғана 2004 жылы 200 млн АҚШ долларына тең инвестиция құйды. 2007 жылы екі Корея мемлекеттерінің президенттері кездесіп, БҰҰ-дан бірігуге ықпал етуді сұраған қарар қабылдады. Бірақ бұл бастама шешімін таппай қалды. Ал 2011 жылы әкесі Ким Чен Ир қайтыс болғаннан кейін өкімет басына оның баласы, қазіргі президент Ким Чен Ын келді.

90-шы жылдардың басында со­циа­листік лагерьдің тарауымен сырт­қы күштердің елді демократияландыру, адам құқын сақтау сияқты қатаң талаптарына қарсы КХДР қарулануды күшейтті, соның ішінде зымыранды-ядролық бағдарламасын да бастады. Бұл армияның шығынын шамадан тыс арттырып, экономиканың дамуын тоқыратты, сонымен бірге халықаралық оқшаулануға соқтырды. Осы жылдарда табиғи апат та орын алып, соның салдарынан астық шықпай, аштық болып, ол шамамен миллионнан артық адамның өмірін жалмады.

КХДР-дың ядролық қару мен оны жеткізетін зымырандарды әзірлеу бағдарламасы 2005 жылдан бері жалғасып келеді. Барша әлемнің, соның ішінде халықаралық ұйымдардың қарсылығына қарамай 2006 жылдың күзінде ядролық қаруын алғаш рет сынақтан өткізді. 2009 жылы олардың қуатын 10-нан 20 килотоннаға дейін жеткізу мүмкіндігін көрсетті. Бұл 1945 жылы Хиросимаға тасталған бом­ба­ның қуатымен бірдей деген сөз. 2016 жылы сутегі бомбасын да сынады. Келесі 2017 жыл бойы құрлықаралық-баллистикалық зымырандарының шамасын байқап көрді. Қазір бұл елдің «Хвансон-14» баллистикалық зымыраны құрылықаралық қашықтықтарға жететіні белгілі болып отыр.

КХДР өкіметі биылға дейін өзі­нің Оңтүстіктегі қандастарымен үнемі жаулық қатынаста болды. Оның негізгі себебі екі жақтың да түбекке түбегейлі билігін жүргізу мақ­сатын­да жатыр. Шекара маңында үнемі қарулы қақтығыстар болып тұрды. Мәселен, 2014 жылдың 10 қазанында оңтүстіккореялық қоғамдық ұйымдар солтүстік көршілеріне қарай шекарадан асырып, ұрандар мен насихат­тар жазылған шарлар ұшырғанда КХДР сақшылары зеңбіректерден оқ атты, оңтүстіккореялықтар да оқпен жауап қайтарған. 2015 жылдың 21 тамызында АҚШ пен Оңтүстік Корея әскерлерінің жаттығулары болғанда бұдан қатты қауіптенген Ким Чен Ын әскеріне толықтай дайындық сапына тұруға бұйрық берді. Ал 2016 жылдың мамыр айында болған корей Еңбек партиясының жетінші съезінде сөйлеген сөзінде: «Америка имперализмі мен оңтүстіккореялық соғысқұмарлар біздің елімізге қарсы агрессия жасайтын болса оларға аяусыз тойтарыс береміз», деп доқ көрсетті.

КХДР-ға қатысты АҚШ біршама үстемдік саясатын ұстанып келді. Әсіресе кіші Джордж Буштың тұсында екіжақты қатынас ширығып кетті. Оған дейін Б.Клинтон президент болғанда келісілген шарттар тәрк етілді. Бұл текетірес КХДР ядролық қаруға қол жеткізгеннен кейін тіпті ушыға түс­ті. Чучхе ұстанымына берік болған КХДР, қалай десек те, өзімен үстемдік­пен сөйлесуді бүгінгі күні тәрк еткені анық. Ядролық қаруға қол жеткізген соң күш қолдану жоспарының да күлін көкке ұшырғанын бүкіл әлем көріп отыр. Сондықтан барлық мәселе тек келіс­сөздер үстелінде шешілуге тиісті. Сол­түс­тік Кореяда адам құқын аяққа басу сияқты дүниелер орын алып жат­қанын әлемдік БАҚ жиі жазады.

Жоғарыда Ким Чен Ын АҚШ пре­зиденті Дональд Трампқа кездесу туралы ұсыныс жасағанын айтқан болатынбыз. Би-Би-Си-дің хабарлауына қарағанда кездесу мамыр айының соңында болуы мүмкін, бірақ бұрынғы Мемлекеттік хатшы Р.Тиллерсон оның мерзімі белгісіз уақытқа ұзартылуы мүмкін деген пікір айтқан. Осыған дейін екі лидер де бір-бірін ауыр сөздермен айыптаған еді, енді соған қарамастан кездесуге талпыныс жасалғанын әлемдік БАҚ тарихта бұрын-соңды болмаған оқиға деп бағалауда.

Әрине АҚШ-тың ядролық қарудан бас тарту туралы талабына сәйкес КХДР да салмақты талаптар қоятыны сөзсіз. Оларды шешуге көшбасшылардың сая­си күш-жігері қаншалықты жете­тінін алдағы уақыт көрсетеді. Бірақ қалай болғанда да бұрын КХДР-дың еш­қан­дай лидерімен кездеспеген АҚШ президентінің келіссөз үстеліне оты­ра­тындығы әлемдік саясаттағы ұтымды қадам болып отыр. Бұл туралы саясаткерлер мен мамандар әлемдік БАҚ-тарда жарыса жазып жатыр.

Болашақ кездесуді Қытай тарапы да қолдап, ресми ұстанымында Корей түбегін ядролық қарудан тазарту жолында екі жақ та саяси күш-жігер танытуы керек деп жариялады.

Айта кететін жайт, Ким Чен Ынның Ақш президентін келіссөз үстеліне шақырған ұсынысын Оңтүстік Кореяның ресми делегациясы жеткізді. Осы делегацияны қабылдағанда КХДР көшбасшысы әлгіндей ұсыныс айтқан. Сонымен бірге ұсыныста ол ядролық сынақтар мен зымырандарды ұшыру істерінен тыйыла тұратынын да жеткізген.

Ал КХДР мен Оңтүстік Кореяның президенттері 27 сәуірде кездесетіндігі туралы оңтүстіккореялық ақпарат агент­тігі «Ренхап» жария етті. Бұл кез­десудің де бастамашысы КХДР көш­бас­шысы болған еді. Ол өзінің Қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатына қатысқан делегациясы арқылы осы сәлем­ді оңтүстіккореялық әріптесіне жет­кізген. Жоғары деңгейдегі кездесудің дайындық раунды 4 сәуірде басталады.

Ал жуырда тағы бір игіліктің нышаны есті. Ким Чен Ын 2005 жылдан бергі 13 жылда өз еліне табаны тимеген оңтүстіккореялық өнерпаздардың концертіне қатысып, музыканттардың өнеріне тәнтілігін білдірді. Сонымен бірге жалпы корей өнерінің өрлей беруіне тілектестігін айтты.

Қорыта айтқанда, Корей түбегінде қауіп бұлты сейіліп келе жатқандай. КХДР мен АҚШ келіссөздерінен әлем зор үміт күтіп отыр. Ерегістің ешқандай табысқа жеткізбейтіні, керісінше бардан айырып, бақты қашыратыны, тек бейбіт келісімдер екіжақты да, көпжақты да ұтыс­тың кепілі екені анық. Осы тұр­ғы­дан келгенде бауырлас қос елдің ортақ мәмілеге келіп, тіл табысуына, қақтығыс қаупінің тарқауына күллі әлем, барша адамзат мүдделі.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»