Футбол • 05 Сәуір, 2018

Дәурен Нұрғожин: Жақсы көретін командам – «Атлетико»

262 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футзалдан Қазақстан құрамасы Словенияда өткен Еуропа чемпионатында жүлдеге іліге алған жоқ. Бұл жолы төртінші орынды қанағат тұтты. Алайда жанкүйерлердің команда ойынына көңілі толды. Құрама сапында белсенді ойын өрнегін көрсеткен Дәурен Нұрғожинмен сұх­бат­тасқан едік. 

Дәурен Нұрғожин: Жақсы көретін командам – «Атлетико»

– Дәурен, биылғы құрлық біріншілігінен қандай әсер алып қайттыңыз?

– Чемпионат өте қызықты әрі тартысты өтті. Біріншілік барысында қаншама эмоцияға толы ойындар болды. Біздің құрама 2016 жылы Сербияда өткен чем­пионатпен салыстырғанда жо­ғары деңгейде ойнады. Өкі­ніш­ке қарай бұл жолы жүлде бұй­ы­рмады. Еуропа құрамалары бір-біріне шамалас, оңай ойын болған жоқ.

– Ұзақ уақыт жарақаттан көз ашпадыңыз? Қазір жағ­дай­ыңыз қалай?

– Биыл бұлшық еттен екі рет жарақат алдым. Соңғысы өте қиынға соқты, екі жарым ай доп тепкен жоқпын. Бақытыма орай Еуропа чемпионатына дейін қалыпқа келіп үлгердім. Қазір бәрі жақсы.

– Енді өткенге шегініс жасап көрсек, футболшы болуы­ңызға не себеп?

– Мені үлкен ағам жеті жасымда футболға алып келді. Тимур мектепте футбол секциясына қатысатын, ал мен оның соңынан аңдып, істегенін қайталап жүретінмін. Сөйтіп доп тебуді бірте-бірте бастап кеттім. Алдымен мектептің командасында, сосын «Шахтерде» ойнадым. 14-тен 25 жасыма дейін «Тұлпар» сапында ойнадым. Біздің буынның жолы болды деп айта аламын, өйткені Әміржан Мұқанов және Владимир Кравченко секілді бапкерлерден тәлім алдық.

– Қарағандының 1987-1990 жылдары туған футзалшы­ла­ры осыдан 10 жыл бұрын жарқырап шықты, ұлттық құ­р­а­маның негізін қалады. Бірақ кей­інгі жастардан құрамаға шақырылып жүргендері жоқтың қасы. Мұның себебі неде?

– 2005 жылы «Тұлпар» командасы құрылды. Ал біз 1987-1990 жылғы жігіттер «Тұлпар-2» командасында облыс чемпионатында ойнап жүрдік. Әміржан Мұқанов пен Владимир Кравченко бастаған бапкерлер штабы бізді негізгі құрамға тартты. Арада 1,5 жыл өткенде Қазақстан чемпионатына қатыстық. Бапкеріміз сенім артты, қателіктерден сабақ алуды үйрендік. Алаңда көп ойнауымызға мүмкіндік алдық. Оның үстіне бәсекелестік өте жоғары болды. Соның бәрі өз жемісін берді. Қазір жастарда ондай ойын тәжірибесі жоқ. Ең өкінштісі «Тұлпардың» баяғы мектебі қалмады.

– Ағаңыз Тимурдың «Тұл­пар» сапында ойнағанын, бір кездері ұлттық құрамаға ша­қы­рылғанын білеміз. Бірақ соңғы кездері неге көрінбей кетті?

– «Тұлпар» сапында «столба» болып ойнайтын. Өзі солақай. Кейіннен көп уақытын оқуға бөліп, футзалдан алыстап кетті. Қазір облыс біріншілігінде өзі үшін ғана ойнайды.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Шынын айту керек, менде бос уақыт аса көп емес. Бола қалған жағдайда үйде боламын, арасында моншаға барамын. Алматыда өзім жалғыз тұрғандықтан кешке Шыңғыс Есе­намановтың үйіне қонаққа барып, оның балаларымен ойнаймын.

– Шетелдің қай командасы ұнайды?

– Өзге елдің құрамасына ешқашан жанкүйер болған емес­пін. Ал клубтардан Испа­нияның «Атлетико» клубына бүйрегім бұрады. Өйткені маған жұлдыздарды жинап алатын командалар ешқашан ұнаған емес. Ал «Атлетиконың» өзіндік ойын өрнегі және командалық рухы бар. Сондықтан жаныма жақын команда.

– Әлемдік футбол жұл­дыз­да­ры гол соққанда әрқайсысы өз­дерінше тойлап жатады. Сіз­дің сондай ерекше стиліңіз бар ма?

– Менде ондай ерекше «фиш­ка» жоқ. Гол соққанда қу­анғанымды қалай білдіремін деп ойлап көрмеппім. Бастысы, командама пайдам тисе болды, гол соғу жеке мақсатым болған емес. Колумбияда өткен әлем чемпионатында Испания қақпасына соққан голым есімде.

– Жейдедегі нөміріңізге қат­ты мән бересіз бе?

– Бұрын үнемі «5» нөмірмен ойнайтынмын. Бірақ «Қайратта» бұл нөмір бос емес. Уақыт келе қандай нөмірмен ойнаса да бәрібір екенін түсіндім. Тек «6» және «13» деген сандар ұна­майды, басқа кез келгенін алуға дайынмын.

Бек ТӨЛЕУ,

журналист