12 Ақпан, 2010

ІЗГІЛІК ПЕН КҮШ-ЖІГЕР БІРЛІГІ

1282 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Елбасы Н.Назарбаевқа арналған жаңа кітаптың өзегіне айналған “Нұр Отан” халықтық-демо­кра­тиялық партиясының Орталық аппа­ратында “Нурсултан Назарбаев: гуманизм и политическая воля” (Нұрсұлтан Назарбаев: гуманизм және саяси ерік-жігер) атты жаңа еңбектің тұсаукесер рәсімі өтті. Кітап­тың авторлары – Парламент Сенатының депутаты, Жемқорлыққа қарсы республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Оралбай Әбді­кәрімов, философия ғылымдары­ның докторы, профессор Гурий Хан және философия ғылымдарының канди­даты, ҚазГЗУ профессоры Ирина Хан. “Егер де дүниеге жаңа шығарма келіп жатса, бұл – әрқашан жақсы оқиға. Бұл кітаптың ерекшелігін, маңызын жіктеп, бөліп айтуға болады. Біздің саясаттану ғылы­мын­да, жалпы тарихнама ғылы­мын­­да жеке тұлғаның тарихи рөлі­не арналған шығармалар соңғы кез­де жеке бір бағытқа айналып келеді. Жыл басынан бері бірнеше еңбек жарық көрді. Бірақ бұл кітаптың орны ерекше. Себебі, белгілі ғалым­дар мен тәжірибелі саясаткер­дің саяси тұлғаны әр түрлі қырынан көрсетуі, еліміздің күрделі саяси, экономикалық, қоғамдық үдерістер­дегі рөлін айқын белгілеуі көп нәрсені аңғартады. Еңбек гуманизм және саяси ерік-жігер деген ұғым­дар­мен бекер байланыс­тырылмаған. Бұл Елбасының тұлға ретіндегі болмысын айқын көрсететін ұғымдардың бірі”,– деді тұсаукесер кезінде “Нұр Отан” ХДП хатшысы Ерлан Қарин. Оның сөзіне қараған­да, аталған кітапта философиялық, тарихи, саяси әдістер сәтті үйлесім тапқан. Бұл ретте Елбасының тұлға­сы мен болмыс-бітімі белгілі ғалым­дар мен тәжірибелі саясаткердің көзімен ортақ бір жүйеге келтірілген. Сол себепті кітапта Мем­лекет бас­шы­сы­ның баяндама­лары, мақала­лары, еңбектері негізінде оның барлық саяси және мемлекеттік қызметіне ғылыми пайымдау мен жүйелі талдау жасалыпты. Мәселен, кітап авторларының бірі, белгілі саясаткер Оралбай Әбді­кәрімов өз сөзінде Елбасы туралы көптеген кітаптың жазыл­ғанына, әлі де жазыла беретініне тоқталып өтті. “Жалғыз біздің қазақ­стандық ға­лым­дар ғана емес, әлемдік ға­лымдар мен жазушылар тарапынан да айрықша қызығу­шылық бар. Кезін­де мен Ұлыбри­та­ниядан, Америка­дан келген ға­лым­дармен кездестім. Бір еске сала­тын жайт, Елбасы туралы шығар­ма кеңестік кезеңде жарық көрген болатын. “Феномен Назар­­баева” деген атпен. Одан бері жүз­деген еңбек дүниеге келді. Ал бұл кітаптың өз орны, өз ерекшелігі бар дер едім. Мен Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­мен 1970 жылы, яғни 40 жыл бұрын танысқан едім. Ал бірге қоян-қолтық жұмыс жасағаны­мызға 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Бұл да өз кезегінде кітаптың жазылуына көп көмегін тигізді дер едім. Бұл кітаптың негізгі авторы – Гурий Хан. Мен оған қажетті ақпараттар беріп, көмектестім. Сол себепті ол кісіге алғысымды білдіремін”, – деді О. Әбдікәрімов. Бұдан кейін философия ғылым­дарының докторы Гурий Хан ав­тор­лық ұжымның атынан тұсау­кесердің ұйымдастырылуына ұйыт­қы болған “Нұр Отан” партиясына алғысын жеткізді. Оның сөзіне қара­ғанда, үш автор өз тарап­тары­нан ғылыми-фило­софиялық талдау жасай оты­рып, Елбасының әлемдік аренадағы орнын халықтық және мемлекеттік мүддемен байла­ныс­тыра отырып көрсетуге тырысқан. “Бұл – менің жетекшілігіммен Елбасы туралы шыққан екінші кітап. Мұның алдындағы еңбек “Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақ­стан­­ның тәуелсіз сыртқы саясаты­ның негізін қалаушы” деген атпен жарық көрген еді. Бұл кітаптың ерекшелігі неде? Біз, яғни авторлар Елбасы туралы жазылған кітаптар­дың барлығын жан-жақты, тиянақ­ты зерттеп шықтық. Саяси тұлға­ның көпқырлы қызметін қалай айқын көрсетуге болады деп көп ойландық. Бірақ біз өзіміздің стилі­­мізді таптық. Бұл ретте тұлғаның болмысын гуманизм және саяси күш-жігер ұғымдары негізінде ашып көрсетуді, бірінші кезекте осы ұғымдарды басшылыққа алып жазуды жөн көрдік. Яғни, кітаптың өзегі – ол кез келген экономика­ның тек қана адамның қызығушы­лығы және мүддесімен, яғни адам­гер­шілік ұғымымен байланысты даму қажеттігін, сол кезде ғана оның ілгері жылжитындығын көрсету. Мәселен, Мемлекет бас­шы­сының биылғы Жолдауы да әлеу­меттік салаға арналған. Бұл уақыт өте келе мемлекеттік назар­дың әлеуметке, яғни қоғамның дамуына айрықша бұрыла түскен­дігін көрсетеді”, деді Г.Хан. Сон­дай-ақ, ол бұл кітаптың жазылуына Елбасының “Дағдарыстан шығу кілті”, “Бесінші жол” деген мақа­ла­лары да түрткі болғандығын атап өтті. Тұсаукесер кезінде өз ой-пайы­мын жеткізген Астана қаласы Қазақ­­стан халқы Ассамблеясы хат­шы­лығының меңгерушісі Әміржан Әлпейісов “кітапты белгілі бір нақты деректерге сүйене отырып жазу бар да, оны ғылыми, философиялық негізде жазу бір басқа” екендігіне тоқталып өтті. Кітап жеңіл оқы­ла­ды. Онда айтылған ойлар адамның есінде тез сақталады. Бұл да оның артықшы­лығын көрсетеді, – деді Әміржан Қайырұлы өз сөзінде. – Десек те, жаһандану үдерістеріндегі Қазақ­станның геосаяси орнын әлі де ай­шықтап көрсетуге болар еді”. Сон­дай-ақ, Ассамблея өкілі аталған еңбектің ең алдымен қазақ тілінде шығуын назарда ұстау қажеттігін және жоғары оқу орындарында оқитын студенттер, жас саясат­керлер үшін оқу құралы ретінде енгізу керектігін тілге тиек етті. Бұл күнгі басқосуға жиналған билік партиясының өкілдері мен Парламент депутаттары, ғылыми және шығармашылық интеллиген­ция өкілдері кітапта Елбасының қазақ­стандық қоғамды жүйелі мо­дер­низациялау, Қазақстанның әлем­дік сахнадағы орнын нықтау, мемле­кет­тік, елдік, қоғамдық мүддені қор­ғау бағытында атқарған қызметінің нақты көрініс тапқандығына тоқталды. Тағы бір атап өтерлігі, бұл ең­бек­те Елбасының әлемдік сахнаның төрінен орын алған елдермен жүйелі әріптестік байланыс орнату, саяси жүйені модернизациялау, дүние жүзінің белді де беделді ұйымдары­мен ынтымақтастық орнату аясында жүр­гізген бастамаларына ғана баға беріл­меген. Онда Мемлекет бас­шысы тура­лы Маргарет Тэтчер, Жак Ширак, Абдулла Гүл, Цзян Цзе­минь, Евгений Примаков, Джордж Робертсон, Джон Барроу, Азиз Әл Сауд, Эмомали Рахмон, Никита Михалков, Франсуа Трюси секілді әлемдік деңгейдегі белгілі саясаткер­лер мен ғалымдар­дың, қоғам қай­раткерлерінің пікір­лері, бағалаулары көрініс тапқан. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.