Медицина • 06 Сәуір, 2018

Ыстық нанға ықылас

743 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Баяғыда, бала күнімізде анамыз оттан шыққан ып-ыстық таба нанды иісін бұрқыратып алып, сөреге қоя бергенде, қаладан келген әпкесі Қоңырша: «Әй, Ұлдай, әкелші анау наныңды! Тезекке піскен таба нанды ыстықтай жеген керемет қой! «Сібежій» нан жемей, қатырып қоятындарың-ай, түге!» деп әзілі-шыны рас ұрысқаны есімде қалыпты.

 

Ыстық нанға ықылас

Шынында да, ілуде бір болмаса, ауылда таба нанды ыстықтай жемейтініміз рас қой. Ыстық нанды бір турасаң, сол бойында түгелдей желінуі керек, әйтпесе шикі болып қалады дейтін. Әйтеуір қаз-қатар пісіріп қойған таба нанның бұрын піскенін турап, жаңа піскенін қалдыра беретін әдет әлі де бар. Бұл бұрын піскен нан қатып қал­масын, ысырап болмасын дегеннен туған ниет шығар мүмкін.

Осыдан отыз жыл бұрын Алматыға барғанда басымнан өткен бір қызық оқиға есімнен кетпейді. Ауылдан алып қалаға алғаш аяқ басуым. Алматының нақ орталығында, Пушкин көшесінде тұратын әкемнің немере ағайыны Ғайнеш ағаның пәтеріне түстік. Үйдің отанасы София жеңгей жарықтық, сөйлеп тұрған, өктемдеу, кісі жұмсағыш жан екен. Мені бірден дүкенге нанға жұмсады. Ленин даңғылын кесіп өтіп, «Россия» дүкеніне баратын жолымды тәптіштеп түсіндірді. 

Әрине айтылған жерге барып, сөреде қаз-қатар тізіліп тұрған нанның ішінен әбден кеуіп, қабығы қатқан нанды теріп әкелдім ғой. «Апырмай, мына бөлкелер енді болмағанда мүлдем жеместей болып қатып қалады екен. Обал-ай» деп қоямын ішімнен. 

...Обал-сауапты ойлаған балаң әрекетімнің соңы қалай аяқталғанын оқырман өзі ұғып отырған шығар. Мен әкелген нанды көріп, София жеңгей шошып кетті. «Бұдан басқа нан жоқ па екен?!» деген таңданысқа толы сұрағына дүкенде нанның толып тұрғаны туралы жауап алған соң біраз бұрқылдады дерсің. «Ауылдан шықпаған аңқау», «Тіпті нан таңдау білмейтін надан» баланы сыртынан біраз сыбаған сияқты...

Бүгінде өзіміз де әбден қалалық болып алдық қой. Супермаркетке кірсек, нанның ыстығын алғымыз келіп тұрады. Өмір-ай десеңші.
Осы, дүкендерде қатқан нанды қайда жібереді екен, ә?!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

ОРАЛ