Қазақстан • 06 Сәуір, 2018

Мұнай-газ қорын толықтыру – геологтер үшін маңызды міндет

1200 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сәуірдің алғашқы жексенбісі – геологтердің кәсіби мерекесі. Бұл орайда мұнайлы Маңғыстау өңіріндегі «Кендірлі» демалыс аймағында «ҚазМұнайГаз»Барлау Өндіру» АҚ компаниялар тобы геологтерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.

 

Мұнай-газ қорын толықтыру – геологтер үшін маңызды міндет

Жиынға «Өзенмұнайгаз», «Ембі­мұнайгаз», «Қаражан­бас­мұнай» акционерлік қоғамдары, «ҚазГерМұнай» бірлескен кәсіп­орны», «Карповский Север­ный», «Урал Ойл энд Газ», «Су өндіру және тасымал­дау», «Қазақ газ өңдеу зауыты», «Өзен­мұнай­сервис» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестіктерінің геолог-мамандары қатысып, жердің қыртысы және ішкі қабаттары, олардың құрамы, құрылысы, қозғалысы, даму тарихы, орналасу заңдылықтары туралы баяндамалары мен слайдтарын ұсынып, қызу талқылады. Олар өздерінің алдында кен орындарын өңдеу, байыту сияқты күр­делі міндеттер тұрғандығына тоқ­талып өтті. Жиынға геология сала­сының дамуына, жоғары дең­гейге көтерілуіне тер төккен арда­гер-геологтер де қатысып, өздері­нің бай тәжірибелерімен бөлісті.

Кеңестік кезеңде геолог десе, көз алдымызға балға мен жол­дор­ба ұстаған мамандар елестей­тін. Қазіргі геологтер – заманауи компьютерлік және ғарыштық технологиялармен жабдықталған кәсіп иесі. Жиында сөз алған «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ өндіріс және кен орындарын игеру жөнін­дегі басқарушы дирек­тор Қуанышбай Нұрғалиев сала ма­ман­дарына арналған «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиевтің арна­йы құттықтау тілегін жеткізді. 

«Құрметті әріптестер, кәсіби мереке құтты болсын. Сіздерге зор денсаулық, баянды бақыт, еңбектеріңізге жеміс тілеймін. Өткен жылы геологтер күнін қазақ мұнайының қарашаңы­рағы  «Ембі­мұнайгазда» салтанат­ты атап өттік. Міне, биыл дәстүр­ді жа­л­ғас­тырып, геологтер күнін «Өзен­мұнайгазда» атап өтіп отырмыз. 

Бір ғасырдан астам тарихы бар мұнай-газ секторы – бүгінде стратегиялық саланың бірі. Соның ішінде мұнай қорын ұлғайту, жаңа кен көздерін табу, соны­мен қатар еліміздегі ескі кен орын­дарын қайта жандандыру бағытындағы жұмыстар мұнай­шы геологтерге үлкен сенім, ауыр жүк артады. 
 Сіздер жер қойнауын барлау, мұнай-газ қорларын көбейту, жаңа кен орындарын игеру, өндіріс көлемін арттыру сияқты жауапты міндеттерді абыройлы атқарып отырсыздар. Сала маман­дарына жүктелген жауап­кершілік жүгі ауыр, салмақты. 

Сіздер мамандыққа адал­дық деген қағиданы берік ұста­нып, бұл бағыттағы жұмыстар­ды табысты атқаруға күш салып келесіздер. Өнім көлемін ұлғайту­дағы ізде­ністер, тиім­ді гео­логиялық-тех­ни­калық шара­лар, өндіріске енгі­зіліп жатқан жаңалықтар өз нәти­жесін беріп отыр. Компания өн­­діріс­тік қызметінде жеткен же­тіс­тік­терде әрқайсыңыздың үл­кен үлесіңіз бар. Сіздердің қажыр­лы қызметтеріңіз үшін бас директор Құрманғазы Орын­ғазыұлының атынан және өз атымнан зор алғысымды біл­діремін. Алдағы уақытта да жоға­­ры жетістіктерге жете бері­ңіз­­дер», деді Қ.Нұрғалиев. 
Кәсіби мерекеге орай еңбегі­мен еленген мұнайшы геологтер Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапатталды. 

Расберген Махмұдов, 

«ҚазМұнайгаз»Барлау Өндіру» АҚ Геология және кен орындарын игеру департаменті директорының орынбасары:

– Биылғы жылы кәсіби мере­кеге байланысты «ҚазМұнайГаз»Барлау Өндіру» ак­цио­нерлік қоғамына қарасты мекемелердің геологтер қауымы Каспий теңізі жағасында орна­лас­қан «Кендірлі» мекенінде бас қосып семинар өткізді. 2017 жылы орындалған жұмыс бағдар-ламасына талдау жасалып, қол жеткен жетістіктерді ортаға салып, алдағы болашақта жасалатын жоспарлар айқындалды. Мұнай-газ саласында геологтер көптеген бағыттарда қыз­мет ат­қарады. Олар мұнай-газ қорларын іздестіру, барлаудан бастап, мұнай мен газ кеніштерін игеру, өндіру процесінде мұнай-газ қорларын толықтыру және ең соңғы кезеңде мұнай-газ қорлары таусылған кезде кеніштерді жою жұмыстарына қатысады. 

Мұнай-газ қорларын толық­тыру геологтер үшін маңызды міндет. Осы көрсеткіште 2017 жылы «Өзенмұнайгаз» АҚ гео­логтері табысқа қол жеткі­зіп, Өзен-Қарамандыбас кеніш­теріндегі мұнай қорын 6,8 млн тоннаға өсірді. Бұл көрсеткіш бір жылдық мұнай өндіру көлемінен асып түсті. «Ембімұнайгаз» АҚ геологтері де айтарлықтай жақ­сы табыстарға жетті. Мұнай-газ қорларын толықтыру 2,9 млн тоннадан асты. Бұл көрсеткіште «Ембімұнайгаз» АҚ бір жылдық мұнай өндіру көлемінен асып түсті. «Кендірліде» өткен семинарда көптеген геологтер қол жеткізген табыстары үшін Алғыс хаттар және Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Болашақта алда тұрған міндеттердің бірі – жүргізілген үш өлшемді сейсмикалық бар­лау жұмыстарының нәти­жесінде Өзен-Қарамандыбас аймағында және Қаратон тұз асты құрылымында 6000 метр тереңдікке палеозой қаба­ты­на ұңғымалар бұрғылау жұмыс­тарын сәтті іске асыру және «Өзенмұнайгаз» АҚ пен «Ембімұнайгаз» АҚ мұнай-газ қор­ларын еселеп толықтыру. 

Барлық әріптестеріме алдағы уақытта да жоғары жетістіктер тілеймін. 

Айнагүл Мұстажанова, 

«Ембімұнайгаз» АҚ «Қай­нар­мұ­найгаз» МГӨБ Кенбай мұ­­най және газ өндіру цехының геологі:

– «Өзенмұнайгаз» АҚ-та геологтер күні жақсы өтті, ұйымдастыруы, қарсы алуы бәрі бізге ұнады. Өткен жылы «Ембімұнайгазда» өткенде олар Атырауға келген болатын. Жиын барысында геология саласындағы бүгінгі жетістіктер мен алдағы жоспарлар сөз болды. Марапатталғандар да көп болды, соның ішінде өзім де «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-тың Құрмет грамотасын иелендім. Әріптестеріммен өзара пікір алмасып, жер көріп әрі марапат алып марқайып қайттық. Мереке құтты болсын!

Жеңіс Бағытов, 
«Ембімұнайгаз» АҚ «Жылы­ой­мұнайгаз» МГӨБ Прорва кен орнын игеру тобының өнідірістік басқармасының геологі:

– Өзенде геологтердің бас-қосуы жақсы өтті. Жер асты қой­науын барлап, мұнайды таба­тын геологтер. Сол бағытта көп­теген алғыс, жылы лебіздер ай­тылды. Әсі­ресе А.Сахиев, А.Өте­сінов сын­ды еңбек ардагерлері­нің «мұнай­дың көп болуы геоло­г­терге де байланысты. Көп оқып, көп ізденіңдер. Қазіргі талап бас­қа. Жаңа технологияларды өн­ді­­ріске енгізу керек. Соған орай ізде­нуден талмаңыздар» деп айт­қан өсиеттері көңілге қоны­м­ды. Сол бағытта еңбек етіп келе­міз. «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-тың Алғыс хатын алғаным мені қа­нат­тандырғаны да рас. Гео­лог­тердің еңбегі әрдайым елене берсін! 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»