09 Сәуір, 2018

Бейбітшіліктің тірегі – толеранттылық

1210 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлемде, өз айналамызда адами қатынастарға жат көріністерге, бірін-бірі орынсыз кемсіткен, жөнсіз айыптаған жандардың іс-әрекеттеріне куә болғанда француз жазушысы Антуана де Сент-Экзюперидің: «Егер сен мен сияқты болмасаң, сол үшін сені кемсітпеймін, қайта құрметтеймін» деген сөзінің ішкі мәнінен өзгенің наным-сеніміне, ұстанымына, әртекті келетінін жаратылыстардың болмысына түсіністікпен қараудың маңыздылығын ұққандай боласың.

Бейбітшіліктің тірегі – толеранттылық

Ғаламда бұрыннан қалыптасқан, дәстүрлі түрде орныққан толеранттылық, төзімділік үрдістері бүгінгі халықаралық қоғам­дастықтағы татулық пен келісімді, ұлтаралық, конфессияаралық жарасымдылықты сақтауда маңызды рөл атқарып отыр. Дегенмен, осы толе­ранттылық үрдістері солғын тартқан аймақтарда саяси кикілжіңдер, түрлі қақты­ғыстар орын алуда. Бұл жағдаяттар бізге төзім­діліктің, өзгеге құрметпен қараудың, тірші­ліктегі әртектілікке түсіністікпен ой жіберудің аса қажет екенін ұқтырады.

Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Аза­маттық татулық пен ұлт­аралық келісім – біздің басты құндылығымыз. Көп ұлтты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған», деген сөзінен біз Қазақстанның толеранттылық қағидаттарына баса назар аударып, оны сыртқы және ішкі саясатта басым бағыт ретінде қарастырып отырғанын аңғарамыз.

Қазіргі таңда әлемдік ауқымда түрлі өзге­рістер болып жатыр. Бұл өзгерістердің басым бөлігі адамзаттың қол жеткізген жетістік­теріне тікелей байланысты. Ғылым мен тех­ни­кадағы прогресс, экономикалық тұрғыда даму, озық технологиялардың қолданысқа көптеп енгізілуі және басқа да игіліктер мол мүмкіндіктерге жол ашуда. Десек те, осын­дай жақсылықтарға қарамастан, адамзат баласын толғандырар сын-қатерлерге тұсау салынар емес. Өркениет өріне өрмелей түскені­мізбен жолымызды кескестеген соғыс­тар мен жанжалдар ошағы көбейе түсуде. Бұл қақтығыстардың туындауына мемле­кет­аралық, дінаралық келіспеушіліктер, әлеу­меттік теңсіздіктер, экстремистік, лаңкестік топтар ылаңы, адам құқығының тапталуы сияқты жағдаяттар ықпал етіп отырғаны түсінікті. Бірақ осы арада мұның барлығы толеранттылық қағидаттарына жүгінбеудің себебінен пайда болған салдарлар екенін мойындағанымыз жөн.

Тағаттылыққа қарсы ұғымдар – төзім­сіз­дікке, шыдамсыздыққа бой алдырған қоғам өз басын өзі жұтпай тынбайды. Тағатсыздық көбінесе асығыс шешім қабылдауға алып келеді де, ол кереғар көзқарастағы тараптар арасындағы тұтануын күтіп тұрған оттың лапылдай жануына басты себепкер болады. Бұл оттың ешкімді жылытпасы, қайта керісінше, адамдарды шыңғырта өртейтіні анық.

Төзбеушілік белең алған жердегі қарсы күштердің қолтығына су бүрку тәсілі ақтауға болмайтын айла екені белгілі. Мұндай аярлықты айла-тәсілдер қолданылған оқи­ға­лар тарих бедерінде көптеп кездеседі. Бұл құй­тыр­қы тәсілдердің озық үлгісі бүгінгі әлемде де кеңінен қолданылуда. Оның мысал­дары қазіргі таңда орын алып жатқан қақты­ғыстар мен кикілжіңдердің төңірегінен төбе көрсетіп жүргенін ішіміз сезеді.

Өз ортасында төзімділік көрсетпей, «бәрі менің көзқарасыма сай өмір сүру керек» деп, басқаның пікірімен санаспай астамшылық танытудың соңы жақсылыққа соқтырмайды. Мәселен әлемде өзіндік мәдениеті, дәстүрі, наным-сенімі бар түрлі ұлттар өмір сүреді. Олардың ішіндегі әлеуеттілері келесі бір ұлттарға өз құндылықтарын тықпалап, соны тұтынуға мәжбүрлер болса, оған қарсы күштер пайда болатыны сөзсіз. Осылайша өзара қарсылықты күштердің өніп шығуының арғы негізінде кереғар көзқарастар жататыны айтпаса да түсінікті. Ал осы қайшылықты ұстанымдағы топтардың жанжалсыз қатар өмір сүруі үшін ең қажеті – төзімділік.

Абай атамыз өзінің отыз төртінші қара сөзінде: «Адам баласына адам баласының бәрі – дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің – бәрі бірдей, ахиретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, көрден махшарда сұралуың – бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың – бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па?.. Біріңе-бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің, біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылып, көз алартыспақ лайық па? Тілеуді құдайдан тілемей, пендеден тілеп, өз бетімен еңбегімді жандыр демей, пәленшенікін әпер демек – ол құдайға айтарлық сөз бе? Құдай біреу үшін біреуге жәбір қылуына не лайығы бар? Екі ауыз сөздің басын қосарлық не ақылы жоқ, не ғылымы жоқ бола тұра, өзімдікін жөн қыламын деп, құр «ой, тәңір-ай!» деп таласа бергеннің несі сөз? Оның несі адам?» дейді. Хакім Абайдың бұл сөзінен әлем жұртшылығы, іс басында жүрген ірі саяси қайраткерлер хабардар болса, қанеки.

Қорыта айтқанда, бүгінде толерант­ты­лық­тың мән-маңызын тереңнен түсіну қажеттігі айқындала түсуде. Өйткені тағаттылық қағидаттарына жүгінбеген әлем қауіп-қатердің қоршауынан құтыла алмайды.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»