– Ажырасқан ерлі-зайыптылардың мүлікті бөлісе алмау жағдайының алдын алу үшін не істеген жөн?
– Мұндай әуре-сарсаңды болдырмас үшін өркениетті елдерде неке шарты жасалады. Біздің елдің заңнамасында да неке шарты бар. Неке шартын тек үйлену алдында ғана емес, некеде тұрған кезде кез келген уақытта жасауға болады. Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексінің 40,41-баптары негізінде әрбір ерлі-зайыпты неке шартын жасауға құқылы. Әрі бұл шартты олар кез келген уақытта өзгертуге немесе бұзуына болады. Бірақ аталған шартта заң мазмұнында көрсетілген мәселелер ғана қамтылады.
– Неке шартының мазмұнына не кіреді?
– Оған төмендегідей түсініктер кіреді: ортақ меншік тәртібін өзгерту; барлық мүлікке қатысты тәртіп белгілеу; жекелеген мүлік түріне режім тәртібін белгілеу; ерлі-зайыптылардың әрқайсысының мүлкіне режім белгілеу; қазір қолда бар мүлікке қатысты және болашақтағы мүлікке қатысты тәртіп белгілеу; ерлі-зайыптылардың бірін-бірі күтіп, бағу жөніндегі міндеттері тәртібі; бір-бірінің табыстарына қатысу тәсілдерін айқындау; әрқайсысының отбасылық шығыстарын шығару тәртібін айқындау; неке бұзылған жағдайда әрқайсысына берілетін мүлікті айқындау.
– Неке бұзылған жағдайда балалар кіммен қалуы тиіс?
– Ажырасқан ата-ананың балалары қалыптасқан жағдай бойынша көбіне анасының қолында қалады. Мұны «заң солай екен» немесе «сот балаларды тек анасымен ғана қалдырады» екен деп түсінуге болмайды. Алайда, көпшілікте осындай біржақты пікір қалыптасқан. Сол себепті әкелердің бірқатары бала менде қалсын деп сотқа арыз түсіре қоймайды. Ал заңда әкенің де, ананың да құқықтары тең. Мұндай жағдайда заңның талабына сай сот шешім шығарады.
– Неке бұзылып, сот шешімімен бала бір ата-ананың қолында қалды. Сонда екінші ата-ана ол баланың тәрбиесіне, басқа маңызды мәселелеріне қалай араласа алады?
– Әрине, мұндай жағдайда көбіне бір ата-ана ғана балаға тәрбие беріп, ал баласынан бөлек тұратын екінші ата-ана алимент төлеумен шектеледі. Алайда Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 73-бабында баласынан бөлек тұратын ата-ананың баласымен араласуға, оның тәрбиесі мен білім алу мәселелерін және бала үшін өзге де маңызды мәселелерді шешуге қатысуға құқы бар. Егер мұндай араласу баланың тән саулығы мен психикалық денсаулығына, оның адамгершілік жағынан дамуына зиян келтірмесе, баласы өзімен бірге тұратын ата-ана баланың екінші ата-анасымен араласуына кедергі жасамауға тиіс. Демек, баласынан бөлек тұратын ата-ана белгіленген уақытта баласымен жолығуға, онымен бірге қыдыруға, өзінің үйіне әкетуіне, тіпті еңбек демалысы кезінде демалатын орындарға (шетелге де) бірге ертіп апаруына құқығы бар. Бұл заңдылық ата-аналар арасында өзара келісілмесе, онда сотқа жүгіну арқылы шешіледі.
– Әкесімен, не анасымен бөлек тұратын баланың тұрғылықты жері мен заңды мекенжайы бола ма?
– Әрине, болады. Бірақ ол жер ата-аналарының келісімімен белгіленеді. Ал ортақ келісім болмаған жағдайда баланың мүддесі, оның пікірі негізге алынып, қорғаншы немесе қамқоршылық жөніндегі міндеттерді жүзеге асыратын органның қатысуымен сот шешеді. Сот бұл ретте баланың ата-анаға, аға-інілері мен апа-сіңлілеріне үйірлігін, баланың жасын, ата-аналардың адамгершілік және басқа да жеке қасиеттерін, ата-аналардың әрқайсысымен баланың арасындағы қарым-қатынасты, баланың дамуы мен тәрбиесі үшін жағдайлар жасау мүмкіндігін, ата-аналар қызметінің түрін, жұмыс режімін, ата-аналардың материалдық және отбасылық жағдайын және басқа да жағдайларды ескереді.
Дайындаған Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»