І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында облыстық мәслихаттың кеңейтілген сессиясында облыс әкімі Серік Үмбетов қорытынды есебін өткізіп, өңірдің экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуы мен Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты халыққа Жолдауынан туындайтын алдағы атқарылуға тиісті міндеттерге жан-жақты тоқталды.
КЕЛЕШЕК КЕМЕЛ ІСТЕРМЕН КЕЛІСТІ
– Елбасының биылғы Жолдауы – 2020 жылға дейінгі атқарылатын нақты міндеттерді айқындауымен және қоғам өмірінің барлық саласын қамтығанымен ерекшеленді, – деп бастады сөзін Серік Әбікенұлы. Бүгінгі есеп беру жиынында өткен жылғы жұмыстарға кеңінен талдау жасаумен қатар, құнды құжаттан туындайтын бағдарлы жұмыстарға және оны жұртшылыққа жеткізудегі міндеттерге назар аудару қажеттігін алға тартты.
Жалпы алғанда, республика өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша Алматы облысы алдыңғы шептен көрініп келеді. Ол тұтастай алғанда жұмыссыздықтың алдын алу, тұрғын үй, тұтыну бағаларының индексі мен бюджеттік салықтар мен түсімдер көлемі, негізгі капиталға тартылған инвестиция, инновациялық бастамалар мен спортты дамыту, тағы басқа нәтижелер бойынша қол жеткен жетістіктермен өлшенеді. Бұған қоса, жыл қорытындысында өнеркәсіп өнімінің көлемі 289,8 млрд. теңгені құрап, ағымдағы жылы 293,2 млрд. теңгенің өнімін өндіру жоспарланған. Нәтижесінде салада 60 жаңа өнеркәсіп нысаны пайдалануға беріліп, 16 кәсіпорынды кеңейту есебінен 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылса, бұл халықтың әлеуметтік мәселелерінің оң шешілуіне ықпал еткен. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі есепті кезеңде 219,8 млрд. теңге болып, өңір жұртшылығын азық-түлік өнімдерімен жеткілікті қамтамасыз етуге қол жеткізіліпті.
Облыс экономикасында шағын және орта кәсіпкерліктің алатын орны ерекше. Салада 235 мың адам еңбек етіп, өндірілген өнім көлемі мен көрсеткен қызмет түрі 180,9 млрд. теңгені құраған. Бюджетке тиісінше 12,4 млрд. теңге салық және басқа да төлемдер түсіпті. Аталған саладағы жобаларға қомақты қаржы бөлінгені жақсы іске дем берген. Ағымдағы жылы аталған салада 185 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, халыққа сапалы қызмет көрсету болжанса, оның тиянағын келтіру жұмыстары бүгіннен қолға алынуда. Қазіргі кезде өңір халқына сауда, қоғамдық тамақтандыру және қызмет көрсетуде 12,8 мың нысан қызметін ұсынып, бөлшек сауда көлемі 94,6 млрд. теңгені құрап отыр. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, тұтынушыны сапалы азық-түлік түрлерімен қамтамасыз ету мәселелері жіті назарда деуге болады.
Өңірдің дамуы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемімен өлшенетіні аян. Осыған орай оның көлемі 310 млрд. теңгеге жетіп, бағдарлама бойынша 12,7 млрд. теңге болатын 303 жоба іске асырылған және 20 мың жұмыс орны ашылған. Облыс әкімі мұны нақты деректермен дәйектеді. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасымен 561,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл аяғына 610 мың шаршы метр көлеміндегі тұрғын үйді сапалы бітіру көзделген. Мұның өзі кезекте тұрғандардың сұранысын қанағаттандыруға бағытталған жүйелі жұмыс. Бүгінде көпшілікті алаңдатқан үлескерлер мәселесін шешу мақсатында облыс аумағында 3971 үлескерді құрайтын 20 нысанның, 13 тұрғын үй кешенінің мәселесі оң шешімін тапқаны жиналғандардан оң бағасын алды.
Дағдарыс салдарын еңсерудің тиімді шаралары Елбасының бастамасымен жүзеге асырылған “Жол картасында” қаралған. “Ауыз су” аймақтық бағдарламасы бойынша 2009 жылы сумен жабдықтау жүйесіндегі 52 нысанның құрылысы мен қайта жөндеу жұмыстарына 3,4 млрд. теңге жұмсалыпты. Биыл 62 нысанда жұмыс жүргізіліп, оған 3,8 млрд. теңге қарастырылса, оның тең жартысына жуығы осы жылда пайдалануға берілетіні де жүйелі жұмыс нәтижесі екенін көреміз.
Қашанда жолаушыны жол сынайтыны анық. Автокөлік жолдарын күтіп ұстау мен жөндеуге 10,0 млрд. теңге бөлініп, 478 шақырым жол жөнделсе, 729 елді мекен тұрақты автобус қатынасымен қамтылыпты.
Елбасының Жолдауында энергетикалық тәуелділікті азайту күн тәртібіне өткір қойылып, нақты тапсырма берілген. Өңірде су және жел энергетикасы бағдарламасы негізінде Ескелді ауданында қуаты 4,4 мегаватт Қаратал ГЭС-і іске қосылса, жалпы қуаты 13,4 мегаватт 3 шағын ГЭС биыл салынады деп күтілуде. Ал, 2012 жылы пайдалануға берілетін 300 мегаваттық Мойнақ ГЭС-інің құрылысы қызу қарқын алса, Балқаш жылу электр стансасының бірінші кезеңі 2014-2016 жылдары іске қосылады деп жоспарланған.
Өңір қоржыны салық және басқа да бюджетке түсетін міндетті төлемдер арқылы толығады. Өткен жылы ол 118 млрд. теңгені құрап, байыпты бағдарламалардың толық жүзеге асуына мүмкіндік беріпті. Халықты жұмыспен қамту бағытындағы қолға алынған жұмыстар нәтижесінде 2009 жылы 39,2 мың жұмыс орны ашылса, әлеуметтік көмекке жергілікті бюджеттен бөлінген 4,9 млрд. теңге тиімді пайдаланылып, көптеген күрмеуі қиын мәселелердің тиянағы келтірілгені баяндамада нақты таратылды.
Денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға есепті кезеңде қомақты қаржы қаралып, халыққа көрсетілетін алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем сапасы өскен. Өткен жылы жұмыс істеп тұрған ауруханаларда бөлімшелер, 2 емхана ашылып, ауылдық жерлерде 24 медициналық пункт дәрігерлік амбулатория ретінде қайта құрылып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген екен.
Жолдауда атап көрсетілгендей, бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамту деңгейі жақсарып, 12 балабақша, 83 шағын орталық ашылып, 1260 орындық жаңа 4 мектеп пайдалануға берілген. Соңғы жылдары облыс орталығында аудандардың мәдени күндерін өткізу, қала мен жол бойларына қымызханалар ашу кеңінен өрістетіліп, қоғамдық ұйымдардың жұмысына қолдау көрсетілуде.
Қоғамдағы басты бағыт саламатты өмір салты десек, облыс спортшылары 2009 жылы халықаралық және республикалық жарыстарда 644 медаль иемденсе, оның 243-і алтын. Осылайша 515 спортшы спорттың әр түрінен республиканың ұлттық құрама командаларының сапында екенін жеткізген облыс әкімі өткен жылы ауыр атлетикадан әлем чемпионатында төрт бірдей зілтемірші – Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова және Владимир Седов Жетісу жерінің ғана емес, Қазақстанның абыройын асырып, алтыннан алқа таққанын мақтанышпен ортаға салды.
Жиынға қатысқан Парламент Сенатының депутаты, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, сенаторлар Нүсіпжан Нұрманбетов, Нұрлан Сүлейменов, Мәжіліс депутаттары – Сәт Тоқпақбаев, Уәлихан Қалижан, Динар Нөкетаева, Керімтай Бижанов, Үсенгелді Медеуов сияқты халық қалаулыларының араласуымен өңірдегі электр қуатына тәуелділік оң шешілсе нұр үстіне нұр болар еді, деп жатты жетісулықтар.
Сонымен қатар, құрылыс саласында жүргізілген тексеру барысында кейбір мердігер ұйымдардың тиісті талаптар мен ережелерді сақтамау фактілері кездескен. Мұндай келеңсіздікті түбегейлі түзеп, құрылыс сапасына қойылатын талаптарды арттыру қажеттігі де алға тартылды. Құрылыстың ішкі жұмысына мүмкіндігінше жергілікті материалдарды пайдалану жөніндегі жұмысты өрістету мәселесі де нақтыланды.
Баяндамашы, сонымен бірге аграрлық-индустриялық әртараптандыру арқылы еңбек өнімділігін арттыру мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жаңа жабдықтар мен технологияларды пайдалану бүгінгі басты міндеттер қатарында аталып, қоғамдық тәртіпті сақтау, заңсыздыққа жол бермеу аталған сала басшыларына міндеттелді.
Қоғамның басты байлығы – адамға қамқорлық жасау, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмалардың орындалуы басты міндет екендігі айтылды. Осылардың қатарында балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамтуға бағытталған арнайы “Балапан” бағдарламасы, 12 жылдық оқу моделіне көшу, аурудың алдын алу, саламатты өмір салтын насихаттау да бар. Бұл әр деңгейдегі әкімдер жұмысының сандық көрсеткішімен емес, азаматтардың сенімімен айқындалатыны алға тартылды.
Жиында баяндама бойынша жарыссөзге шыққан “Қазақстан-Корея” достық қоғамы облыстық ұйымының төрайымы Клара Хан мемлекеттік тілде майын тамыза сөйлеп, ойын “Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле”, деген тәмсілмен өрбітті:
– Мен қарапайым кәріс қызымын. Қазақстанда туып, білім алып, елім үшін еңбек еттім,– деді ол өз сөзінде. – Қазір еңбек демалысында болсам да халқыммен бірге болуды қалаймын. Кімнің болса да жүрегінде туған жерге, Отанға деген сезім болады. Сол сезіммен облысымның табысына, экономикасының өркендегеніне қуанамын. Мұның бәрі – тәуелсіздіктің арқасы, ел бірлігінің нәтижесі. Елбасы жыл сайынғы Жолдауында осы құндылықтарға ерекше мән береді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы –ел мүддесін мұрат тұтқан білгір көшбасшы. Облыстың әкімі Серік Үмбетов қоғамдық ұйымдар мен биліктің бірлесе жұмыс жасауына әрдайым көңіл бөледі. Нәтижесінде Жетісу жері бірлігі мен ынтымағы жарасқан өлке ретінде танылып отыр.
Іле ауданы Қарой ауылдық округінің әкімі Виктор Поротиков ширек ғасырлық қызметінде ауылдың өркендеуі бағытындағы жұмысын жүйелегенін ортаға салды:
–Көпшілігіміз ауылдан шықтық. Кеңестік кезеңде ауылдық кеңестің төрағасы болсам, тәуелсіздік жылдарында ауыл әкімімін. Ауылда халыққа 18 түрлі қызмет көрсетіледі. Интернет, депутаттардың, “Нұр Отан” партиясының қабылдау бөлмелері, халыққа қызмет көрсету орталығы ашылған. Ауылға “көгілдір отынды” жеткізу үшін бюджеттен қаржы бөлініп, бұл жұмыс басталып кетті. Мәдениет үйінде әртүрлі үйірмелер жұмыс істеп тұр. Ауданда ауыз су, жылу жүйелері күрделі жөндеуден өткізіліп, 11 ауылды көріктендіру мәселелері шешімін тапты. Мұның бәрі Елбасының дағдарысқа қарсы байыпты бағдарламасының нәтижесі екенін атап айтқым келеді. Серік Әбікенұлы өткен жылы округте болып, халықпен кездескен кезінде елді мекендегі өзге де мәселелерге мән берілуі керектігін айтқан болатын. Осы бағыттарда жұмыстанып жатырмыз, – деді.
Бұдан кейін жарыссөзге Еңбекшіқазақ ауданындағы “Адал” акционерлік қоғамының атқарушы директоры Сейсехан Смағұлов, “Хильниченко и К” командиттік серіктестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Виктор Хильниченко, Ақсу аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Нұрбек Қасымбеков, Панфилов ауданы Б.Назым атындағы орта мектеп директоры Саниям Зульярова, облыстық “Жетісу” телеарнасының қызметкері Айзада Жақсыбекова, тағы басқалар сөйлеп, есепті кезеңдегі өңірдегі қолға алынған жұмыстарға тоқталды және облыс әкімінің есепті кезеңдегі жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.
Облыс әкімі Серік Үмбетов жиынға қатысқандардан түскен жол жөндеу, ауыз су, тұрғын үй мәселесіне байланысты қойылған сұрақтарға нақты жауап қайтарды. Тіпті, көптеген сауалдар жиын үстінде шешімін тауып жатты.
Есеп беру басқосуына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қуатжан Уәлиев қатысты.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
ӨҢІР АХУАЛЫ ОҢАЛЫП КЕЛЕДІ
“Сыр – Алаштың анасы” деп Елбасы айдар таққан өңірдің бүгінгі бет-бейнесі айтарлықтай өзгерді десек, асыра айтқандығымыз болмас. Біздің бұлай пайымдауымызға облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың облыстық мәслихаттың кеңейтілген сессиясында облыс жұртшылығы алдында берген есебі мен шығып сөйлеушілер, ұсыныс-пікір айтушылар мен сауал тастаушылардың айтқандары айқын айғақ болса керек.
– Елбасының өткен жылғы тарихи Жолдауындағы қағидаттарды жүзеге асыруды басты мақсат тұтқан Сыр өңіріндегі қоғамдық өмірдің барлық салаларында оң өзгерістер болды, – деп баяндама желісін бастаған облыс әкімі Сыр аймағында атқарылған ауқымды шараларды егжей-тегжейлі баян етті.
Әкім баяндамасының негізіне назар салар болсақ, “Жол картасы” бағдарламасына орай республикалық және жергілікті бюджеттен 8,4 млрд.теңге қаржы қаралып, 231 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Осының нәтижесінде 11 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылып, 3 мыңнан астам адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқан. Ал, жастар тәжірибесі бойынша 2 мыңға жуық адам жұмысқа тартылса, мамандарды кәсіби даярлау және қайта даярлау бойынша 4 мыңнан астам жұмыспен адам қамтылған.
Қызылорда облысының негізгі саласы – өнеркәсіп өткен жылы 587 млрд. теңгенің өнімін өндірсе, осының 93 пайызы тау-кен өнеркәсібі үлесіне тиеді. Жалпы құны 30 млрд.теңгені құрайтын 9 жаңа өндіріс орны іске қосылып, 775 жұмыс орны ашылған. Барлық қаржы көздері арқылы шағын кәсіпкерлік субъектілері 9,1 млрд. теңгеге қаржыландырылған. Айта кету керек, Елбасының тікелей қолдауы мен бақылауында тұрған маңызды жоба–“Қызылорда қаласының жылу-энергия көздері және тұрғын үй секторын ілеспе газға көшіру” жобасының бірінші кезеңі аяқталып, екінші кезеңі тоқтаусыз жүргізілуде.
Сыр – ауыл шаруашылықты аймақ. Содан да өткен жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 156 мың гектарға жеткізіліп, 33,0 млрд.теңгенің өнімі өндірілген. Ал, Сыр жерінің басты дақылы – күріш егісінің көлемі 10 мың гектарға ұлғайып, оның әрбір гектарынан 42,9 центнерден күріш жиналған. Бұл көрсеткіш еліміздің күріш дақылдарына деген сұраныстарын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Соңғы үш жылда аймақтың ауыл шаруашылығындағы мәшине-трактор паркі 30 пайызға жаңаланса, өткен жылы 232 ауыл шаруашылығы техникалары алынған. Облыс әкімінің айтуынша, төрт түлік мал басы да жыл санап өсіп келеді.
Есепті кезеңде республикалық және жергілікті бюджет қаржылары есебінен 48 білім беру ғимараттарының құрылыстары жүргізілуде. Өткен жылы республикалық бюджет қаржысы есебінен құрылысы жүргізілген 11 мектептің 6-уы іске қосылса, жергілікті бюджет есебінен 25 мектептің, 11 балабақшаның, Жаңақорған ауданы, Талап ауылындағы 300 орындық балалардың жазғы тынығу лагері салына бастады. 2009 жылы жоғарыда айтқан мектептердің 5-уі, балабақшалардың 11-і іске қосылып, қалған құрылыстар қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ, Арал қаласында республикалық бюджет есебінен салынып жатқан спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы таяу уақытта аяқталмақ. Қызылорда қаласында жергілікті бюджет есебінен 400 мың дана кітап қоры бар облыстық кітапхана пайдалануға беріліп отыр.
Сыр аймағында көлік инфрақұрылымын дамытуда да соны серпіліс бары байқалады. Нақтылай айтар болсақ, өткен жылы жергілікті маңыздағы жолдардың 1480 шақырымына ағымдағы, 316 шақырымына орташа, 90 шақырымына күрделі жөндеу жүргізілген. Сондай-ақ, Жаңақорған ауданынан Түркістан қаласына баратын төте ішкі жол жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Қызылорда қаласы тұрғындары 129 көшенің күрделі және орташа жөндеуден өткізілгеніне дән ризашылықтарын білдіруде.
Аймақ тұрғындарын аяқ су және сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде де көш ілгерілеушілік бар. Өткен жылы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 57 жоба іске асырылса, тұрғындарды аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 167 шақырымды құрайтын 27 канал мен 7 шақырымдық 2 су қашыртқыларына тазалау жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, көлемі 2,6 мың гектарды құрайтын 19 мыңға жуық отбасының үйіргелік жерлеріне аяқ су жеткізілген.
Облыс әкімі Б.Қуандықов өзінің ел алдындағы есепті баяндамасында аймақтағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларында атқарылған ауқымды жұмыстар мен алда тұрған міндеттерді де егжей-тегжейлі баян етті.
Сыр жерінде “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында өткен жылы тарихи және мәдени ескерткіштерді қалпына келтіруге баса мән берілді. Соның нәтижесінде Бүкілдүниежүзілік туристік ұйымының Бас ассамблеясы атқару кеңесі мүшелері мен 70 шақты мемлекет министрлерінің Байқоңыр ғарыш айлағы мен Қорқыт Ата мемориалдық кешеніне келуі Сыр аймағының абыройын асқақтатып, Үкімет тарапынан жоғары баға алды. Осы бір игілікті іс-шара арқасында Испанияның Мадрид қаласында 35 жыл бойы тағайындалып келген “Туризм, қонақ үй бизнесі және гастрономия” номинациясы бойынша алтын жүлдені Қызылорда облысы иеленді.
Арал теңізінің келешегі Елбасы назарында екені баршаңызға мәлім болса керек. Елбасының тікелей қолдауымен “САРАТС” жобасының 1-ші кезеңі аяқталып, Кіші Арал қайта оралып келе жатыр. “Ақлақ” су тоспасы іске қосылып, 30 мың гектарға жуық жерді алып жатқан көлдер суға толып, шалғындық, жайылымдық жерлер аясы кеңейіп-ақ келеді. Бүгінгі таңда көлдерді түгендеу жұмыстары жүргізіліп, аймақта балық шаруашылығын өркендетудің 2010-2020 жылдар аралығын қамтитын бағдарлама әзірленуде. Облыс әкімі есепті баяндамасында қай сала жұмысы болса да жан-жақты баян етті. Оның есебінен аймақтың экологиялық ахуалы, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс, құқық қорғау органдарының қызметі, мемлекеттік тіл мен бұқаралық саясат туралы деректер де қағыс қалған жоқ.
– “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” дейді халық даналығы. Елбасының Жолдауын жүзеге асыру, экономикалық дағдарыстарды еңсеру кезінде нарға жүк болар ауыр салмақты бірге көтерісіп, қиындықтарды бірге бөлісіп, халықтың сенімінен шыға білген облыстың бүкіл еңбеккерлеріне алғысым мен құрметімді білдіргім келеді, – деген облыс әкімі Сыр аймағында ағымдағы жылы атқарылар шаралар да шашетектен екенін бүкпесіз айтты.
Қай жылдан болса да үлкен үміт күтетін Қазақстан халқы биылғы жылы да тарихи оқиғаның куәсі болды. Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауы жария етілді. Жолдауда индустриялық даму – жаңа онжылдықтағы мүмкіндік, еліміздің дамуы үшін жаңа мүмкіншілік екені тайға таңба басқандай атап көрсетілді. Осы бағытқа орай Сыр елінде аймақтың индустрияландыру картасына инвестициялық жобаларды енгізу шұғыл түрде қолға алынбақ, яғни алдағы бесжылдықта 300,0 млрд.теңгені құрайтын 90-ға жуық жоба іске асырылмақ.
Елбасының Жолдауында әртараптандырудың ең маңызды сегментінің бірі – агроөнеркәсіп кешені екені айтылды. Оның дамуы үш бағытта – еңбек өнімділігінің өсуі, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экспорттық мүмкіндіктерді бірінші кезекте дамыту бағыттарында өрбуі тиіс. Осыған байланысты агроөнеркәсіп кешені саласында еңбек өнімділігін екі есеге ұлғайту басты назарға алынып отыр. Бүгінгі күні аймақтың өңірлік индустрияландыру картасына ауыл шаруашылығы саласы бойынша жалпы құны 14,7 млрд.теңгені құрайтын 39 жоба ұсынылған. Бұл жобалардың ішінде 2010 жылы 15 жоба, оның ішінде ел Үкіметінің назарында тұрған жалпы құны 3,2 млрд.теңгені құрайтын 3 ірі жоба іске асырылмақ.
Барлық балалар мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылуы қажеттігі жөніндегі Елбасы тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылы 8 мемлекеттік, 15 жеке меншік балабақша, 28 мектеп жанындағы шағын орталық ашу жоспарға еніп отыр. Сонымен қатар, биылғы жылдың 1 қыркүйегіне Қазалы, Сырдария, Жаңақорған аудандары мен Байқоңыр, Қызылорда қалаларындағы жаңа үлгідегі 1200-1248 орындық мектептер пайдалануға берілмек. Биылғы жылы “Қазатомөнеркәсіп” Ұлттық компаниясының қолдауымен Қызылордада қалалық перзентхана құрылысы бастау алмақ.
Мұнан соң облыс әкімі Елбасы Жолдауында айтылған бұқаралық денешынықтыру, туризмді дамыту, “Мәдени мұра” бағдарламаларына, халықты әлеуметтік қорғау, “Жол картасы” бағдарламасы мен Ұлы Жеңістің 65 жылдығын атап өтуге, елді мекендерді абаттандыруға баса мән берілетінін көлденең тартып, бұл бағыттарда атқарылатын басқа да шараларды санамалап берді.
– Өткен жылы Елбасы Сыр аймағына келген сапарында “Бүгінгі Сыр бойында серпіліс бар”, деп аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беруі баршамызға үлкен міндеттер мен жауапкершілік жүктейді. Елбасының бізге артып отырған үлкен сенімін сырбойылықтар мінсіз ақтайды деген ойдамын, – деген әкім есебін орнықты пайыммен тұжырымдады.
Парламент Сенатының депутаты Б.Доспамбетов Сыр аймағында соңғы жылдары атқарылып жатқан жұмыстардың аса ауқымды екенін айтып, өңір халқын Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді бір кісідей бірлікпен орындауға шақырды. Парламент Мәжілісінің депутаты С.Әйімбетов бүгінде ауыл тұрғындарының ахуалы әлдеқайда жақсарғанын тілге тиек етсе, еңбек ардагері Ы.Қалиев облыс әкімінің есебіне оң баға беріп, өзінің ойындағы ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Облыс әкімінің есепті жиынында сондай-ақ облыстық мәслихат хатшысы Н.Құдайбергенов, облыстық мәслихат депутаты И.Тілепов, ғалым Н.Мыңжасаров шығып сөйлеп, әкім қызметін оң бағалады.
Жиын соңында Б.Қуандықов облыс тұрғындары мен жергілікті мәслихат депутаттары тарапынан түскен сұрақтарға жауап берді.
Облыс әкімінің есепті жиынына Қазақстан Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы А.Дүйсебаев, Парламент депутаттары Қ.Баймаханов, Ж.Асанов, Ж.Сүлейменов қатысты.
Еркін ӘБІЛ, Қызылорда облысы.