Оған Қостанай облысындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының 260 басшысы мен өкілдері, Парламент депутаттары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары қатысты. Алқалы жиында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым жұмысшылардың әлеуметтік мүддесін қорғайтын ұйым жұмысын бүгінгі уақыт талабы тұрғысынан ұйымдастыру керектігін тілге тиек етті. Елімізде қоғамдық, экономикалық қатынастар өзгерген жылдары кәсіподақтар ұйымдарының жұмысы да әлсіреді. Еңбек нарығындағы өзгерістер бұл ұйымның бұрынғыдай даңқын, беделін кеміткені рас. Дүние жүзінде кәсіподақ қозғалысының кемуіне түрлі себептер бар. Жұмысшылардың бір жерде тұрақтап істемеуі, жұмыс берушіге қашықтан (дистанциялық) жалдануы немесе жұмысшының дербес жүріп табыс табуы секілді бүгінгі уақыттың көріністері үшін кәсіподақ ұйымы, қозғалысы маңызды болмай қалды. Алайда әлемдік деңгейдегі кәсіподақ қозғалысында мұндай өзгерістер орын алғанымен, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы бәрібір маңызды болып қала берді.
Уақыт кәсіподақ ұйымы жұмыс істеген компаниялардың қаржылық табысы да артатынын көрсетіп отыр. Кәсіпорындарда үшжақты келісім жасалса, әлеуметтік мәселелер дұрыс қойылса, олардың инвестициялық тартымдылығы да артады екен. Алпауыт компаниялардың өзі қаржысын салатын жерде ұжымдық келісімшарттың, кәсіподақ ұйымының бар-жоғын бағамдайды. Әлемдегі мойыны озық дамыған елдерде компаниялардағы жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік өмірінің сапасын кәсіподақ ұйымы мен ұжымдық келісімшарт бар-жоғына қарап бағалайды. Ал ондай ұжымдық келісімшарт еңбек күнінің ұзақтығын, еңбек демалысын, қауіпсіз еңбек жағдайын одан әрі дамытуды, гендерлік тепе-теңдікті сақтау сияқты көптеген мәселелерді қамтиды. Федерация төрағасы Бақытжан Әбдірайым кәсіподақ қозғалысында дамыған елдердегі тәжірибелерден үйрену керектігін де ескертті.
– Бастауыш ұйымдар өз жұмысын жандандыруы және дәстүрлі қызметінің аясын кеңейтуі тиіс. Бүгінде кәсіподақтар әлемнің дамыған 30 елінде қабылданған «Өмір сүру сапасы» атты көрсеткішті кәсіподақтарға енгізуі қажет, – деді Бақытжан Жарылғасынұлы.
Форумға қатысқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасынан туындайтын мәселелерді кәсіподақ ұйымдары басшылыққа алуы қажеттігін айтты.
– Бастауыш кәсіподақ ұйымдары ұжымдардағы әлеуметтік мәселелерді көтере отырып, олардың заң аясында шешілуіне, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға атсалысады. Сонымен қатар мемлекет тарапынан жасалып жатқан шараларды, Елбасының бес әлеуметтік бастамасын еңбек ұжымдарында кеңінен түсіндіруіміз керек, – деді Архимед Бегежанұлы. – Облыста 21 үш жақты комиссия жұмыс істейді. Өткен жылы бір мыңнан астам жұмысшының 120 миллион теңге айлық жалақылары өндіріп берілді. Осындай еңбек дауларында үшжақты келісімшарттың берері де, қоғамдық маңызы да жоғары.
Кәсіподақ қозғалысының лидері Бақытжан Әбдірайым айтқандай, кәсіподақ ұйымы және ұжымдық келісімшарт сақталған жерде сыбайлас жемқорлыққа, көлеңкелі экономиканың «сызбаларына» жол берілмейді. Бір өкініштісі, еліміздегі жұмыс берушілердің көпшілігі ұжымдық келісімшарт арқылы әріптестіктің нақты жүйесін құруға асықпайды. Оның мысалы Қостанай облысында да бар. Бүгінде ұжымдық келісімшарттың қамтуы 56,5 пайызды құрайды. Ал ұжымдық келісімшарт негізінен кәсіподақ ұйымы бар кәсіпорындарда жасалады. Сонымен қатар форумда бастауыш кәсіподақ ұйымдарының белсенділігін арттыру, сол арқылы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, ұжымдық шарттардың санын арттыру, кәсіподақ қатарына жастарды тарту қажеттігі де сөз болды.
Форумда сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты Ирина Аронова Үкіметте еңбек заңнамаларына толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы заң жобасы дайындалып жатқанынан хабардар етіп, кәсіподақтар жетекшілері мен белсенділерін осы заң жобасы жарияланғаннан кейін өз ұсыныстарын жіберуге шақырды. Сонымен қатар форумда Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіндегі кәсіподақ ұйымының төрайымы Татьяна Шерстобитова мен басқа да бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері сөз алды.
Форум аясында Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы мен Қостанай облысы әкімдігі арасында Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау және өңірде әлеуметтік-еңбек дауларының алдын алу мәселелері бойынша меморандумға Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым мен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов қол қойды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ