Қазақстан • 10 Сәуір, 2018

Шөл бүркіті қайда екен?

1024 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы кезде, «Егемен Қазақстан» газетінде қазақ құсбегілігі мен аңшылық туризмі жайлы, жақсы материалдар жарық көруде. Бұл қуанарлық бастама. Осы орайда, көңілге түйіп жүрген, әлі зерттеліп, зерделеніп ай­тыл­­маған, дүниелерді көп­ші­лікке құлаққағыс жасағым келеді.

Шөл бүркіті қайда екен?

Бүгінгі әлемде құс­бе­гі­лікке, саятқа пайдала­нып жүр­ген бүркіттердің бар­­л­ы­ғы – тау бүркіттері. Де­­мек айтылып-зерттеліп жүр­ген қырандар да со­лар. Ал әлі күнге нақты зерттелмеген «Шөл қы­раны» деген бар. Оның үлкендігі баладай, ай­рықша зор бүркіт. Тау бүркітінен бұл бүр­кіт­­тер­дің айыр­ма­­шы­лы­ғы, тау бүркіттері жаңа жұ­мыртқа басып жат­­қ­анда, шөл бүркіттері балапандарын ұшыра бас­тайды. Яғни шілденің ыстығына балапандарын ұрын­­дырмайды...

Шөл бүркіті ұясын биік шың-құзға емес, биік ша­ғыл құмға немесе аласа жабын­ды­ға сала береді. Бірақ ұя­сын қатты қорғайды. Оның ұясы­ның жие­гіне жағалай ұсақ торғайлар ұя салады. Шөл бүр­кіттің қауырсындары қара ала болғандықтан, оларды көбіне «Ала қозы қыран» деп те атайды. Денесі ірі осы қырандар шөл жануары құмдағы қарақұй­рықтар, ірі жыртқыштар мекендейтін аймақта бола­ды екен. Ұясын­да көбіне қарақұйрық, қасқыр сынды ірі аңдардың сүйегі жатады.

Менің әкем Тілеужан, тек осы бүркіттің бала­па­нын алып, баулып, аңға салған. Қолға ұстап отырғанда, үл­кен кісінің денесімен бір­дей. 1920 жылдары Сәкен Сейфуллин Омбыдан қашып шы­ғып Әулиеатаға бара жатып, жолай құмда бүр­кіт салып жүрген әкеме жолығып, «ырым бол­сын» – деп шөл құсының бір тал қауырсынын сұ­рап алған екен... Соңғы жылдары шөл бүркітін еш жерден көр­медім. 2011 жылы Астанада өткен халық­ара­лық «Бүркітші» фестиваліне шет-
ел­ден кел­ген құс­бегілерге шөл бүр­кіт­тің суретін көр­се­тіп, сұрау сал­дым. Дәл осындай қыранды көрдік дегендер табылмады.

Өткен жылы ақпан айында Маң­ғыс­тау облысы, «Отпан» тауында құс­бе­гілердің республикалық тур­ни­рі өтті. Осында келгендерден «Шөл бүр­кіті» жайлы тағы да сұрау сал­дым. Маңғыстаулық біраз азамат, тү­рік­мендермен шекаралас қалың құм­да дәл сондай «Ала қозы қыран» бар екендігін айтып қуантты... Демек дү­ние жүзінде сирек, әлі зерттелмеген ай­рық­ша «Шөл бүркіті» қалың құмда әлі де бар екен. Оны кең насихаттап, көп­­ке құлағдар етіп, тауып, қазақ же­рі­­нің ерекше бір табиғат байлығын, өз же­­тіс­тігімізді әлемдік аре­на­ға шыға­руға тиіспіз.

Сүйін­бай­мен Қатағанның айтысында Қатаған:

Шөл бүркіті секілді сары жігіт,

Сұрайын руыңды келдің қайдан.

Сойылмен соққандайын

сөздеріңнен,

Отырмын арыла алмай қалың ойдан.., – деп жырлаған болмысы бөлек бүркіт осы.

Жапар САТЫЛҒАНОВ,
құсбегі, Мойынқұм ауданының құрметті азаматы

Соңғы жаңалықтар