Футбол • 10 Сәуір, 2018

Педритодан Педроға дейін

413 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Педро Родригес Ледесма 1987 жылы дүниеге келген. Ис­па­ния чемпионы (5). Испа­ния кубогының иеге­рі (3). Испания Супер­ку­богының жеңімпазы (4). Чемпиондар лига­сының жеңімпазы (3). УЕФА Суперкубогының же­ңім­пазы (3). Англия пре­мьер-лигасының чем­пионы. Еуропа және Әлем чемпионы.

Педритодан Педроға дейін

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – Испания футбол құрамасының және «Челси» клубының шабуылшысы Педро Родригес ешқашан жарқырап көзге түскен емес. Қылышын дөп сермейтін самурайлар секілді дәл уақытында жоқ жерден шыға келеді. Сосын бұлт қалқалаған күн тәрізді атақты әріптестерінің тасасына қайта еніп кетеді. Оның өміріне көз жүгірте отырып, талай қызықтың куәсі болғанын, биік шыңды бағындыру үшін қажырлы еңбектің қажет екенін түсінесіз. 

Атақты самурай Ямамото Цунэтомо: «Діттеген мақсатынан адаспас үшін адам алған бағыттан таймауы керек, өзін әрдайым жетілдіріп, ештеңені назардан тыс қалдырмағаны жөн. Міне, бұл – нағыз мақсат!» деп айтқан екен. Педро осы бағытты берік ұстанған. Ол жетістікке жету үшін 1 пайыз талант пен 99 пайыз еңбектің қажет екенін жіті түсінген сайыпқыран. Месси, Роналду секілді футбол «жұлдыздары» тұрғанда ешкімнің Педроға «алтын тәж» кигізбейтіні бесенеден белгілі. Тіпті оның бойында Неймардікіндей талант та жоқ. 

Біздің кейіпкер ала доптың әліппесін 1997 жылы өзі туып-өскен Канар аралдарындағы «Сан-Исидро» клубынан үйренді. Үйіне жақын орналасқан клубтың негізгі құрамында алаңға шығу үшін алты жыл күтуіне тура келіпті. Келер жылы «Дон Педроны» үлкен сынақ күтіп тұрған-ды. Бірде Лионель Мессиді Аргентинадан тауып, оның «Барселонаға» келуіне жағдай жасаған әйгілі скаут Жозеп Коломер Канар аралында өткен жасөспірімдер турниріне келеді. Оның көздегені «Тенерифте» доп тебетін Жеффрен Суарес болатын. Алайда Коломердің қырағы көзі 17 жастағы Педрито есімді футболшыны қалт жіберген жоқ. Көп ұзамай Педро «Барселона» клубынан шақырту алды.

Каталониялық клубқа ауыса сала кейіпкеріміздің тасы өрге домалады деуге келмейді. Клуб академиясының бір сатысынан екіншісіне көтерілу оңайға түскен жоқ. Тіпті, басқа клубқа ауысып кетуі де мүмкін еді. Каталониялық клубтың қосымша «Барселона Б» командасы 2006-2007 жылғы маусымда сәтсіз өнер көрсетіп, Испанияның төртінші деңгейлі лигасына түсіп қалады. Ал бұл турнирде ойнайтын «Барселона С» командасы Испания футбол федерациясының ережесіне сай аймақтық лигаға ауысуы тиіс. Мұндай мәселеге бас қатырған клуб басшылары екінші деңгейлі қосымша клубты таратып жібереді.

Ол кезде «Барселона С»-да тер төгіп жүрген Педро жиырмаға жеткен жігіт болатын. Футболшы үшін бұл мақтанарлық нәтиже емес. Салыстырып көріңіз, Лео Месси мен Райан Гиггз секілді «жұлдыздар» 17 жасынан бастап жасыл алаңда ойқастап, әлемге танылып үлгерген-ді. Ендеше, жиырма жаста үшінші деңгейлі лигада ойнаған жігіттің футбол Олимпін бағындырам деген арманы орындалмайтындай көрінеді. Алайда біздің кейіпкеріміз алға қойған мақсаттың еңбекпен келетінін түсінді һәм бүкіл қиындыққа төзе білді.

«Сабақты ине сәтімен» демекші, осындай аумалы-төкпелі тұста Педритоға жол сілтеп, ақыл-кеңес айтқан бір адам бар. Былыққа батқан «Барселона Б»-ға бапкер болған Хосеп Гвардиола Педроның команда үшін қажет екеніне оның көзін жеткізді. Бапкердің сөзінен қанат алған «Дон Педро» 2007-2008 жылғы маусымда сәтті өнер көрсетті. Оған қоса, Гвардиола мен шәкірттері сегундаға (Испанияның екінші деңгейлі лигасы) қайтып оралды. Сол жылғы маусымның соңында Гвардиоланың негізгі команданы жаттықтыратыны мәлім болған. Бұл – Педроға берілген қайталанбас мүмкіндік еді. Канар аралының өкілі оны барынша пайдалана білді...

Педроның «Барселонаның» негізгі құрамындағы карьерасы 2008 жылдың 12 қаңтарынан басталды. Каталониялық клуб өз алаңында «Мурсиямен» кездесуі тиіс еді. Шабуылшысы Сантьяго Эскерроның ауырып қалуына байланысты кездесуге шыға алмағандықтан, оның орнына Педро шақырту алды. Ол кезде «Барсаны» даңқты Франк Райкаард жаттықтыратын. Голландиялық бапкерге Педро қосалқы құрамды толтыру үшін ғана керек еді. Сол матчта біздің кейіпкеріміз алаңға ойын аяқталуға бір минут қалғанда шығып, дүбірлі доданың алғашқы дәмін татты.

Хосеп Гвардиола үшін 2008-2009 жылғы маусым табысты аяқталғаны мәлім. Клуб өзі қатысқан турнирдің бәрінде жеңіске жетіп, алты кубокты иеленеді. Мұндай рекорд бұрын-соңды тіркелген емес. Аңызға айналған осы маусымда Педро жиі-жиі негізгі құрамға шақырту алып, рекордтық жеңіске өз үлесін қосты. Чемпиондар лигасы финалының соңғы минутында алаңға шыққан «Дон Педро» қос құлақты кубокты басынан асыра көтерген Еуропадағы ең жас ойыншы атанды.

Келесі жылғы маусымда Педрито өзін біржола мойындатты. Әуелі Испания Суперкубогіне талас кезінде гол соғып көзге түсті. Ал Еуропа Суперкубогінде «Шахтерге» соққан голы «Барселонаға» жеңіс сыйлады. Кейіннен ел біріншілігінде, кубоктық додада және Чемпиондар лигасында мергендігімен танылған-ды. Сол жылғы желтоқсанда ұйымдастырылған Клубтар арасында өткен әлем чемпионатында да Педро қарсылас қақпашысын қапы қалдырды. Ол бір маусымда ресми турнирдің бәрінде гол салған тұңғыш футболшы атанды. Нәтижесінде клуб басшылары оған кәсіби келісімшарт ұсынып, жейдедегі «Педрито» есімін «Педроға» ауыстырды. Осылайша жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленіп, «Дон Педро» деген құрметке ие болды.

Келер жылы біздің кейіпкер ұлттық құрамаға шақырту алды. Оңтүстік Африка республикасында өткен әлем чемпионатында Испания ешкімге дес бермей, чемпиондық тәжге ие болғаны мәлім. Сол футбол тойында «рохо-фурияның» сапында Педро да өнер көрсетті. Бір жыл бұрын сегундада доп тепкен футболшы әлем чемпионы атағын жеңіп алды! Екі жылдан кейін Еуропа чемпионатында да Педро ұлттық құрамамен бірге «қарт құрлықтың» үздігі атанды.

«Барселона» сапында жеті жыл тер төккен Педро жаңа белестерді бағындыру қажет екенін жақсы түсінді. Оның үстіне каталониялық клуб Неймарды сатып алған болатын. Месси, Суарес, Неймар үштігімен тайталасу қиынға соғатынын бағамдаған ол «Тұманды Альбионға» жол тартып, «Челси» клубымен келісімшарт жасасты. Қазіргі таңда Педро – лондондық команданың негізгі ойыншыларының бірі.

Педро ешқашан көп гол соғып көзге түспеген, ондай қабілетке ие болуы да неғайбыл. Алайда жоқ жерден шыға келіп, қақпашымен бетпе-бет қалады. Оның бо­йында доптың бағытын сезетін керемет қабілет бар. Педроның соққан голы командасы үшін әрдайым маңызды. Әрі оның өмір жолы талмай еңбек еткен адамның кез келген биікті бағындыратынын көрсетеді. Егер шыдамдылық пен төгілген тер болмағанда 25 жыл бұрын Канар аралында басталған тағдыр тіпті басқа арнаға бұрылуы мүмкін ба еді, кім білсін...

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»