Солардың арасында өңірімізге белгілі қылқалам шебері, Суретшілер одағының мүшесі Сұлтанбек Жаңбыршиевтің де шәкірттері аз емес. Жуырда суретшінің «Көктем шақырады» тақырыбында жеке шығармашылық көрмесі өтіп, оған қылқалам шеберінің жеке қорынан жинақталған 111 туындысы қойылды. Туындыларының басым бөлігінде сұлу табиғат бейнеленген. Осылайша автор туған жерге деген сүйіспеншілігін білдіреді. Суретші шынайы жеткізу үшін әсем табиғаттың аясында жұмыс істейтінін, ал ұстазының көрмесіне келген шәкірттері туындылардың ерекше шабыт сыйлайтынын айтады.
«Менің жұмыстарымда түспен қалай жұмыс істеу қажеттігі көрсетілген. Және композицияны қалай құруды да үйренуге болады. Осы сияқты ерекшеліктер менің жұмыстарымнан айқын көрініп тұрады. Біздің шәкірттеріміз осы жердегі жұмыстар сияқты суреттер салуы керек. Сол үшін оларға көрнекілік есебінде де көрме ұйымдастыруды жөн көрдік. Көрмеге қойылған туындылардың барлығы ешқандай көшірме емес, табиғаттың шынайы көріністері», дейді қылқалам шебері.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ШЫМКЕНТ