Аймақтар • 10 Сәуір, 2018

Жымпитыда ауыр атлетикадан чемпионат өтті

109 реткөрсетілді

Дүниежүзілік денсаулық күніне орай Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында ауыр атлетикадан 20 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында облыс чемпионаты өтті.

Фото: Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Сайысқа Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі мен спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың жанындағы ауыр атлетика үйірмелерінің шәкірттері, Қазталов, Сырым аудандары, Орал қаласы және Жалпақтал ауылы жеке команда құрып қатысты. Сөйтіп, Жымпитыға барлығы 60 зілтемірші жиналды.

- Сырым ауданында ауыр атлетика үйірмесі өткен жылдың қыркүйек айында ғана ашылды. Ол жерде Қазақстан Республиканың бірнеше дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасының спорт шебері Рауан Бүркітов бапкерлік етіп жүр. Осы үйірмені ашуға Батыс Қазақстан облыстық спорт басқармиасы мен Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асыланбек Сарқұлов көп қолдау көрсетіп еді. Міне, еңбегіміз ақталды, нәтиже жақсы. Сырымдық жастар арасынан екі чемпион, екі жүлдегер шығып отыр, - дейді ауыр атлетикадан Батыс Қазақстан облысының аға жаттықтырушысы Дәурен Байториев.

Сонымен, Жымпитыда өткен жарыс жеңімпаздары болып ұлдар арасында 30 келіде – Арнұр Нұрланов, 34 келіде – Нұрғазы Мақанов, 38 келіде - Мұрат Бәжекенов (Жалпақтал ауылы), 42 келіде – Рулан Сариев, 46 келіде – Сержан Хамидолла, 50 келіде – Әділжан Нұртаев (Казталов ауданы), 56 келіде – Ораз Жұмағали (Сырым ауданы), 62 келіде – Өтепберген Әлиев, 69 келіде – Арман Изтелеуов, 77 келіде – Бекет Жарбосын, 85 келіде – Ержан Жұмағұлов, + 85 келіде – Виктор Тарасов жеңімпаз болып танылды. Ал қыздар арасында өткен сайыста Жасмина Мұратова (Сырым ауданы, 32 келі), Алтынгүл Бекетова, (Қазталов ауданы, 36 келі), Гүлсезім Алғазиева (Орал қаласы, 48 келі), Айымгүл Елемесова (Казталов ауданы, 53 келі) чемпион болды.

- 56 келі салмақ дәрежесінен жоғары жеңімпаздардың барлығы Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алды, - дейді Дәурен Бекетұлы.

Ауыр атлетика – Батыс Қазақстан облысында соңғы жылдары жедел дамып келе жатқан спорттың түрі. Ауыр атлетика бойынша БҚО облысының аға жаттықтырушысы Дәурен Байтөреев ауыр атлетика бойынша облыс чемпионатын тұңғыш өткізген Сырым ауданы сайысты жоғары деңгейде ұйымдастырған. «Зілтемір спортының дамуына қолдау білдіріп отырған жергілікті әкімдік басшыларына зор алғыс айтамыз» дейді Дәурен Бекетұлы.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар