Өйткені қоғамдық-экономикалық өмір мен өсім қатып қалған нәрсе емес, керісінше ұдайы қозғалыс динамика және өсу мен өрлеу үстіндегі үдеріс. Сондықтан да әр өңірдің ерекшелігіне тән жобаларды елеп-екшеп қолданысқа енгізгеннің ешқандай артықшылығы жоқ. Тек соның бәрі түптей келгенде өңір экономикасының өрге басуына ықпалымен көмегін тигізсе болғаны.
Осы орайда таяуда Ақтөбе аймағында ел өңірлерінде ешқандай баламасы жоқ Жобалық басқарма құрылды. Оның құрамына облыстағы өндірістік және әлеуметтік сипатта қызмет атқаратын басқармалар толықтай енгізілген. Қазіргі күні мұнда 2018 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсімді 5 пайыздан кем түсірмеу жөніндегі жоспар жасақталған. Бұл еліміздегі кез-келген еншісіне тие бермейтін күрделі де жауапты іс екені анық.
Сондықтан да алға қойылған мақсаттар кешенді іс-шаралар үдесінен шығу үшін Жобалық штаб құрылған. Оның басты іс-қимыл әрекеті нақты әрі нәтижелі жұмыстар жүргізуге бағытталған. Бір сөзбен айтқанда Жобалық штаб мақсатты индикаторларға қол жеткізудің басты кепілі болмақ. Бұл ретте облыста экономикалық өсімді жлға қоюдың 15 тармақтан тұратын негізгі бағыттары айқындалды.
Оның алғашқысы өңірге қомақты инвестиция тарту жобасынан бастау алады. Соған сай биыл 416 миллиард теңге көлемінде 26 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру белгіленген. Оның белгілі бір бөлігін мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясындағы жобалар құрайды. Тұтастай алғанда 2018 жылғы облыс экономикасына 512 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылмақ. Бұл облыс бюджетіне түсетін салмақты жеңілдетудің басты кілті ретінде қарастырылуда. Осы ыңғаймен базалық индустрияландыру, отын-энергетика кешені мен шағын және орташа бизнес құрылымдарын дамыту, сауда сапасын жақсарту, сондай-ақ агроөнеркәсіп, көлік-логистика кешенін өркендету бағыттары жөнінде де баяндап беруге болады. Әйтсе де «теңіздің дәмі тамшысынан білінеді» дегендей жобалық басқарма шеңберіне кірген қай-қай жобаның да арқалайтын жүгі салмақты екені ешқандай талас туғызбайды.
Тек бір қосарымыз Ақтөбе өңірінде экономикалық өсімді 5 пайызға дейін өсіру жөніндегі кешенді іс-шаралар оны жалаң түрде іске асыруды мақсат етпейді. Сонымен бірге алға қойылған басты міндетті жүзеге асыру арқылы әлеуметтік мәселелердің түйінін де қоса шешу жолдары қарастырылған. Атап айтқанда жұмыссыздық деңгейін едәуір азайту мен еңбек нарығын жаңғырту жөніндегі істер де Жобалық басқарма жүргізетін жұмыстар қатарына қосылады. Сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау саласында атқарылатын жобалар да Жобалық басқарманың жүгі мен салмағын тереңдете түседі. Тіпті Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру шеңберіндегі шаралар да жаңа құрылымның аясынан тыс қалмапты. Айталық биыл Ақтөбе қаласында техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары үшін он екі, ал жоғары оқу орны үшін бір жатақхана салу белгіленгені осы пікіріміздің басты айғағы.
Сөз соңында Ақтөбе аймағында қолға алынған экономикалық өсімді өсіру тетіні қандай нәтижелер беретініне уақыттың өзі төреші бола алады демекпіз.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»