Қазақстан • 11 Сәуір, 2018

Үкімет сағатында жауынгерлерге берілетін құнарсыз ас мәселесі қаралды

607 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ел арасында «соғыс – соғысымен, ал түскі ас – уақытында» деген қағытпа бар. Егер «Ас – адамның арқауы» деген халық даналығын қаперге алсақ, жауапкершілік жүгі қатардағы азаматтардан анағұрлым жоғары сарбаздардың тамағының тоқ, көйлегінің көк болуын стратегиялық маңызды шарттардың қатарына қосуға болады. Алайда, бүгінде Қазақстан әскері «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң талаптарын орындаймыз деп жүргенде, жауынгерлерге берілетін күнделікті ас мәзірінің құны тым арзандап кеткені анықталып отыр. Ал арзан ас ылғи да құнарлы бола бермесі белгілі. 

Үкімет сағатында жауынгерлерге берілетін құнарсыз ас мәселесі қаралды

Мәселен, уақытында Қазақ тағамтану академиясы әрбір жауынгердің жұмсайтын энергия­сын есепке ала отырып бе­кі­тіп берген ас мәзірі бойынша тәу­лігіне 4231 килокалория беретін күнделікті асқа қазір бар болғаны 650-900 теңге жұмсалып отыр. Ал Үкіметтен бұл мақсатқа 1225 теңге қаралған. Әрине, тен­дер жарияланып, оны жеке кәсіп­кердің жеңіп алуында ешқан­дай заңсыздық жоқ. Тек жоға­рыда аталған заң бойынша белгілі бір қызметке төмен баға ұсынған тұлға жеңімпаз деп танылатындығы белгілі. Де­мек, кәсіпкерлер арасындағы бәсе­ке сарбаздардың құнарлы тағам­дардан қағылуына әкелуі бек мүмкін. 

Бірақ жауынгерлердің ас-ауқаты стратегиялық маңызды болғандықтан әрі еліміздің қор­ғаныс қабілетіне әсер ететін­діктен, мұндай үнемдеу ақылға сыя бермейді. Өйткені құнарлы ас­тың нарықтағы құны белгілі. Сондықтан «Мемлекеттік сатып алу туралы» негізгі құжат қай­та қаралып, түзеліп, күзелетін заң­дардың алдыңғы қатарында болуы тиіс. Сайып келгенде бұл келеңсіздік қай тарапқа болмасын абырой бермесі анық. 

Әрбір мемлекеттің келбеті, халықаралық аренадағы қуаты мен беделі әскерінің сапа­­сы­мен өлшенетін болса, жауын­гер­дің жарақты болуына оның та­мақ­тануының да әсері зор. Әлем­ге әйгілі қолбасшы Напо­леон: «Өз әскерін асырап-сақтай алмаған мемлекет өзгенің әскерін асы­рауға мәжбүр болады» депті. Шүкір, Қазақстанның өз әскерін асырауға да, тамақтандыруға да қауқары жетеді. Тек темірдей талап пен мемлекеттік тұрғыдағы шешімдер жетпей отыр. 

Осы мәселені көтерген депутат Құдайберген Ержанға ха­барласып, әңгімелесу барысында оның министр Сәкен Жас­ұзақовтың жауабына мүлдем қанағаттанбағандығын білдік. Депутат өз сөзінде сарбаздардың тәулігіне 650-900 теңгеге тойып тамақ ішіп жүргеніне күмән келтірді.

– Тендер шарттары мен талаптарына жауынгерлердің бір апталық ас мәзірін көрсетіп, қан­дай тағам болуы керектігі нақты көрсетілуі тиіс. Әскери­лер­дің жай адамдарға қарағанда жауап­кершіліктері жоғары, қозға­лыстары көп. Жауынгерлеріміз сапта жүріп, тапсырмаларын орын­дау сәтінде тамақ пен ұйқы­ны ойламайтындай болуы керек. Кез келген сәтте қолдарына қару алып, елін қорғайтын аза­маттарға 1225 теңгелік тағамның өзі аз деп есептеймін.  

Кез-келген сәтте қолдарына қару алып, елін қорғайтын азаматтарға 1225 теңгелік тағамның өзі аз деп есептеймін. Сол болмашы ақшаның өзі жырымдалып, төмен баға ұсынғандар жеңіп жатыр. Мысалы, бір сарбаздың күнделікті асына төрт жұмыртқа қажет делік. Оны арзанға қайдан алмақ? Мұндайда өтпей тұрған сапасыз өнімді іздеп табуы мүмкін ғой. Ал арзан етті қайдан әкеледі? Жауынгерлерге арық-тұрық көтерем малдың етін беріп жатпағандығына кім кепіл? Нанның сапасы да жоғары болуы тиіс. Ал сапалы тағам арзан бола ма? Егер ас-ауқат арзан болса, халыққа неге сол бағамен ұсынбаймыз? Қазір Қытайда күріштің химиялық жолмен жасалып жатқандығын естідік. Олар котлет құрамының 70 пайызын кептірілген наннан жасап жатыр. Ал жауынгерлік асханаға осындай тағамдар әкелінер болса, сарбаздардың тостағандарына құйылған тағамды жеуден басқа амалдары жоқ. Министрдің осы өзекті мәселелерге келгенде анаған-мынаған сілтеп, дәрменсіздік көрсеткенгі көңілімнен шықпады. Мәселеге мемлекеттік тұрғыда қарау керек, – дейді Мәжіліс депутаты. 

Ал Қазақ Тағамтану академиясының зертхана меңгерушісі Гүлнар Берденованың айтуынша, аталмыш ғылыми орталық Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша уақытында жауынгерлердің, курсанттардың тамақтану нормасын (әр тағам өнімінің бір адамға шаққандағы тәулігіне қажетті мөлшері) жасап берген.

– Жауынгерлердің тамақтану нормасын жасауға екі жылдай уақыт кетті. Біз түрлі әскери сала бөлімшелерінің барлығында болып, әрбір жауынгерге арнайы құрал-жабдық кигізіп, жүктемесіне сәйкес энергия шығындарын есептедік. Сол арқылы құнарлы, жұғымды тамақтану нормалары жасалды. Қазақ Тағамтану академиясы аталған тамақтану нормаларын ғылыми тұрғыдан негіздейді, қаржылық мәселесімен айналыспайды, – дейді Г.Берденова. 

Демек, арнайы заңның талаптарын орындау барысында солдаттың дастарханы жұтап қалмаса да, астың құнары төмендеп кетеді деп болжауға болатындай. Бабаларымыз «арзанның жілігі татымайды» деп бекер айтпаған. 

Министр Сәкен Жасұзақов осы мәселенің аса өзекті болып тұрғанын мойындайды. Генерал-полковник қатардағы жауынгерлердің жайы туралы Премьер-Министрге хат жазғандығын айтады. 

«Бұл – мен үшін өзекті мәселе. Биыл жауынгерлерді тамақтандыруға арналған конкурстарға 200-дей фирма қатысты. Нәтижесінде әскери институттардың көпшілігі сол 650-900 теңге көлемінде тамақтандыруды ұсынған фирмалармен келісімшартқа отырды. Бұл дұрыс емес. Менің ойымша, әскерилерді тамақтандыру үдерісін «Мемлекеттік сатып алу» туралы Заңның аясынан шығару қажет. Мен осы мәселелерді көрсетіп, Үкімет басшысына хат жолдадым», деді С.Жасұзақов.

Бұл жауапты естіген Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко Отан қорғаушылардың жағдайларына байланысты үнемділік пен қитұрқылыққа жол беруге болмайтындығын ашық айтты. Тіпті, Әскери доктринада көрсетілген міндеттерді бұрмалауға немесе орындамауға негіз жоқ екендігін ескертті. 

– Жауынгердің күнделікті тамағының құрамы, құнарлығы ескеріліп, ақшасы есептелген болса, артық-ауыс әңгіменің не керегі бар? Сарбаздар сол бөлінген 1225 теңгеге толыққанды тамақтануы тиіс. Бұған дейін оқушыларды тамақтандыру мәселесі ушығып, бір шешімге келгенбіз. Енді міне, жауынгерлерді де соған ұрындырып отырмыз. Ертең осы мәселенің ауруханаларға көшпесіне кім кепіл? Тағамның бағасын түсіре-түсіре құнарын азайтып, сарбаздардың құр әшейін тоқ жүрулері үшін сабан шөп бергелі отырмыз ба? – деді В.Божко.

Бүгінде әлемдегі ең қуатты АҚШ әскерінде жауынгерлердің тамақтануына ерекше көңіл бөлініп, тұтастай ғылыми-зерттеу орталықтары жұмылдырылған. Тіпті, қатардағы жауынгерлер мен жоғары шенді офицерлердің өзі бір қазаннан ас ішеді. 

Көршілес Ресейде 2011 жылы жауынгерлерді тамақтандыру саласы бәсекелестік ортаға берілген соң сапасы арта түскен. Қазір ресейлік сарбаздар «швед үстелі» үлгісімен тамақтанып, дастарханнан таңдағандарын алып жейді. Ал құнары әлемдік сарбаздар асханасының көш басына шықты. 
Әлемдік тәжірибеде сарбаздарды тамақтандыруда жыл мезгілдері, ауа райының ерекшеліктері есепке алынады. Құнарлы тағам демекші, еліміз үшін ұлттық ерекшеліктеріміз ескерілсе де артық емес. Жауынгерлерге күнделікті қазы-қарта берілмесе де, ботқа мен басқа тағамдардың құнарын қадағалап отыруға шамамыз жете ме?

Енді Парламентің қарауындағы «Мемлекеттік сатып алу» туралы заңның екінші оқылымында депутаттар ерекше назарға алатын мәселелердің бірі осы болмақ. Ал ведомстволар арасындағы хат алмасулар сарбаздарға азық болып жарытпайды. Құрғақ уәделер де ешқашан қарын тойдырмайды.

Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»